Жаңалықтар

Қорған облысының халықтар ассамблеясы қазақстандық әріптестеріне Наурыз бен Сабантойды бірлесіп атап өтуді ұсынды

Қорған облысының халықтар ассамблеясы қазақстандық әріптестеріне Наурыз бен Сабантойды бірлесіп атап өтуді ұсынды
13.11.2018 06:13 1953

Қостанай қаласындағы Достық үйінде Ресейдің Орал өңірінің халықтар достастығы өкілдері мен өңірлік ҚХА этномәдени бірлестіктерінің белсенділері арасында кездесу өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Валерий Вишниченко, Қалқаман Жақып, Сергей Харченко және Юрий Ивлев Қорған делегациясымен өзара ынтымақтастық жоспарларын талқылады.

Зауралье  халықтары Ассамблеясы Кеңесінің Төрағасы Владимир Уфимцев «тоғыспалы кезең»  ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады.

«Біз шекаралық ынтымақтастық аясында Қорғанда үш ауқымды іс-шара өткізейік, сіздің өңіріңізде де маңызды үш іс-шара ұйымдастырайық. Біз сіздерді Наурыз мерекесіне шақырамыз, біздің аймағымыздағы қазақтардың бұл мерекені қалай атап өтетіндігіне  куә болыңыздар. Ресей күні және Зауралье халықтарының Сабантойы көңіліңізден шығады деген ойдамын. Желтоқсан айында Қорған облысының 75 жылдығына орай «Энергия және жасампаз еңбек» деп аталатын ауқымды екі күндік жастар фестивалі ұйымдастырылады. Оған шекаралас көршілерімізді, спортқа жаны құмар жастарды  шақырамыз, себебі фестиваль аясында FreeGames ойыны өткізіледі.

Бұл жобаның негізгі міндеті – допты қажет ететін бес спорт түрін біріктіру. Аталмыш идея Қазақстан және Татарстан тарапынан қолдау тапты, сондықтан біз ойынды фестиваліміздің бағдарламасына енгізуді жөн көрдік.  Сонымен қатар, библия және құран оқулары өткізіледі. Іс-шара ғылыми-танымдық мазмұнға ие, сонысымен жастарға қызықты болмақ.  Ойға алған  жоспарларымызды іске асырған жағдайда жақын таныстық орната аламыз және ешбір шекара достығымызға кедергі бола алмайды», - дейді В. Уфимцев.

Қорған облысындағы қазақ халқы ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов қазақ халқының белсенділігін жеткізді.

«Мен қазақ жеріне қуана келемін, мұнда біздің 18 миллион ағайынымыз өмір сүріп жатыр, ал,  Қорған облысында 14 мыңнан астам қандасымыз бар.   

Біз көп емеспіз, бірақ бәріміз бір-бірімізді танимыз, мәдениетімізді сақтауға тырысамыз.
Қазақ еліне жетпеген жақсы дәстүрлер бар, оларды ұстанамыз. Бізді толғандыратын мәселе - тіліміздің жеткілікті дәрежеде дамымауы, бірақ ана тіліміздің мәртебесін арттыру жолында біз де аянып қалмаспыз. Ресейдегі қазақтар туған тілдерін білулері қажет, сол себепті өңірлерде тіл үйренем деушілер үшін сыныптар  ашылуда.

Қорған облысындағы  қазақ халқы сан жағынан татар және  башқұрт ұлт өкілдерінен артта қалғанымен Зауралье халықтары Ассамблеясының арқасында біз бірінші ретте тұрмыз.

Қорған облысында халықтар достастығына көп көңіл бөлінеді», – дейді  Қ. Оралов.

2013 жылдан бастап Қорғанда басылып шығатын «Новый Мир» әлеуметтік-саяси газетінде «Содружество» айдары жарық көріп келеді

«Ассамблеямыздың ұжымы өте белсенді, біз жариялайтын көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, өткізеді. Бұдан бөлек, айына бір рет шығатын «Казахстанские новости» («Қазақстан жаңалықтары») айдары да бар. Біз «Костанайские новости» газетінің және Петропавлдағы басылымдарға үнемі шолу жасаймыз. Сондықтан да көптеген  қызықты жаңалықтардан хабардармыз. Дәл сондай тақырыптық топтамаларды қазақстандық басылымдардан да көргіміз келеді», - дейді газет басылымы бас редакторының орынбасары  Татьяна Маковеева.

Қостанай ҚХА  ұжымы Қорған облысынан келген қонақтардың  ұсыныстарын ризашылықпен қабылдады.

«Біз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуға әрқашан дайынбыз. Мен жуырда өткен Оңтүстік Орал халқының VII съезінен оралдым және біздің әріптестеріміздің, оның ішінде Челябі облысы профессорларының  халықтарды өзара жұмылдыру мақсатымен қонақжай Қостанай жеріне келгендігі  көңіл қуантады.

Олар ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға және жастарға тәжірибе беруге бағытталған  түрлі жобалар ұсынуда. Әрине, біз өз тарапымыздан келесі жылы өзара іс-шаралар өткізу жоспарын құптап отырмыз», - дейді Қостанай облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина.

Кездесу аяқталғаннан кейін қатысушылар естелік сыйлықтармен – Қазақстан және Ресей журналистикасы ардагерлерінің кітаптарымен алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға