Жаңалықтар

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға ден қоюдың тиімді жүйесін құру қажет

Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов айтты
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға ден қоюдың тиімді жүйесін құру қажет
Фото: gov.kz 15.11.2022 16:31 1305

 Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды,деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы primeminister.kz сайты мәлімдеді.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, Қазақстанда жыл басынан бері 9 647 өрт тіркелді, онда 249 адам қаза тапты, 212 – әртүрлі дәрежедегі күйіктер мен уланулар алды. Қаза тапқандардың жалпы санының 107-сі (43%-ы) мас күйінде болған. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өрттердің 2,2%-ға, қаза тапқандар саны 18,6%-ға, жарақаттанғандар саны 40,8%-ға шамалы төмендеуі байқалды.

Адамдардың жарақаттануы мен қаза болу фактілерін болдырмау, сондай-ақ өрттен болған нұқсанды барынша азайту мақсатында ТЖМ биіктігі 10 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерді өрт сигнализациясы қондырғыларымен жабдықтау, сондай-ақ барлық газдандырылған үй-жайлардың газдануын талдауыштармен жарақтандыру жөніндегі талаптардың міндеттілігі бөлігінде тиісті өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда өрттің алдын алу және жою, көппәтерлі тұрғын үйлерден, әлеуметтік, мәдени-ойын-сауық, спорт және білім беру объектілерінен қауіпті техникалық құрылғылар мен кіріктірілген қазандықтарды шығару жұмыстарына қазіргі заманғы технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жылу, энергиямен қамтамасыз ету объектілерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ТЖМ-ның ерекше бақылауында тұр. Биылғы шілде-тамыз айлары аралығында қауіптің жоғары дәрежесіне жатқызылған 845 объектінің өртке қарсы жай-күйіне тексеру жүргізілді. 611 объектіде өрт қауіпсіздігі талаптарын 3 379 бұзушылық анықталды, 196 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ өңірлердегі ахуал жайлы Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады.

Премьер-Министр жалпы республика бойынша өрт оқиғалары мен одан зардап шеккендер пайызы төмендегенін атап өтті. Дегенмен, Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында және елордада өрт оқиғаларының саны өскен.

Оның айтуынша, көп жағдайда өртке қарапайым қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болады.

«Осыған орай, қауіпсіздік талаптарын сақтауға, өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Инспекциялардың өкілеттіктерін күшейту бойынша жұмыс жүргізу керек. Адамдар анықталған бұзушылықтарды жоюға және болашақта олардың алдын алуға өздері мүдделі болуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол автономды қазандықтарды тұрғын үйлерден қауіпсіз қашықтыққа шығару мәселесі осыған дейін бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. 

«Өңір әкімдері тиісті шаралар қабылдауы керек», — деді Премьер-Министр.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуді, әлеуметтік объектілердің жұмысын ерекше бақылауға алуды, сұйытылған газды сату кезінде талаптарды қатаңдату жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға