Жаңалықтар

Оқушылардың спортқа қызығушылығы қандай? (Фоторепортаж)

Елімізде спортқа құмар жастардың саны артуда
Оқушылардың спортқа қызығушылығы қандай? (Фоторепортаж)
Фото: Марат АМИРОВ 22.01.2023 14:50 1890

Бүгінде көп ата-ана баласының бұғанасы қатып, белі бекіген соң түрлі үйірмеге жетелей жөнеледі. Бірі мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған спорттық секцияларға қатысса, енді бірі жекеменшік клубтарға жазылады. Сондықтан спортқа әуес балалар жайлы деректерді Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы қолға алған жоба аясында саралап көрдік.

Орталық республика бойынша «Ұлттық мектеп лигасы» жобасын 2015 жылы қолға алған. Лига 4 кезеңді қамтиды. Атап айтқанда, оқушылар мектепішілік іріктеуден өтіп, аудандық, қалалық және облыстық кезеңдерде бақ сынайды. Үздіктері республикалық деңгейге шығады.

Айта кету керек, мектепішілік іріктеуге әрбір сынып оқушылары өздері қалаған спорт түрлерін таңдап қатысады.

Жоба аясында 2021-2022 оқу жылында 10 спорт түрінен 41 жарыс өткізілген. Спорттық сайыстарға бірінші кезеңде  1 946 371 (54 %), екінші кезеңде 776 964 (21,5%), үшінші кезеңде  50597 (1,4 %) және төртінші кезеңде 4192 (0,11%) оқушы қатысқан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтырғы оқу жылында қатысушылар саны 13,8%-ға көбейген.

Айтпақшы, 2023 жылдан бастап Ұлттық мектеп лигасына шахмат жарысы енгізілді. Оған 2-11 сынып аралығындағы 100 мыңнан астам оқушы қатысатыны хабарланған. Тіпті оқушылардың республикалық кезеңдегі финалдық ойындары «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Яғни, оқушыларды спортқа бейімдеу мен ынталандырудың түрлі жолдары қарастырылып отыр.

Ал мұндай жұмыстардың нәтижесіз болмауы мүмкін емес. Сәйкесінше, спортқа әуес жастар көбейіп келеді. Сондықтан мектептердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілігін арттыру керек.

Осы бағытта Оқу-ағарту министрлігі 12 000 дене шынықтыру мұғалімінің бюджеттік негізде кәсіби құзіреттілігі мен біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.

                                                                                                                             

                                                                                      

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға