Жаңалықтар

Ораза адамның денсаулығын құртып, бұзатын құлшылық емес – имам

Ораза адамның денсаулығын құртып, бұзатын құлшылық емес – имам
Фото: Pixabay.com 12.04.2023 09:00 2021

Ислам діні негізінен бес қазыққа байланады. Біріншісі – Аллаға сену, екіншісі – күнделікті бес уақыт намаз, үшіншісі – қасиетті рамазан айы келгенде бір айлық ораза ұстау, төртіншісі – бай-қуатты адамдар зекет беру және бесіншісі өмірінде бір рет қажылыққа бару. Соның ішінде, ораза өзінше дара парыз. Десе де, барлық құлшылыққа, жаратқанға сенім ең әуелгі бірінші парыз екенін имам Нұрлан Байжігітұлы тілге тиек етті.

Ауыз бекіту және ауыз ашу уақытпен болады, тамақпен емес

Имам ауыз бекіту, ауыз ашу тамақпен емес, уақытпен болатынын айтты. Айтуынша, ниет ең әуелі жүрекпен айтылады.

Яғни, «жүрекпен ниет еттім Жаратқанның ризалығы үшін ораза ұстауға» деп ниет қылса, мұның ниеті болады. Ал сәресіне тұрған кезде ниет айтпаса да, бұл ниеттің үкіміне өтетіндігін тілге тиек етті. Ниет етілгеннен кейін ауыз ниетпен байланбайды. Ауыз ниетпен жабылмайды. Бұл уақыттың кіруімен есептеледі. Яғни, таңның атысынан кештің батысына дейін ниет етеміз. Таң біліне бастаған сіздің аузыңыз жабылады. Ал кешке күн ұясына батқанда ауыз ашылады. Демек, ауыз бекіту және ауыз ашу уақытпен болады, тамақпен емес. Осыны дұрыс түсіну керек, – деді.

Жүкті әйелге ораза ұстау парыз ба?

Бұдан бөлек, Нұрлан Байжігітұлы жүкті әйелдердің ораза ұстауына қатысты пікірімен бөлісті. Имам қыз-келіншектер аяғы ауыр болған сәтінде ораза ұстаса, сол адамның денсаулығына зиян келуі мүмкін екенін жеткізді. Яғни, ораза ұстамас бұрын міндетті түрде дәрігерлерден кеңес алғаны дұрыс деп есептейді.

Шариғатымызда денсаулығында кінәраты бар немесе оразаны көтере алмайтындар туралы айтылған. Ал қыз-келіншектер аяғы ауыр бола тұра, ораза ұстайтын болса, оның ішіндегі бөбесіне зиян келуі әбден мүмкін. Нәзік жандыларға айтарым, ораза ұстамас бұрын баланың ризық несібесін кемітпей, денсаулығын күтіп, баланы босанғасын 40 күн тазарып, оны екі жыл емізіп, содан кейін ғана ұстауға ниет еткені дұрыс, – дейді.

Сондай-ақ, имам әйел адам өмірде белгілі себептермен оразаны біраз уақытқа дейін ұстай алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда жаратқан алдында кешірілуі ықтимал екенін айтты.

Неге? Себебі әйел адамның өмірі осындай. Міне, ұстаймын дегенде бала көтереді. Ол кезде де орзаны ұстай алмайды. Сондықтан Алла бұған рақымдықпен қарайды. Яғни, ораза деген адамның денсаулығын құртып, бұзатын құлшылық емес, – деді имам.

Ауызашарда немесе ауыз бекітерде дәретті болу шарт па?

Имам «ауыз бекіткен адам ауыз ашатын кезде дәретті болу шарт» деген елдің арасында жүрген сөзге қатысты ойын айтты.

Кейбірі намаз оқымаса да, ораза ұстаған соң ауызашар уақытында және ауыз бекітер кезде дәрет алып қана ауыз ашып жүр. Ондай бұйырық жоқ. Дәретіңіз бар болса да, жоқ болса да ауызды бекітіп және аша бересіз. Ал дұға оқитын кезде елдің бәрі тұрып, яки отырып немесе құбылаға бұрылуды әдетке айналдырып бара жатырмыз. Қалай ыңғайлы, солай жасай беріңіз. Демек міндетті түрде су ішетін уақытта тұрып жасаудың қажеті жоқ. Бұл жаратқанға дұға болғандықтан, әр адам өзінің ниетін айтқаны дұрыс. Өйткені, ауызашар мен ауыз бекітер уақыт дұғалардың қабыл болатын сәті, – дейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға