Жаңалықтар

Оқушы сыныптасы мен мұғалімді пышақтады: әкім жарақат алған жасөспірімнің үйіне барды

Оқушы сыныптасы мен мұғалімді пышақтады: әкім жарақат алған жасөспірімнің үйіне барды
Фото: instagram.com/khassarkhabylbekov 14.05.2024 09:10 8786

Павлодар әкімі Хасар Қабылбеков бүгін мектептердегі қауіпсіздік мәселесі бойынша жиын өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай шешімді ол қаладағы мектептердің бірінде оқушының сыныптасы мен мұғалімге пышақ жарақатын келтірген соң қабылдаған.

Бүгінгі №14 орта мектепте болған оқиғаға қала әкімі ғана емес, екі оқушының әкесі ретінде де үнсіз қала алмадым. Оқиға болған жерде болдым, мектеп басшылығымен, мұғалімдермен сөйлестім. Зардап шеккен балаға барып, оның тезірек сауығып кетуін тілеп, қандай көмек қажет екенін білдім. Павлодар мектептеріндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша үлкен жиналыс өткізбекпін, - деді әкім.

Қала басшысының сөзінше, оқушылар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін шұғыл түрде кешенді шаралар қабылданады.

Біз болған оқиғаның қайталануын болдырмауға мүмкіндік беретін шаралар кешенін келісіп, жедел жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Павлодарлық ата-аналар білім беру ұйымдарының қабырғасында балаларының өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмейтініне сенімді болуы тиіс, - деді ол.

Естеріңізде болса, 12 мамырда жасөспірім мектепте сыныптасы мен мұғаліміне пышақ жарақатын келтірген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға