Алпамыс мектебі

Оқушылар Қытай Жаңа жылын мәдени мерекеге айналдырды

Астанадағы Алпамыс мектебінде әлемдегі ең көне әрі көркем мерекелердің бірі – Қытай Жаңа жылына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл мектепте қытай тілі 2-9 сыныптар аралығында төртінші жыл қатарынан оқытылып келеді. Бүгінде шамамен 800 оқушы қытай тілін меңгеріп, Қытайдың бай мәдениетімен танысуда.

Қытай Жаңа жылы, яғни Көктем мерекесі – жаңару мен үйлесімнің, үміт пен ізгі ниеттің символы. Мерекелік бағдарлама Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени көпір іспетті болып, дәстүрлі өнерді, музыка мен поэзияны, заманауи шығармашылық нөмірлерді бір арнаға тоғыстырды.

Алпамыс мектебі

Іс-шараны мектеп директоры Мейрам Жақенов ашып, оқушылар мен қонақтарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ салтанатты жиынға арнайы шақырылған қонақтар да жылы лебіздерін білдірді.

«Литер» газеттері бас редакторының орынбасары Мира Алипинова Қытайға жасаған сапарынан алған әсерін бөлісті:

Жақында ғана Қытайдан оралдым, Сиань қаласындағы бірнеше мектепте болдым. Айтарым – олар халықаралық ынтымақтастыққа ашық. Түрлі бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар. Қытай тілін білу алдағы өмірлеріңізде өте қажет болады деп ойлаймын. Сондықтан баршаңызға сәттілік тілеймін. Бүгінде корей және қытай тілдері үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, ал оларды меңгеру сіздерді болашақта табысты етеді, – деді ол.

Алпамыс мектебі

ҚР Қытай жоғары оқу орындары түлектері қауымдастығының өкілі Әйгерім Нығметжан да оқушыларды құттықтап, қытай тілінің маңызын атап өтті:

Қауымдастық түлектерінің атынан сіздерді осындай әдемі мерекемен құттықтаймын. Қазір сіздер әлемдегі ең танымал тілдердің бірі – қытай тілін үйреніп жатырсыздар. Бұл – біздің көршіміз әрі стратегиялық серіктесіміздің тілі.

Жеке тәжірибеме сүйенсем, қытай тілі маған көптеген мүмкіндік пен жаңа идеялар сыйлады. Бұл тіл күрделі көрінгенімен, өте қызық әрі терең мағынаға толы, – деді ол.

Алпамыс мектебі

Концерттік бағдарламаға Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясының оқушылары да қатысып, музыкалық құттықтауларын ұсынды.

Мектеппен төртінші жыл қатарынан ынтымақтастық орнатып келе жатқан Қытай ЖОО түлектері қауымдастығы өкілдерінің қатысуы халықаралық серіктестіктің маңызын және қытай тілін меңгерудің болашақ кәсіби дамуға берер нақты пайдасын айқындай түсті.

Оқушылар қытай поэзиясын оқып, халықтық және заманауи әндерді орындады, ұлттық киімдер дефилесі мен би композицияларын ұсынды.

Алпамыс мектебі

Кештің ерекше көркі – «Ұшатын қанжарлар үйі» фильміндегі «Сұлу туралы ән» шығармасының қытайдың дәстүрлі гуцин аспабында орындалуы болды. Композитор Сигэру Умэбаясидің туындысын 4 «Н» сынып оқушысы орындап, шығыс мәдениеттінің үйлесімін паш етті.

Айта кетейік, мектеп оқушылары жыл сайын Chinese Bridge («Қытай тілі көпірі») халықаралық байқауына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.