Жаңалықтар

Орал мен Ақсайдағы кәріздік тазалау құрылғылары қашан жаңартылады

Орал мен Ақсайдағы кәріздік тазалау құрылғылары қашан жаңартылады
Фото: gov.kz 26.05.2023 12:36 686

Батыс Қазақстан облысында ластаушы заттар көлемі небары 1,5%-ды құрап, республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі ретінде танылды. Бұл туралы БҚО әкімі Нариман Төреғалиев баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысының айтуынша, облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу мақсатында 2020 жылы Қазақстан Республикасы Экология министрлігімен бірлесіп Жол картасы бекітіліп, нәтижесінде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Қарашығанақ кен орнындағы ластаушы заттардың ең ірі 16 көзі автоматты мониторинг жүйелерімен жабдықталды.

Сондай-ақ, биыл мемлекеттік орман қоры аумағында барлығы 3 млн-ға жуық ағаш егілді. Бұл жұмыстар күз айларында жалғасатын болады.

Облыс бойынша өткен жылы жиналған 17,2 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 15,1% өңделіп, кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткішті ұлғайту үшін Орал және Ақсай қалаларында жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, - деді Нариман Төреғалиев.

Сонымен бірге 2024-2028 жылдар аралығында Орал және Ақсай қалаларындағы кәріздік тазалау құрылғыларын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Өңір басшысының сөзінше, аталған шаралар облыстағы экологиялық ахуалды тұрақтандыруға оң септігін тигізетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға