Жаңалықтар

Оранды, әншілікті тастады. Дінге бет бұрған эстрада жұлдыздары кімдер?

Оранды, әншілікті тастады. Дінге бет бұрған эстрада жұлдыздары кімдер?
Фото: instagram.com 08.08.2023 16:00 29720

Қазіргі таңда кейбір әншілер өнерін тастап, дін жолына бет бұрып жатыр. Әншіліктен алыстаған әнші жігіттер сақалын өсірсе, қыздар хиджабқа оранып алған.  El.kz ақпарат агенттігі дінге бет бұрып, өнерді тастап кеткен әншілерді тізбектеп көрді.

Көпшілікке ”КешYou” тобы арқылы танымал болған Айдана Меденова соңғы кездері сахнадан көрінбей кетті. Енді тіпті ән айтқысы жоқ. Бұған себеп, әншінің оранып, дінге бет бұруы болып отыр. 

Жоқ, ең қызығы, тіпті әнді тыңдамаймын да. Жалпы, басында маған қиын болады деп ойлағанмын. Сөйтсем, керісінше, Алла маған жеңілдік сыйлады. Өзіммен өзім еш қиналмастан музыкадан жырақтап кете бардым. Алла ұлық, ниетіңе қарай, бір секундта адамның жағдайын өзгерте салады екен, - дейді Айдана Меденова.

Айдананың әлеуметтік желісіндегі парақшасына әлі де әншілігі туралы сұрап, «Өлеңіңізді айтып жүргеніңіз дұрыс еді», «Бұрынғы Айданамыз жақсы еді», «Өмірді осылай өткізе ме екен? Әншілігі қайда?» деп жазатындар көп.

Ал «Ағайынды Жүгінісовтер» тобында ән айтып танылған Рүстем Жүгінісовке күні кеше ғана Instagram-да «Мирас Жүгінісовпен фит жазу ойыңыз бар ма?» деген сұрақ қойылды. Ол әлеуметтік желідегі оқырмандарына қазір өзінің әнші емес екенін айтты.  

Күлейін бе, жылайын ба? Мұндай сұрақтар қоймағалы біраз болған еді, негізі. Сіздер білесіздер ме, мен ән айтпай, әнді тастағаныма екі жыл болғанын. Мына түріммен қалай мен Мираспен фит жазамын. Болды, мен басқа жолды таңдадым. Мен әнші емеспін қазір, сондықтан да біліп жүріңіздер, Мираспен фит жазбайтынымды, - дейді ол.

Дін жолына кеткен әншілердің қатарында Батыр Байназаров та бар. Ол кезінде «Ринго» тобынан діни ұстанымына байланысты шығып кеткен.

Еске сала кетсек, ол бұл шешімі туралы «Если честно» бағдарламасына берген сұхбатында айтқан болатын.

Біз топ болып құрылғаннан кейін өз мақсатымыз бен мүддеміз болды. Бұл жауапкершілікті барлығымыз бірдей сезіндік. Егер осы 15 жыл ішінде топтан жырақтап неге кетпеуімнің себебін сұрасаңыз, оның мәнісі осында. Яғни, қазір бұл топ алға қойған бірнеше мақсатты еңсерді, өсті дегендей. Енді менің жекеге кетуіме әбден болады. Қазір ондағылардың әрқайсысының өз алдына айналысатын жобасы да бар. Мысалы, Даниктің «Сарын» деген жобасы бар, ол оны қатты жақсы көреді. Аянаның жеке кәсібі бар. Әділ ән жазып, бейнебаян түсірумен шұғылданады. Жалпы, мен 34 жастамын қазір. Осы жасқа келгенімде мен алғаш рет өзім туралы ойладым. Сол себепті топтан кету туралы шешім қабылдадым, - деді ол.

Сондай-ақ Батыр сол кезде-ақ әншіліктен алыстауына діннің қатысы бар екенін атап өткен.

Менің топтан кетуіме діни ұстанымымның әсері бар. Ислам туралы сөз қозғау үшін, ең құрымағанда исламның негізі туралы білімің болуы керек. Маған бұл тақырыпта сөйлеу қиындау деп тұрғаным содан.., - деді Батыр Байназаров.

Бүгінде Батыр Байназаровтың өзі де, әйелі Әсел Жамақаева да өнерден алыстап, дінге бет бұрған.

Қанай лақап атымен танымал әнші Нұрболат Қанай да кезінде сақалын өсіріп, дінге бет бұрған екен. Бұл туралы әнші Taboo бағдарламасына берген сұхбатында айтып қалды.

Ол өнерді қойған кезде жанымның рақатын сезінгеніндей болдым дейді.

Дүниенің дүние екенін көріп, тақуалығым оянып, ауылда сөйтіп жүрдім. Жұмыс, үй, мешіт болып жүрді. Дінге толық бес жыл берілдім. Дөнерде жұмыс істедім. Намаз оқитындар телефонда жұмыс істейді. Сол кезде тіршілік көзі - дөнер мен базарда телефон жөндеу. Содан кейін бір күні кассада отырып, «неге жақсы көретін іспен айналыспаймын?» дедім. Несиелерімді жауып, қарыздарымнан құтылып, ең соңында елу мың теңгем қалды. Алматыдан сатып алған қоңыр сөмкем бар. Көзіме көрінген киімдерді жинап алып, «әке-ана, кеттім» дедім. Сақалым дәу болды. Ұстап тұрсам, тағы шығып тұратын сақал болды. Әке-шешеме «теріс жолда жүрген жоқпын, мұсылманның сипаты, қорықпаңыздар, ешқандай жаман жолда жүрген жоқпын, осылай өсіргім келді» дедім, - деді әнші.

Қазіргі таңда Нұрболат Қанай тыңдармандарына арнап түрлі хит әндерін жазып жүрген талант иесі.

Көпшілікті әндерімен сүйсіндіріп жүрген Индира Расылхан да кезінде әншілікті тастап, дін жолына кеттім деген мәлімдеме жасаған болатын.

Еске ала кетсек, әнші мұндай қабылдаған шешімі жайлы Instagram-дағы парақшасында жазған еді.

Біріңіз - өнерімді, біріңіз - орамалымды бағалап жатсыздар. Екеуін бірге алып жүруге болады деп жатсыздар. Алла разы болсын сіздерге. Мен енді әншілікті тастадым. Өнерсіз де қалай боларын білмеймін, бірақ дегенмен де тәуекел. Мен үшін хиджаб маңызды, - деді ол.

Бүгінде Индира әншілікті қайтадан қолға алған. Сондай-ақ ол өнерінен бөлек, психологияға да бет бұрған. Әнші әлеуметтік желідегі қыз-келіншектерге психологиялық тұрғыдан өзіндік ақылын айтып отырады.

90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында Құрмаш Махановтың жұлдызы жанды. «Өмір заңы екен ғой, кездесу мен қоштасу» деп әндеткен Махановтың үзіліс алған кезі бар. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға