Жаңалықтар

Ораза кезінде дұрыс тамақтанудың тәртібі қандай? Диетолог жауап берді

Ораза кезінде дұрыс тамақтанудың тәртібі қандай? Диетолог жауап берді
Фото: Коллаж El.kz 11.03.2024 09:00 3520

Рамазан – мұсылмандар асыға күтетін қасиетті де берекелі ай. Бұл айда балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз болып саналады. Десе де күні бойы аш жүру адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін бе? Жалпы оразаны қалай дұрыс ұстау қажет? Бұл туралы диетолог маман Гүлбала Есенбекқызы El.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтып берді.

El.kz: Гүлбала Есенбекқызы, алдымен оқырмандарымызға ораза ұстау үшін алдын ала қандай дайындық жасау керек екені жайлы айтып берсеңіз.

Гүлбала Есенбекқызы: Әрине, ораза ұстау міндетті түрде дайындықты қажет етеді. Гастрит, панкреатит, асқазанның ойық жарасы, темір тапшылығы анемиясы ауруына шалдыққан, қант диабетінің бірінші, екінші типі бар, өтінде тасы бар, гемоглобины алпыстан төмен, ферритиннің деңгейі оннан төмен адамдарға мүмкіндігінше ораза ұстамаған дұрыс. Мұндай кезде дәрігердің кеңесі қажет болады.

Ал енді біз оразаға қалай дайындаламыз? Алдымен ағзаны тексерістен өткізіп, жетіспейтін дәрумендерді ішу, алдын ала тамақтың мөлшерін азайту керек. Мәселен, бес мезгіл емес, үш мезгіл тамақтанып, өзіңіздің асқазан-ішек жолыңыздың жұмысын реттеуіңіз қажет.

Одан бөлек ораза ұстау кезінде сіздің басыңыз айналып, көзіңіз қарауытуы мүмкін. Оның барлығы ораза ұстап жатқан кезде кері әсерін тигізуі ықтимал. Сол үшін міндетті түрде алдын ала дайындалу керек.

El.kz: Сәресі уақытыенда қалай тамақтанған дұрыс?

Гүлбала Есенбекқызы: Таңертең аш қарынға 500 мл су ішіп алған жөн. Тек 10-15 минут уақыт өткеннен кейін барып тамақтану керек. Сондай-ақ түйенің сүтін, саумалды ішетін болсақ, ол біздің ағзамызға мол пайдасын тигізеді. Ал тамақтан құнарлы, ақуызға бай етті, қазыны, котлет, тефтели, фрикадельки, манты жеген абзал. Оның қасына міндетті түрде рукола, редиска, ащы қырыққабат (квашеная капуста), қияр, салат жапырағы, аскөк (укроп), ақжелкен (петрушка) сынды жасыл түсті көкөністерді қосу керек. Ол ішіп-жеген тамағымыздың сіңімділігін арттырады. Осындай тамақты жеген адам күні бойына өзін сергек сезінеді.

El.kz: Кей адамдарға таңғы уақытта ас батпайды. Сондай жағдайда не істеу керек?

Гүлбала Есенбекқызы: Таңғы асты, яғни орада кезінде сәресіні міндетті түрде ішу керек. Себебі біз күш-қуатты тамақтан аламыз. Сондықтан ең бастысы тамақ сапалы болуы қажет. Таңертең күрделі көмірсуға бай күріш, қарақұмық, сұлыны және ақуызға бай жұмыртқаны тұщытылған майға немесе қойдың құйрық майына қуырып жеген пайдалы. Сонда ас та тез қорытылады, іш қату мәселесі де болмайды.

El.kz: Ал ауыз ашарда қандай ағамдар жеген жөн?

Гүлбала Есенбекқызы: Ауыз ашатын уақыт жеткенде 500 мл жылы суды асықпай ішіп алу керек. Су ішкеннен кейін бірден тамақтануға болмайды. Себебі адамның өті, асқазан-ішек жолы жұмыс істеуге реттеліп алуы керек. Ораза ұстаушыға шамамен 10-15 минут сыртта жүріп қайтуына, намазхандарға намазын оқып алуына болады. Белгілі бір уақыт өткеннен соң жеңіл тамақты, яғни күріш, бұршақ, жасымықтан қайнатылған сорпаны, маш көжені ішуге болады. Оның қасына жеңіл ақ етті, балықтың, тауықтың етін, көкөністерді қосқан дұрыс. Кешкі ас жеңіл болуы керек, күрделі көмірсуы бар ауыр тамақты жемеген жөн. Өйткені аз уақыттың ішінде сәресін ішетін уақыт жақындайды. Сол кезге дейін ауызашарға жеген тамағыңыз толыққанды қорытылып үлгермейді.

El.kz: Ораза ұстап жүргендерге қандай тамақтан уақытша бастартқаны дұрыс? Ұннан жасалған тамақтарды, тәттілерді жеуге бола ма?

Гүлбала Есенбекқызы: Жоғары сұрыптағы ұннан дайындалған бәліш, бауырсақ сияқты тамақтарды шемішке майына қуырып пісіретін болсаңыз, оны көп мөлшерде жесеңіз, ол ағзаға зиян болады. Ал егер оның тек 1-2 данасын ғана жесеңіз, ештеңе етпейді деп ойлаймын. Жалпы жоғары сұрыптағы ұнды арасында екінші, үшінші сұрыптағы ұнға алмастырып, тамақ әзірлеуге болады.

Мүмкіндігінше, құрамында маргарині бар шоколад, торт, пирогтан бастартқан абзал. Себебі ол біздің ағзамызға ауыр болады. Ораза уақытында ағзамызға демалыс беру маңызды.

El.kz: Адамдар ораза кезінде қандай қателікті жиі жіберіп жатады?

Гүлбала Есенбекқызы: Ең бірінші қателік – ораза ұстаушылардың таңертең сәресіне тек су ішіп ұйықтап қалуы. Ол адамның күні бойы күйзелісте жүруіне, өзін әлсіз сезінуіне әсер етеді. Сондай-ақ болашақта шаштың түсуіне, тырнақтың сынуына, көру қабілетінің нашарлауына, терінің құрғауына, іштің қатуына алып келуі әбден мүмкін.

Ал екінші қателік – кешке ауыз ашқан соң шамадан тыс, тоқтаусыз тамақ жеу. Кейбір адамдар майлыны да, тәттіні де араластырып жей береді. Бұл асқазанның жұмысына салмақ салады, сонымен қатар ағзада улану процесінің пайда болуына әкеп соқтырады. Содан адамның құсып, іші өтуі мүмкін.

El.kz: Күні бойы аш жүру адам ағзасына қалай әсер етеді?

Гүлбала Есенбекқызы: Адам оразада сәресіде және ауыз ашатын уақытта тамақтанатындықтан, күні бойына асқазан-ішек үзіліс алады. Бір жылдың 11 айы бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін асқазан қайта бір ай бойы демалып қалады. Біз өзіміз еңбек демалысына шыққандай, асқазанымызға да демалыс беру өте маңызды.

Егер ораза ұстаушы жоғарыда атап кеткен талаптарды орындаса, оның беті ағарып, тазарып, өзін жеңіл сезініп, ағзасындағы шлак, токсин, артық су, тұздың барлығы кетеді. Осылайша ол денсаулығын ретке келтіріп алады.

Ал мүлде дайындалмаған, денсаулығында кінараты бар адамдар ораза ұстайтын болса, екі есе күйзеліске түседі.

El.kz: Оразаны диета деп ұстайтын адамдар бар. Оны салмақ тастаудың бір әдісі ретінде қарастыру қаншалықты дұрыс?

Гүлбала Есенбекқызы: Бұл – 100% қате түсінік дер едім. Себебі ораза ұстау – Алланың берген парызы. Ораза кезінде адам тамақты түнде жейді, ал арықтағысы келетіндер салмақ тастауы үшін күндіз тамақтануы тиіс.

El.kz: Ораза кезінде ауыз ашқаннан кейін темекі шегуге бола ма?

Гүлбала Есенбекқызы: Ораза кезінде адам ағзасына зиян келтіретін дүниелерді жасауға болмайды. Бірақ мен болмайды деп айтқаныммен, оны әдетке айналдырып алғандар бар ғой. Қасиетті Рамазан айында ораза ұстайтын адамның ағзасы таза болуы қажет.

El.kz: Өмірінде бірінші рет ораза ұстауға ниеттеніп отырған адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

Гүлбала Есенбекқызы: Алғаш рет ораза ұстайтын адамдар толыққанды ағзасын тексерткені дұрыс. Ағзасына жетіспейтін дәрумендер болса, соның орнын толтыру керек. Күні бойы оразадамын деп жатпай, әдетке айналдырған шаруаларымен айналыса бергені жөн. Себебі уақытын тек ұйықтау, жатумен өткізген адамның ағзасындағы зат алмасу процесінің жұмысы нашарлап, артық салмақ қосуына алып келуі мүмкін.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға