Оқу жылының ортасында жүйе ауыса ма? Алматы мектептеріндегі Kundelik дауы
Алматыда электронды күнделік жүйесіне қатысты дау ушыға түсті. Сот қалалық мектептерді бұрыннан қолданыстағы Kundelik.kz платформасынан жаңа BilimClass жүйесіне көшіру процесін уақытша тоқтату туралы шешім шығарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Дау неден басталды?
2025/2026 оқу жылының үшінші тоқсаны басталған тұста Алматы мектептері жаппай Kundelik.kz жүйесінен BilimClass электронды журналына көше бастаған. Алайда бұл шешім ата-аналар арасында үлкен наразылық тудырды. Көпшілігі жүйе ауысатынын SMS-хабарлама арқылы немесе тіпті кейіннен ғана білгенін айтады.
Ата-аналардың басты алаңдаушылығы – 300 мыңнан астам оқушы мен олардың ата-аналарының жеке деректерінің келісімсіз басқа платформаға берілу қаупі.
Оқи отырыңыз:
- Work and Travel: құны қымбат тәжірибе
- Бизнеске айналған білім: қаржылық тұзақ
- Жасанды интеллект мұғалімнің орнын баса ала ма?
Kundelik.kz компаниясының мәліметінше, Алматы қалалық білім басқармасы тарапынан ынтымақтастықты тоқтату туралы ресми хабарлама болмаған. Компания өкілдері Оқу-ағарту министрлігімен жасалған келісімшарттың 2030 жылға дейін күшінде екенін атап өтті.
Ал қалалық білім басқармасы мен BilimClass компаниясы жүйені ауыстыру заң аясында жүзеге асқанын алға тартады. Дегенмен оқу жылының ортасында бұрынғы платформадан бас тартудың нақты себептері ресми түрде түсіндірілмеген.
Сот қандай шешім шығарды?
13 қаңтар күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Күнделік (Kundelik)» ЖШС-нің талап-арызын қанағаттандырып, қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарым шығарды.
Сот шешіміне сәйкес Алматы қалалық білім басқармасына, оған қарасты аудандық бөлімдерге, мектептер мен білім беру ұйымдарына:
- Kundelik жүйесінен BilimClass платформасына көшуге, сондай-ақ кез келген балама ақпараттық жүйелерді енгізуге, алмастыруға, тестілеуге немесе пилоттық режимде қолдануға;
- Kundelik жүйесінен бас тартуға міндеттейтін немесе соған жағдай жасайтын хаттар, нұсқаулар мен ұсынымдар жолдауға;
- оқушылардың, ата-аналардың және білім беру қызметкерлерінің жеке деректерін Kundelik жүйесінен басқа платформаларға, оның ішінде BilimClass-қа көшіруге;
- BilimClass немесе өзге балама жүйелерді енгізуге бағытталған келісімшарттар, меморандумдар мен келісімдер жасауға;
- мемлекеттік мектептерде Kundelik жүйесін пайдалануды шектеуге немесе тоқтатуға тыйым салынды.
Сот ұйғарымы «дереу орындалуы тиіс» екені көрсетілген. Сонымен қатар тараптар бұл шешімге он жұмыс күні ішінде Алматы қалалық сотына шағымдана алады.
Депутат не дейді?
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл процесте ешкімге артық салмақ түспеуі керектігін атап өтті.
Бүгінгі таңда мемлекет Kundelik жүйесін пайдаланғаны үшін тікелей ақы төлемейді. Серверлер арнайы қорғалған контурда сақталады. Балаларға қатысты деректермен жұмыс істеген соң, мұндай платформаларға қатаң талап қойылады. BilimClass-та да осындай талаптар бар шығар деп ойлаймын, сондықтан бірін екіншісінен бөліп-жарғым келмейді.
Ең бастысы – мұғалімдерге, мектептерге және мемлекетке ауыртпалық түспеуі керек, балаларға қолайсыздық тудырмауы тиіс. Үшіншіден, ең маңыздысы – жүйенің тиімділігі. Бұл мәселені құзырлы министрліктер шешеді деп сенемін, – деді депутат.
BilimClass ұстанымы
Осы уақытта BilimClass компаниясы өз мүддесін сот арқылы қорғауға ниетті екенін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, іс бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбаған, ал әлеуметтік желілер мен медиада тарап жатқан ақпарат шынайы жағдайды толық көрсетпейді.
Компания өз құқықтарын қорғау және түпкілікті сот актілерін алу үшін барлық сот инстанцияларына жүгіну құқығын сақтайды. Қазіргі таңда желіде таралған ақпарат шындыққа жанаспайды, іс бойынша соңғы шешім қабылданған жоқ, – делінген компания хабарламасында.
Сонымен қатар BilimClass платформасында Алматы мектептерінің жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатқанын алға тартты.
Оқу процесі бұзылған жоқ, пайдаланушылардың деректері толық көлемде қорғалған, ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етілген, – деп мәлімдеді компания.
Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова авторлық бағдарламаларды сынаған болатын.

