Жаңалықтар

Оразкүл Асанғазықызы: Мектеп директорлары оқушыларының қазақ тілін үйрену деңгейі жөнінде есеп берсін

Оразкүл Асанғазықызы: Мектеп директорлары оқушыларының қазақ тілін үйрену деңгейі жөнінде есеп берсін
10.10.2019 19:35 3265

Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғам белсенділерінің тіл мәселесі төңірегіндегі ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел басында «Қоғамдық келісім» РММ директоры С. Мажитов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты О.Асанғазы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ғалым-хатшысы А.Фазылжанова, «Ситуативный Казахский» кітабының авторы, ғалым Қ.Тасыбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ш. Пулатов, Астана қаласы ҚХА-ның Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, профессор Ә.Әлпейісов сынды тіл жанашырлары бас қосып, өз ойларын ортаға салды. 

Тіл мәселесін жастар көтеруі керек

Қоғам белсенді. Бүгін де, дөңгелек үстел басында жастар, әсіресе, өзге этнос жастары, мемлекеттік тілді үйренуде мәселе бар екенін жасырмады. 

«Біз қазақ тілін білмейтін қазақтан сұқбат алмауға тырысамыз» дейді әлем чемпионатында қазақстандық спортшыларды қазақ тілінде таныстырғанда рухым судай тасыды деген жаны қазақ журналист, орыс қызы Алла Гаврина. Оның сөзін қолдай түскен ұлты украин Юлия Лагуткина мемлекеттік тілді жас ұрпақтың санасына бала жастан сіңіру үшін мемлекеттік балабақшалардың барлығын қазақ тіліне көшіру керек деген ұсыныс білдірді.

«Ассамблеяның кезекті сессияларының бірінде сөз сөйлеген өзге ұлттың баласы мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке қабылданбасын деген ұсыныс айтқан еді. Біз жастардың елжандылығын көргенде, қуанамыз, қолдаймыз. Мемлекеттік тілдің мерейін, мәртебесін көтеруге осы жастардың атсалысуына мүмкіндік беруіміз керек. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін жастарды насихат жұмысына тартып, әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында дәріптеуіміз керек», - дейді жастардың шынайы сөзіне риза болған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазықызы.

Оразкүл Асанғазықызы: Мектеп директорлары оқушыларының қазақ тілін үйрену деңгейі жөнінде есеп берсін

«Өкініштісі сол, біздің елге келген кейбір қонақтар біздің қай тілде сөйлеп, қалай амандасатынымызды да білмейді. Себебі, біз сөз атасы сәлемнің өзін орыс тілінен бастаймыз», - деген қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы қазақ тілін үйрену қиын дейтіндердің сөзі күмәнді екенін айтты. 

«Әлемде үйренуге жеңіл төрт тіл болса, соның бірі қазақ тілі. Қазақ тілінің лингвистикасы орыс тілінікінен бір мысқал да кем емес. Бұл ғалымдардың еңбектерінде де дәлелденген. Ендеше, тілді 30 жылдан бері ұлттық мәселе етуіміздің себебі неде?», - деген тіл жанашыры Тіл туралы заңға өзгеріс енгізетін уақыт жетті дейді. 

«1989 жылы қазақ жалпы халық санының 40 пайызын ғана құрады. 1997 жылы 11 шілдеде заң қабылданған уақытта біздің санымыз 60 пайызға жетті. Бүгін тәуба, мемлекет құрушы негізгі халық ретінде санымыз 68 пайызға жетті», - деген қайраткердің айтуынша, мемлекеттік тілдің мәселесін этнос жастары айтуы керек. Осы арқылы ғана өз тілін үйренуге мойны жар бермей жүрген орыстілді қазақтардың ар-ұятын ояту мүмкін болады.

Мемлекеттік тілді үйренуге барлық мүмкіндік жасалған. Ыңғайлы болуы үшін тіл үйрету әдістемесі ұялы телефонға арнайы қосымша ретінде жазылып та қойылған. «Мемлекеттік қызметке қабылдаудың бір шарты ретінде мемлекеттік тіл білуін талап ету керек. Мен мемлекеттік қызметке өту үшін тапсырылатын тест кезіндегі қосымша ретіндегі қазақ тілінің сынамасын айтып отырған жоқпын. Ол жерде қазақ тілі білімін нөл болса да, оның нәтижесін ешкім есепке алмайтындығы жасырын емес», - деген Оразкүл Асанғазықызы өзгерісті білім беру жүйесінен бастауды ұсынды. 

«Кеңес кезінде «Ұлттық мектептердегі орыс тілі» деген қаулы болды. Мектеп басшылығы осы қаулы бойынша есеп беретін. Бүгін де осындай жүйені енгізу керек. Мектеп директорлары оқушыларының қазақ тілін үйрену деңгейі жөнінде есеп берсін»,- дейді Оразкүл Асанғазықызы. Сондай-ақ, қоғам қайраткері қазақтілді контенттердің санын көбейту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Қазақстанның Youtube нарығында қазақ тіліндегі саусақпен санарлық балалар мультфильмінен орыс, ағылшын тілдеріндегі өнімдердің саны бірнеше есе артық. Біз осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. 

Біз ұлттық мемлекетпіз!

«Тіл, діл, дін - мемлекеттің, ұлттылықтың белгісі, осы үштаған», - дейді Астана қаласы ҚХА-ның Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Әміржан Әлпейісов. Ол мемлекеттік тіл мәселесін мемелекет деңгейінде көтеріп, нәтижеге қол жеткізген екі елдің тәжірибесін мысал ретінде келтірді. «Еврей халқы өз діндерінің негізінде өліп қалған көне тілдерін тірілтіп, мемлекет құрды. Ал малай халқы тәуелсіздігін жариялаған уақытта оның мемлекет құрушы халқының саны 32 пайыздан аспаған. Елде оннан астам этнос өкілдері болды. Олардың ортақ тілі болмады. Малай үкіметі не істеді деп ойлайсыздар. Олар ағылшын тілін пайдаланды, бірақ оған статус берсек ана тіліміздің деңгейін көтере алмаймыз деді. Сондықтан он жылға заң қабылдады. Сол уақыттың ішінде бірінші кезекте балабақшаларды, кезең-кезеңмен бастауыш сыныптарды, кейін барлық жалпы білім беру мектептерін малай тіліне көшірді. Малай тілін білмейтін азаматтарды мемлекеттік қызметке жақындатпады. Осылайша, малай тілінің мемлекеттік тіл статусын бекітті», - дейді Әміржан Әлпейісов.

Оразкүл Асанғазықызы: Мектеп директорлары оқушыларының қазақ тілін үйрену деңгейі жөнінде есеп берсін

Тіл жанашыры қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріле алмауына оның қажеттілікке ие бола алмай отырғандығы себеп дейді. «Қазақ тілін білмейтін адам далада қалып жатқан жоқ. Қазақ тілін білмесең де адам боласың, қызметте өсесің», - деген ол мемлекеттік тілдің қажеттілігін артыру үшін жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік емтиханға қазақ тілі білімін қосу керек дейді. Сондай-ақ, қоғам белсендісі аймақтардағы Қоғамдық келісім кеңестерінің күн тәртібіне мемлекеттік тіл мәселесі мен Рухани жаңғыру бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылауға алуды енгізуді ұсынды.

Қазақ тілін үйрену оңай!

«Қазақ тілі жоғалса, қазақ халқы жоғалып кетеді. Халықтың тұтастығын, мемлекеттің тұрақтылығын сақтау үшін де қазақ тілінің қажет екенін барлығы түсінеді. Тілді үйрену қиын дегенмен келіспеймін», - дейді елу жастан асқаннан кейін ғана қазақ тілін үйренуге ден қойған «Ситуативный Казахский» еңбегінің авторы, «Мәміле» клубының жетекшісі Қанат Тасыбеков.

Оразкүл Асанғазықызы: Мектеп директорлары оқушыларының қазақ тілін үйрену деңгейі жөнінде есеп берсін

Ол тіл үйренудегі өз тәжірибесімен бөлісті. Тіл үйрену барысында неден қиналғанын, нені түсінбегенін айтты. Оның айтуынша, адам өзіне қажетті нәрсені тез үйреніп, меңгеріп алады. «Мәселен, ағылшын тілін тез үйренеміз. Біздің халық Түркияға барса, екі айдың ішінде түрік тілінде сөйлеп кетеді. Ал қазақ тілін он жыл Қазақстанда тұрса да, үйрене алмайды. Қажеттілік деген осы», - дейді Қанат Тасыбеков. 

