©El.kz/Арман Мухатов

Оқушыға кім жауапты? Мәжілісте мұғалімдердің міндеті қайта қаралды

25.02.2026 11:25

Мәжіліс қарауына педагог мәртебесіне қатысты өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы ұсынылды. Құжат мұғалімдердің құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Жобаға сәйкес, енді педагогтер оқушылардың өмірі мен денсаулығына тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болады. Сабақтан тыс уақытта, каникул немесе кешкі мезгілде жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жалпы отырыста:

Педагогтердің балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін тек оқу процесі барысында айқындауды ұсынып отырмыз. Сабақтан тыс уақытта жауапкершілік ата-аналарда болуы тиіс, – деді.

Оның айтуынша, заң жобасында мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ түрлі іс-шараларға тартуға тыйым салу нормасы да қарастырылған.

Сондай-ақ есептілікті бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салуды ұсынамыз. Есеп бір форматта ғана болуы керек, – деді депутат.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында педагогтердің құқығын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр.