El.kz/Арман МҰХАТОВ

«Өрт пен өлімнің ортасында»: Өрт сөндіруші мен құтқарушының тәуекелге толы өмірі

19.10.2025 10:28

Астананың тыныштығы мен қауіпсіздігі - бейбіт өмірдің ең жарқын көрінісі. Бірақ сол тыныштықтың ар жағында түн ұйқысын төрт бөлетін, от пен түтінге қарсы жүретін бір мамандық бар. Олар - өрт сөндірушілер мен құтқарушылар. Бірі - жалынмен, бірі  ажалмен бетпе-бет келетін осы адамдардың жұмысы сырт көзге ерлік болып көрінсе де, олардың күнделікті өмірі - үздіксіз тәуекел мен тәртіптің мектебі.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар күні қарсаңында біз елордадағы №3 өрт сөндіру бөлімшесіне барып, бұл мамандықтың көрінбейтін қырларына үңілдік. Қызыл машиналар қатар тізіліп, әр минут санаулы жүйемен өтіп жатқан бөлімшеде тәртіп пен дайындық ерекше байқалады. Сол жердің тәжірибелі қызметкері Манарбек Сапаров бізге бұл мамандықтың шынайы бейнесін ашып берді.

Біз барған №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі - елорданың қауіпсіздігіне жауапты маңызды нысандардың бірі. Бұл бөлім 2009 жылы ашылған. Сол уақыттан бері талай оттың ортасында, талай төтенше жағдайда ел амандығы үшін алдыңғы шепте жүрген құтқарушылар осы жерден сапқа шығады.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қазір бөлімде барлығы 13 техника бар, оның ішінде 6 негізгі өрт сөндіру автокөлігі - әрбір шақыртуға алғашқы болып жететін сенімді серіктер. Қызметкерлердің жұмысы мен тынығуы үшін барлық жағдай жасалған: жоғары қабаттарда өрт сөндірушілер мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне арналған жатақхана орналасқан.

Мұнда күнделікті кезекшілікте тұратын мамандарға арналған жатын бөлмелер, психологиялық қолдау көрсететін арнайы кабинет және спорт залы бар. Себебі бұл мамандық тек физикалық емес, рухани төзімділікті де талап етеді. Кез келген шақырту - олардың өміріндегі жаңа сынақ, жаңа ерлік.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

«Бұл жай жұмыс емес, өмірлік таңдау»

Аға өрт сөндіруші Манарбек Сапаров бұл салада он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол өз мамандығын жай қызмет емес, өмірлік жол деп санайды.

Әскерден кейін мамандық таңдауда көп ойландым. Таңертең ерте тұрып, нақты іс атқаратын белсенді қызмет ұнады. Осылайша өрт сөндіру саласына келдім. Бұл мамандыққа жүрекпен келу керек. Өрт сөндіруші болу – мен үшін жай жұмыс емес, өмірлік таңдау, – дейді ол сабырлы да сенімді үнмен.

Сапаровтың айтуынша, өрт сөндірушінің бойында ең алдымен батылдық пен жауапкершілік болуы шарт.

Біз кейде бір секунд ішінде шешім қабылдаймыз. Өмір мен өлімнің шекарасында тұрған сәттер аз емес. Әуелде қорқыныш та болды. Бірақ уақыт өте келе оны жеңіп, команданың бір бөлшегіне айналасың. Біздің ұжымда сенім бәрінен жоғары - қиын сәтте ешкім жалғыз қалмайды, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

«Өрт кезінде әр секунд – адам өмірі»

Өрт сөндіру кезінде уақыттың бағасы алтыннан да қымбат. Бір секунд кешіксе - бір тағдыр үзіліп кетуі мүмкін.

Біз үшін әрбір секунд маңызды. Кейде өрттің қызған шағында бәрін ұмытып, тек бір оймен әрекет етеміз - адамды аман алып шығу. Өз өмірімізді тәуекелге тігеміз, бірақ басты мақсат - басқаның өмірін сақтау, – дейді Манарбек.

Оның есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – Қостанай облысындағы орман өрті.

Сол кезде бірнеше күн бойы тілсіз жаумен арпалыстық. Оттың қызуы, түтін, шаршау, ұйқысыздық – бәрі сынақ болды. Бірақ бізді алға жетелеген – бір ғана сезім: елдің амандығы. Бұл жұмыстың ең үлкен марапаты да сол, – дейді ол.