«Жетектеген түлкі тазы алмайды» деген спикер қазақ тілін өзге ұлттар мен орыстілділер өз қалауларымен үйренуі үшін халықтың ұлттық құндылықтарын көбірек дәріптеп, тарихын насихаттау керек дейді. «Қазақтың үлкен адамдармен, әйел адаммен, баламен сәлемдесуінің өзі ерекше. Қазақтың тілі сұлу да бай. Біз тек оны өзге ұлттар мен орыстілділерге ұғынықты етіп жеткізе білуіміз керек», - дейді ол.

Қазақ бауырына басқан өзге ұлт өкілдерін «тамырым» деді

«Эшелондық мәдениет кезеңінде қазақ жеріне түрлі ұлт өкілдері келді. Патша заманында келген орыстардың барлығы қазақ тілінде тез бейімделіп сөйледі. Егер зерттеулерді зерделер болсақ, тек тың игеру кезінде келген өзге ұлт өкілдері ғана қазақ тілінде сөйлемеді. Себебі, бұл уақытта Кеңес Одағының идеологиясы соған сай болатын», - деген Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова қазақ халқының ерекешелігі оның толеранттылығында дейді. 

Оразкүл Асанғазықызы: Мектеп директорлары оқушыларының қазақ тілін үйрену деңгейі жөнінде есеп берсін

«Толеранттылық барлық елде бар. Ол жеке-жеке көрініс береді. Ал қазақта жаппай байқалады. Қазақ болып тудың ба, толерантты болып туасың», - дейді Анар Мұратқызы. Ұлт толеранттылығы бұған дейін де айтылып келген мәселе. Алайда, Анар Мұратқызы бұл мәселеде қазақ ұлтында бар тамырластық институтын дәлел ретінде келтірді. Оның айтуынша, сонау қазақтың өзі үзім нанға зар болып отырған алмағайып заманда өзге ұлттарды өзегінен теппей, бауырына басуына осы тамырластық әсер еткен болуы керек. Көне сақ әскерлерінің арасында болған тамырластық біздің заманымызға дейін түрлі трансформациядан өтіп, түбін сақтап жетіп отыр. 

«Сақ дәуірінде әскерилер бір-бірімен ынтымақтастықта болу үшін тамырларын тіліп, тостаған сүтке қандарын тамызып ішкен. Тамыр достан да берік болуды білдіреді. Сақтар дәуірінен қалған тамырластық институты қазақ қоғамында өлген жоқ. Мысалы, ауыз тамыр, дос тамыр, қарға тамыр дейді. Қазақтың бәрі бір-біріне қарға тамыр. Қарға үйірімен жүретін құс. Эшелондық мәдениет қалыптасқан кезде қазақ жеріне түрлі ұлттар көшіріліп әкелді дедік. Олар осы тамыр институтының арқасында аман қалды. Қазақтар оларды далаға тастамай, «тамырым» деп үйлеріне бөліп алып кеткен», - дейді Анар Мұратқызы. 

Анар Фазылжанова сондай-ақ, ғылымның қазақ тілінде сөйлемейтіндігіне қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, бүгінде гуманитарлық ғылымнан өзге білім институттарының барлығы дерлік орыс тілінде есеп береді. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің аздығы да көңілге кірбің келтіреді. Бұл қазақ тілін үйренудің қолжетімділігін шектейді дейді ол. 

Анар Мұратқызы сонымен қатар, қазақтілді IT мамандарының имиджін көтеру, қазақтілді табысты кәсіпкерлердің пулын қалыптастыру туралы мәселе көтерді. «Бизнес сауат жөнінде қазақ тілінде зерттеу жұмыстарын жазып жүрген Бақытжан Бұқарбай есімді өзіміздің «Стив Джобсымыз бар». Міне, осындай азаматтардың еңбегін таратып, елге үлгі ету керек», - деген Анар Мұратқызы қазақ тілін насихаттауда өзге ұлт өкілдерінен құрылған еріктілерге күш салуымыз керек деді. 

Жиында латын тілінде жасалып жатқан жұмыстар да сөз болды. Келелі кеңеске қатысушылар елдің болашағы латын тілінде дейді. Себебі, латын қарпіне ауысқаннан кейін барлығы бірдей қазақша ойлап, жазуға көшеді. 

Жиын соңында «qazlatyn.kz» интернет жобасы таныстырылды. Бұл порталда берілген сілтеме арқылы кириллицада жазылған кез-келген көлемдегі құжатты, тіпті сайт контентін латын қарпіне аударуға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, оның ұялы телефонға арналған қосымшасы да бар.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға