Жаңалықтар

Оралда күрделі су тасқыны жағдайы әлі сақталуда

Оралда күрделі су тасқыны жағдайы әлі сақталуда
Фото: ҚР ТЖМ/Видеодан алынған кадр 23.04.2024 10:25 729

Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев онлайн байланысқа шығып, облыстағы су тасқыны ахуалы жайында баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімінің сөзінше, облыста күрделі су тасқыны жағдайы әлі де сақталуда. Ресей Федерациясы тарапынан Жайық өзеніне судың келуі тоқтамаған.

Қауіпті межеден асып, түнгі сағат он екіде 865 см-ді құрап, таңғы сағат 8:00-де 1 см-ге төмен түсті. Жайық өзені деңгейінің артуына байланысты Шаған өзеніне кері ағу жүруде. Шаған су қоймасының нақты толуы 32 млн текше метрді немесе жобалық көлемнен 169 пайызды құрап отыр. Су тіреуіне байланысты Шаған өзенінің деңгейі ұлғаюда. Орал қаласы аумақтарының бөлігін қайта су басу орын алуда, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар күні бүгін бау-бақша серіктестерінің 14 мыңға жуық уческелері аумақтарын су басқанын атап өтті.

Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұлан күштерімен саяжайдан адамдарды көшіру жүзеге асырылуда. Жайық өзені жағалауы учаскелерін нығайту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі күні 142 км бөгет тұрғызылып нығайтылды. Тұрғындар мен ауыл шаруашылығы малын эвакуациялау жоспары әзірленді. 70 мыңнан астам халықты эвакуациялау үшін 189 эвакуациялық пункт дайын. Жайық өзені бойында орналасқан төрт аудан мен Орал қаласындағы 140 мектеп қашықтықтан оқыту форматына көшті, – деді облыс әкімі.

Бұл ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов адамдарды полициямен бірге мәжбүрлі түрде үйлердің бәрін аралап көшіру қажеттігін айтты. Ешкім қалып қалмауы жөнінде тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға