Фото: ОКҚ

Оқу, жатақхана, шәкіртақы: студенттік омбудсмендер қандай мәселелерді шешті?

25.06.2025 17:29

Қазақстанның жоғары оқу орындарында студенттік омбудсмендер белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 122 жоғары оқу орнында 680 мыңға жуық студент білім алуда. Жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оқу үдерісінде әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыс қолға алынған. Осы бағытта студенттік омбудсмендер институтының орны айрықша.

Академиялық адалдық – білім беру жүйесінің басты қағидаттарының бірі. Осы мақсатта Академиялық адалдық лигасы құрылып, оған қазіргі таңда 18 жоғары оқу орны мүше болып отыр, – деді Ақерке Абылайхан.

2024-2025 оқу жылында студенттік омбудсмендердің жұмысы ерекше қарқын алған. Ғылым және жоғары білім министрінің жастар саясаты жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Тоқтар Болысовтың айтуынша, аталған кезеңде студенттерден 6 079 өтініш келіп түскен. Олардың басым бөлігі оқу үдерісі, жатақхана, шәкіртақы және ұйымдастырушылық мәселелерге қатысты болған.

Омбудсмендер институтының басты мақсаты – студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау, оқу орындарында қауіпсіз әрі әділ орта қалыптастыру. Өткен оқу жылы ішінде 100-ден астам жоспарлы іс-шара және 20-дан астам жоспардан тыс мониторинг жүргізілді. Омбудсмендер студенттердің өтініштеріне уақтылы жауап беріп, туындаған мәселелерді жедел шешуге және қиын жағдайға тап болған студенттерге жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік алды, – деп атап өтті Тоқтар Болысов.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама оқу орындарындағы басқару мәдениетін жетілдіруге, жастардың сенімін арттыруға және білім беру сапасын көтеруге өз септігін тигізіп отыр.