Техника жаңарды, бірақ тәуекел бұрынғыдай

Соңғы жылдары өрт сөндіру саласы айтарлықтай жаңғырды. №3 бөлімде қолданылатын көліктер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Бұрынғы техникамен салыстырғанда, қазір бәрі әлдеқайда тиімді. Мысалы, жаңа IFD жүйесі бар көліктеріміз 15 шаршы метр аумақтағы өртті жоғарыға құбыр тартпай-ақ сөндіре алады. Мұндай техникалар біздің жұмысымызды жеңілдетті, – дейді Сапаров.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Алайда ол бір нәрсені нақты айтады: «Қандай заманауи техника болса да, өрттің ортасына адам өзі кіреді. Тілсіз жауға қарсы жүрек пен ерік-жігер ғана төтеп береді».

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Күн тәртібі – тәртіп пен дәлдіктің мектебі

Өрт сөндірушілердің бір күні нақты ережеге бағынады. Таңғы сегізде қарауыл кезекшілікті тапсырады, одан кейін теориялық сабақтар, конспект жазу, практикалық жаттығулар мен нормативтер орындалады. Барлық құрал-жабдық күн сайын тексеріледі.

Бізде ұсақ-түйек деген болмайды. Әр құралдың орны, әр бұранданың қызметі белгілі. Өрт кезінде бір секундтық кідіріс қателікке айналуы мүмкін, сондықтан бәрі алдын ала пысықталады, – дейді Манарбек.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Өмірді құтқару – ең үлкен марапат»

Қауіп пен жауапкершілік - бұл мамандықтың басты серігі. Әрбір сөндірілген өрт, әрбір құтқарылған жан – олардың ерлігінің дәлелі.

Ең қиын сәттер – адамдардың қайғысын көру. Кейде бір отбасының үйі, бүкіл өмірі жалынға оранады. Бірақ сол адамдарды аман алып шыққан кезде бәрі ұмытылады. Сол сәт – бар еңбегіміздің өтеуі, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Манарбек төрт баланың әкесі. Күн сайын қызметке шыққанда балаларының амандығын, солар үшін еңбек ететінін ойлайды.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Біз батырлықты даңқ үшін емес, борыш үшін жасаймыз. Ең үлкен марапат – адамдардың «рахмет» деген сөзі, – дейді ол жылы жымиып.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
El.kz/Арман МҰХАТОВ

Манарбек Сапаровтың айтуынша, өрт сөндіруші болу – тек кәсіби дайындық қана емес, рухани төзімділікті де талап ететін өмір салты.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Менің әйелім мамандығымды өте жақсы түсінеді, әрдайым қолдау білдіреді. Ал балаларым әлі кішкентай. Кейде жұмысқа бара жатып, алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Бұл мамандықтың ең ауыр тұсы – сол белгісіздік. Қауіп бар жерде сен әрдайым тәуекелге барасың. Әрине, ондайдың бетін аулақ қылсын, бірақ үйге оралмай қалуың мүмкін екенін іштей түсінесің, – дейді ол байыппен.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Манарбек сөз арасында қызмет кезінде өмірін қиған әріптестерін де ерекше ілтипатпен еске алды.

Біз үшін Асқар Забикуллин мен Саят Абеев сынды батырлардың ерлігі – мәңгі үлгі. Олар өз өмірін өзгелерді құтқару үшін құрбан етті. Сол ерлік – біздің жүрегімізде, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Біз, өрт сөндірушілер, қоғамдағы әр адамның қолдауын ерекше сезінеміз. Көпшілік кейде біздің еңбекті байқамай қалуы мүмкін, бірақ әр жылы сөз, әр сенім – бізге үлкен күш береді. Сол үшін ел азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Бұл мамандықтың мәні – адам өмірін қорғау. Ал оны орындау үшін тек техника мен тәжірибе емес, халықтың сенімі керек. Біз сол сенімді ақтау үшін қызмет етеміз.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қызмет барысында қиындық көп, бірақ соның бәрі ұмытылып кетеді, егер бір адамның өмірі сақталып, бір баланың көз жасы тиылса. Сол сәт – бәрінен қымбат.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Өрт сөндірушілердің атынан барша қазақстандықтарға амандық, береке және қауіпсіз өмір тілеймін. Біз әрқашан дайынбыз – ел үшін, адам өмірі үшін, - дейді аға өрт сөндіруші Манарбек Сапаров.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Өрт сөндірушінің өмірі - ерлік, тәртіп және сенімге құрылған жол. Олардың әр күні – жаңа сынақ, әр сәті – жауапкершілік. Тілсіз жауға қарсы тұрып, өз өмірін қатерге тігетін осындай жандардың арқасында қоғам тыныш, ел аман.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

№3 өрт сөндіру бөлімінің мамандары үшін 19 қазан - жай ғана кәсіби мереке емес. Бұл – антқа адалдықтың, ел алдындағы борыштың және адам өмірін қорғауға арналған мәңгі серттің күні.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
El.kz/Арман МҰХАТОВ

 

Рамазан Женісұлы: Құтқарушы болу – өмірлік миссия

Рамазан Женісұлы - елордадағы Жедел құтқару жасағының жас та, тәжірибелі мамандарының бірі. Ол бұл салада 2021 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Қазір төртінші жылын өткеріп жатқан құтқарушы өз ісін нағыз азаматтық парыз деп біледі.

Рамазан бала кезінен біреуге көмек қолын созуға бейім болып өскен. Теледидар мен әлеуметтік желіден өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерлік істерін көрген сайын оның да жүрегінде сол мамандыққа деген құрмет оянған.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Кішкентайымнан біреуге көмектескім келетін. Төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын сырттай бақылап, қызығушылығым арта түсті. Кейін сол арманыма жеттім, – дейді ол күлімсіреп.

Мектепті бітірген соң колледжге түсіп, әскери борышын өтеген Рамазан 2021 жылы Жедел құтқару жасағына жұмысқа қабылданады.

Әскерден кейін көп ойланбастан осы мамандықты таңдадым. Бұл мен үшін жай ғана жұмыс емес, қоғам алдындағы міндетім, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Ауыр сынақтар мен жауапты сәттер

Құтқарушының жұмысы – күн сайын тәуекелмен бетпе-бет келу. Қауіпсіз аймақтан тыс, төтенше жағдайда шешім қабылдау оңай емес.

Бұл мамандықта батылдық пен жауапкершілік бірінші орында. Кейде бір қателік – адамның өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан біз әрдайым дайын болуымыз керек, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Рамазанның есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – Түркиядағы жойқын жер сілкінісі кезінде болған құтқару операциясы.

Ол миссияны ұмыту мүмкін емес. Қираған ғимараттардың астынан адамдарды іздеп, тірі қалғандарын алып шықтық. Кейде, өкінішке қарай, мерт болғандардың денесін табуға тура келеді. Ең ауыр сәт – баланың мәйітін көру. Бірақ сол сәтте эмоцияға ерік беруге болмайды. Біз үшін басты мақсат – мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалу, – дейді Рамазан үнсіз күрсініп.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Күнделікті қызмет – қырағылық пен тәртіп

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Құтқарушылардың жұмыс күні таңғы сегізден басталады.

Таңертең жұмыста міндетті жиын өтеді. Әр құтқарушы өз жабдықтарын, құрал-саймандарын тексереді. Кейін теориялық және практикалық сабақтар болады. Төтенше жағдай кез келген сәтте болуы мүмкін, сондықтан біз әрқашан дайын болуымыз керек, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Рамазан алғашқы құтқару операциясын да ерекше еске алады.

Сол күні кішкентай бала үйде қамалып қалған еді. Біз альпинистік құралмен терезеден кіріп, есікті ашып, баланы ата-анасына аман-есен тапсырдық. Сол сәтте өзімнің мамандығымның қаншалықты маңызды екенін сезіндім. Ол оқиға менің өмірімдегі алғашқы жеңісім сияқты болды, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

“Біз үшін ең үлкен марапат – бір адамның амандығы”

Құтқарушының айтуынша, бұл мамандыққа жай қызығушылық емес, шынайы дайындық пен рух керек. Себебі әр сәтте қауіппен бетпе-бет келу – өмір салтына айналады.

Әрбір шақырту – жаңа сынақ. Кейде өрт, кейде су тасқыны, кейде апат. Бірақ бәрінде де басты мақсат – адам өмірін сақтау. Біз бір команда болып, бір адамның өмірін құтқарсақ, сол ең үлкен марапат, – дейді ол.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қазір Рамазан Женісұлы – тек кәсіби маман ғана емес, өмірлік жауапкершілікті сезінген азамат. Жақында ғана отбасын құрған жас құтқарушы үшін отбасы да, ел алдындағы борыш та – қасиетті ұғым.

Үйде мен әке, жұмыста – құтқарушымын. Екеуінің де айырмасы жоқ. Екеуінде де сенім мен жауапкершілік керек, – деп аяқтады ол сөзін.