Орман өрттері өршіп тұр: Греция ЕО-дан көмек сұрады
Грекияның бірнеше өңірінде бір уақытта бес ірі орман өрті тіркелді. Ең ауыр жағдай ел астанасы Афинадан солтүстікке қарай небары 30 шақырым жерде орын алған. Осыдан кейін бұл аумақтан тұрғындарды жедел эвакуациялау шаралары басталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өртпен күресті қиындатып тұрған басты фактор — аптап ыстық болып отыр. Синоптиктердің болжамынша, демалыс күндері ауа температурасы 44°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.
Грекияның климаттық дағдарыс және азаматтарды қорғау министрі Яннис Кефалогианнис «Өрт сөндірушілер жарақат алды, адамдардың өміріне қауіп төніп тұр. Жеке меншік нысандар жанып кетті, орман алқаптары жойылды», - деп мәлімдеді.
Қатты жел мен ыстық ауа райы жалынды одан әрі өршітіп жатыр. Грекия Еуропалық Одақтың Азаматтық қорғаныс механизміне жүгініп, өртті сөндіруге арналған қосымша алты ұшақ жіберуді сұрады.
Аттика өңірінде, оның ішінде Афина маңындағы Дросопиги, Крионери және Агиос Стефанос елді мекендерінде сенбі күні басталған өрт тұрғындарды қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр еткен. Өрт әлі толық бақылауға алынбағаны мәлім болып отыр.

