Жаңалықтар

Өркениеттің ордасы болған Женд қаласы

Женд – ислам діні кең қанат жайған шаһар
Өркениеттің ордасы болған Женд қаласы
26.09.2017 17:01 11317

Сыр бойында орналасқан ортағасырлық Женд қаласы ислам дінінің кеңінен қанат жайған шаһары болған. Оған араб жазбаларында кездесетін деректер дәлел бола алады. Женд қаласы (кей деректерде Жент деп жазылады) туралы Йақұт әл-Хамауи әр-Руми есімді ғұлама өте құнды мәліметтер қалдырыпты. Оның жазбаларында Женд маңындағы әрбір тау-тастың атауы нақты жазылған. Әр-Руми Жендті Түркістан маңындағы ірі қала деп жазады. Қала Сейхун (Сырдария) өзенінің бойында жатыр. Мәуеренаһрдағы түркілер қоныстанған бұл үлкен шаһардың тұрғындары мұсылмандар. Олар Әбу-Ханифа мәзһабын ұстанады, - деп келтірілген деректе.

Женд – моңғолдар шапқыншылық жасағанға дейін Сырдағы басты қалалардың бірі болды. Онда беделі үстем мұсылман билеушілері өмір сүрді. ХІІ ғасырда Арал теңізі Женд деп те аталды. Бұл туралы белгілі “Жаһаннаме” шығармасында мысалдар келтірілген. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында бұл шаһарға моңғолдар билік жасаған кезеңдегі Орта Азияның, Қазақстанның тарихын алғаш жазған ғалымдардың бірі Жамал Қарши ат басын тіреген. Ғалым Женд қаласынан шапқыншылыққа дейін гүлденген құрылыстардың, мешіттердің орнының кішкене қыстаққа айналғанын көреді. Орта ғасырлардағы Хорезм жазбаларында Женд қаласы туралы мәліметтер жиі ұшырасады. Себебі, Хорезм билеушілері Сыр бойындағы қыпшақ, қаңлы, оғыз тайпаларымен ерекше байланыс орнатты.

Зерттеуші Бартольд Женд қалашығын Бұқара мен Хиуа аралығында жатқан көне Қышқаланың қираған орны деп топшылайды. Женд шаһары заманында жеміс-жидектің, азықтың мекені болған деседі. Мұнда табан тіреген жолаушылар жер жәннатына кіргендей күй кешкен екен. Бұл қала мәуелі бағымен, егістігімен көпшілікті тамсандырған. Сонымен қатар, Жент шаһары мәдениеттің де ордасы болған. Қаладағы медреселер мен мешіттер рухани ілімнің қайнары болса, ақындар мен ғалымдар, жезтаңдай әншілер мен өнерлі адамдар күн сайын жиын өткізіп, әсем шаһардың көркін қыздыра түскен.

Женд қаласы ислам дінін қабыл етпегендер үшін басқа да мұсылман қалаларымен бірлесе діни соғыстар жасаған. Қаланың өзі бірнеше жаугершілікті бастан өткерген. Шаһарды 1120 жылы Шыңғыс хан жаулап алды. Сол кезеңдері Жендті билеген Құтлығхан моңғолдарға қарсылық көрсетуге қауқарсыз болған еді. Моңғолдар билік құрған дәуірде Жент орташа қалалардың кейпінде ғана болды. Жошы хан жасаған жорықта Женд мекені майдан ретінде қолданылды.

Женд қаласы туралы деректер XIV ғасырдан кейінгі жазбаларда кездеспейді. Қазақ зерттеушілері болса, Женд шаһарының орны Қызылорда облысының аймағында деп болжайды. 2010 жылы жүргізілген қазба жұмыстары кезінде сол маңнан кеңдігі 60 см, түбі 30 см болатын құмыра табылған. Құмыраның ернеуінде мөр секілді таңбалық белгілері бар. Өмір сүру мерзімі IX-XV ғасырларды қамтитын Женд шаһарын зерттеу ғалымдардың қызығушылығын туғызып отыр. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының зерттеушілері бұл шаһардың сыр тұнған тарихын ашуға жұмыс жасап келеді.

Рухани орталық болған Женд қаласынан ұлы тұлғалар шыққан. Түрк-и Женди (Қожа Женди), Гийас Ад-Дин Әбу-л Маджид әл-Женди, әл-Халафи әл-Джанди, Махмұд ибн Сағид әл-Женди, Мұхаммед ибн Аййуб ибн Хасан ибн Насыр әл-Женди, Ала ад-дин ибн Хасан әл-Женди сынды көптеген ақын-шайырлар мен ғұлама ғалымдар Жендті мекен еткен. Бұл тұлғалардың арасында араб тілі грамматикасына байланысты бірнеше еңбек жазғандары бар. Мәселен, Ахмет әл-Жендидің “Әл-Ихлид” еңбегі басқа күрделі жазбаларды үйренуге ашылған жол деп айтылады. Мұндағы “ихлид” сөзі кілт деген мағынаны білдіреді. Бұл туынды “Әл-Муфассал” сынды күрделі шығарманы оқып үйрену үшін жазылған делінеді. Грамматикалық деректер, қасиетті Құран, хадистерден мысалдар келтірілген “Ихлид” түсіндірмесіне кейінгі ғалымдардың өзі жүгініп келген. Трактаттардың қыр-сырын ұғынуды жеңілдету үшін мұндай еңбектер өте қолайлы болған. Ғалымдардың трактаттары әлі күнге дейін оқылып жүр.

Женд қаласы бір кездері асыл дініміз - исламның қанат жайған ордасы болған. Жер бетінде төбешік болып қана қалғанымен, бұл қаланың орнында көне заманның іздері жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға