Жаңалықтар

Оралда жылу-электр орталығының 11 ғимараты апатты жағдайда

Оралда жылу-электр орталығының 11 ғимараты апатты жағдайда
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 05.07.2023 15:19 1133

Оралда техникалық тексерулер нәтижесінде жылу-электр орталығының 11 ғимараты апатты жағдайда екені анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы Амангелді Ашықовтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, орталықтың 5 өндірістік ғимаратын (газ-турбиналық қондырғы, негізгі корпус, жылу желілерін толықтыру, механикалық жөндеу шеберханалары, қызметтік-тұрмыстық корпус) қайта құру және күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Оның сөзіне қарағанда, жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім республикалық қазынадан қаражат бөлу мақсатында салалық министрлікке жолданатын болады.

"Жайықжылуқуат" АҚ-ның жылу желілері 50,4 пайызға тозған. Күні бүгін Орал қаласында жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын №2 және №5 жылу магистральдарын қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында сондай-ақ электр желілері 82 пайызға, су құбыры 60,5, кәріз желілері 61,3 пайызға тозған. 2023-2028 жылдар аралығында 4 мыңнан астам шақырым инженерлік желілерді қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда. Биыл инвестициялар 11,7 млрд теңге көлемінде бекітіліп, 2 мыңнан астам инженерлік желілерді жөндеу көзделуде, деді А.Ашықов.

Айта кетейік, 6 ғимарат бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу 2024 жылы басталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға