haberglobal.com

Оқушылар мінген шағын автобус жүк көлігіне соғылып, екі адам қаза тапты

25.08.2025 06:25

Түркияда оқушылар мінген шағын автобус жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соғылды. Жол апатынан екі адам қаза тауып, 10 жолаушы жарақат алды, деп хабарлайды Нaberglobal басылымына сілтеме жасап El.kz интернет порталы.

Оқиға D400 Мерсин – Анталья трассасында, Эрдемли ауданына қарасты Аяш елді мекеніндегі Йемишкуму жағалауына жақын маңда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, шағын автобусты жүргізген ұйықтап кетіп, жолдың оң жағында тұрған жүк көлігінің тіркемесіне соғылған.

Жол апатынан екі адам, соның ішінде бір бала көз жұмып, он адам жараланды. Зардап шеккендер арасында Мерсиндегі жатақханадан демалысқа шыққан балалар да бар. Хабар түскен соң оқиға орнына полиция, жедел жәрдем, жергілікті билік өкілдері мен өрт сөндірушілер жетті. Жарақат алғандар жергілікті ауруханаларға жеткізілді. Прокуратура тексерісінен кейін қаза болғандардың денесі мәйітханаға жіберілді.

Апаттан кейін шағын автобустың бір бөлігі тіркемеде қалып қойғаны, сондай-ақ бір дөңгелегі үзіліп, жүк көлігінің астына қысылып қалғаны анықталған. Тергеу барысында жүргізуші рөлде отырып ұйықтап кеткенін мойындаған.

Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Махинур Өздемир Гөкташ әлеуметтік желіде қазаға байланысты көңіл айтты.

Мерсиннің Эрдемли ауданында болған жол апатынан бір баламыз бен бір тәрбиешіміздің қаза болғанын естіп, терең қайғыға баттым. Диярбакырдан жазғы лагерьге бара жатқан балалар мінген көлік апатқа ұшырады. Марқұмдардың отбасына қайғырып көңіл айтамын,-деп жазды ол желі парақшасында.