Орал қаласындағы мәдениет және демалыс саябағында неміс мәдениетінің дәстүрлі мерекесі өтті.
Мәдени кештің қонақтары немістердің ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясы оқушылары жасаған қолөнер бұйымдарымен танысты.
«Қазір елімізде 130-дан астам этнос өкілдері бейбіт өмір сүруде. Бүгінгі шараның өтуі – біздің біртұтас ұлт екеніміздің айғағы. Бәріміз бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде мамыражай күй кешудеміз. Бұл - біздің басты байлығымыз. Оны ұрпақтан-ұрпаққа сызат түсірмей аманаттау – парызымыз», - деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов.
Жиналғандарды мерекемен құттықтаған «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Эдуард Фрицлер оралдық немістер бұл мерекені жыл сайын кең көлемде тойлайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол апталық аясында немістердің ұлттық тағамдарынан дәм татып, қолөнер бұйымдары мен өнерлерін тамашалауға шақырды.
«Хаймат» неміс мәдени ағарту қоғамы жүйелі түрде қайырымдылық шараларға ат салысып тұрады. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында да тың бастамаларға мұрындық болуда», - деді «Қоғамдық келісім мекемесінің» басшысы Медғат Қамбетов.
Шара барысында Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның оқушылары немістің халық әндерін, «Одажио» балалар би ансамблі немістің ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынды.