Оқушыларға телефон қолдануға тыйым салына ма?
Threads желісінде мектептерде телефон қолдануға тыйым салу керек пе деген тақырып төңірегінде қызу пікірталас өрбіді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұған бір мұғалімнің «оқушылар үй тапсырмасын өздігінен орындамай кетті» деген шағымы себеп.
Балалар ChatGPT-тен көшіріп жазады. Барлығының жұмысы мінсіз! Жасанды интеллект математика есептерін шығарып, тарихтан эссе жазып, барлық сұраққа жауап береді. Ал балалар ойлануды қойды. Біз тұтас бір буынды жоғалтып жатырмыз, – деп жазды ұстаз.
Оның пікірінше, жағдай ушығып кетпей тұрып, мектептерде телефон қолдануға заң жүзінде шектеу қою қажет.
Алайда көпшілік бұл ұсыныспен келіспеді. Кей қолданушылардың айтуынша, мәселе телефонда емес, оқыту жүйесінде.
Уақыт өзгерді, ал мектеп сол қалпында қалды. Үй тапсырмасын теория түрінде беріп, ал тәжірибені сабақ үстінде жасау керек. Тіпті үй тапсырмасын мүлде алып тастап, оқу уақытын ұзартқан дұрыс, – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Кей ата-аналар да өз тәжірибелерін бөлісті. Бір ана қызына ағылшын тілі пәнінен комикс жасауға ChatGPT көмектескенін айтты:
ChatGPT кейіпкерлерді ойлап тауып, сюжет құрып, суреттерді іріктеп берді. Барлығы бір жарым сағатта дайын болды. Ал онсыз бір күн уақытымыз кететін еді!
Ал кей қолданушылар мұғалімдердің өздері де жасанды интеллектті жиі қолданатынын айтып, екіжүзділік бар екенін жеткізді:
Әр екінші мұғалім лекциясын ChatGPT арқылы жазып алады. Сосын мәтінді жіберіп, өзі телефон шұқылап отырады. Балаларды ғана кінәлау дұрыс емес.
Бірақ пікірталасқа қатысушылардың бір бөлігі тыйым салудың орнына жасанды интеллектті оқу процесіне интеграциялауды ұсынды:
Балаларды ChatGPT-ті дұрыс қолдануға үйрету керек. Тапсырмаларды күрделендіріп, оларды талдауға, сұрақ қоюға және сыни ойлауға бағыттау қажет.
Кей сарапшылардың ойынша, мәселе тек оқушыларда емес – ата-аналар мен мұғалімдер де жауапты. Көп ата-ана баласының мектеп өміріне араласпайды, ал кейбір мұғалімдер оқу бағдарламасының шамадан тыс ауыр екенін мойындайды.
Кей ұстаздар да осы пікірді қолдап отыр: гимназиялар мен лицейлерде оқу бағдарламасы шамадан тыс жүктелген, ал қосымша репетиторсыз білім алудың өзі қиын болып барады.
Сондықтан да мәселе тек «телефонды тыйым салу немесе рұқсат ету» деңгейінде емес – бұл білім берудің болашағы туралы пікірталас. Технология өмірдің ажырамас бөлігіне айналған заманда мектептер әлі де өткен ғасырдың ережесімен өмір сүріп келеді.
Айта кетсек, жуырда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та осыған ұқсас пікір білдіріп, мектептерде телефон қолдануға шектеу қоюды ұсынған еді.
Бұл – балалар арасындағы достықты нығайтып, олардың тікелей қарым-қатынас жасау қабілетін дамыту үшін қажет, – деген депутат оқушылардың көпшілігі виртуалды әлемге «жабылып», тіпті кейде сыныптастарын да танымай қалатынын атап өтті.

