Бүгінгі студент – кеше тек кітап пен дәптерге үңіліп, аудиториядан шықпайтын студенттерге мүлдем ұқсамайды. Қазіргі буынның өмірі басқа бұрынғыдан ырғақпен соғып тұр. Бір қолында ноутбук, бір қолында смартфон, ал миында оқу мен еңбек қатар жүреді. Университет қабырғасында жүріп-ақ ақша табу, тәжірибе жинау, кәсіп ашу – жаңа заман жастары үшін қалыпты өмір салтына айналды. Бұл құбылыс Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Мысалы, АҚШ-та студенттердің шамамен 67%-ы оқумен қатар тұрақты жұмыста істейтіні анықталған. Яғни білім алу мен еңбекке ерте араласу жаһандық жаңа тренд десе де болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы жолдауында студенттердің осылай еңбекке ерте араласу құбылысын ерекше атап өткен еді.
Жастардың еңбекке ерте араласуы, өз әлеуетін танытып, дер кезінде кәсіптік дағдыларды игеруі – мемлекеттің стратегиялық бағыты. Біз жас ұрпақтың бастамашыл әрі еңбекқор болуына жағдай жасауымыз керек, – деді мемлекет басшысы.
Бұл үндеу қазіргі буынның өмірлік ұстанымымен үндес шықты. Олар ата-анасының қалтасына қараудан гөрі, өз еңбегімен жол ашқысы келетін, табандылық пен еркіндікті алға қойған ұрпақ.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде жоғары оқу орындарында оқитын жастардың шамамен 40 пайызы тұрақты немесе уақытша жұмыс істейді екен. Бұл – тек ресми статистика. Бейресми түрде фриланс, онлайн жобалар мен қысқа мерзімді контрактілер арқылы табыс тауып жүрген студенттердің үлесі одан да жоғары екені айтпаса да түсінікті. Жаңа буын үшін оқу мен еңбек болашаққа жолдама алу, бәсекеге бейім болудың басты шарты. Мұны олардың дүниетанымы мен құндылықтарынан байқауға болады.
Студент жастардың пікірінше, тәжірибе мен табыс көзін ерте бастан қалыптастыру аса маңызды. Мәселен, Еуразия ұлттық университетінің студенті Ерсұлтан Жайдарбекұлы оқу мен жұмысты қатар алып жүру бастапқыда қиын көрінгенін, бірақ уақыт өте бұл өмір салтына айналғанын айтады.
Күніне төрт-бес сағат онлайн тапсырыстар орындап, табыс табамын. Бұрын мұндай режим қиын көрінетін, ал қазір қалыпты болып қалды. Тәжірибе жинап, қабілетіңді шыңдамайынша, қазіргі өмірде өз орныңды табу қиын, – дейді ол.
Ерсұлтан сияқты мыңдаған студент күндіз дәріс тыңдап, кешке жұмыс істеп, түнде тапсырма жазып үлгереді.
Шетелдік тәжірибе: студенттер қалай жұмыс істейді?
Көптеген елдерде студенттердің жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Мысалы, АҚШ университеттерінде Work-Study деп аталатын арнайы бағдарлама бар. Студенттер кампус ішінде кітапхана, әкімшілік кеңсе немесе асханада жарты күн жұмыс істеп, еңбекақы алады. Бұл олардың оқуының ақысын төлеп, қосымша қаржы табуына көмектеседі. Жалпы, АҚШ колледждерінде оқитын студенттердің едәуір бөлігі оқу барысында осылайша жұмыс істейді. Жоғары оқу орындары жастардың тәжірибе жинақтауына және қосымша табыс табуына оң көзбен қарайды.
Еуропа елдерінде де осы үрдіс кең тараған. Ұлыбританияда жүргізілген ауқымды сауалнамаға қарағанда, күндізгі бөлімде оқитын студенттердің 68%-ы семестр барысында ақылы жұмыс істейтіні анықталған. Ұлыбритания университеттері жастардың бұл жағдайын ескеріп, студенттердің жұмыс кестесіне бейімделу жолдарын қарастырып та жатқан көрінеді.
Ал кейбір мемлекеттер студенттерге материалдық қолдау көрсету арқылы жұмыс істеу қажеттілігін азайтуға тырысады. Мысалы, Францияда жастарға арзан жатақхана мен көлік жеңілдіктері ұсынылған. Германия, Австрия сияқты елдерде дуальды білім беру кеңінен жолға қойылған. Студенттер уақыттарының жартысын компанияда өндірістік тәжірибеде өткізіп, жартысын университетте оқиды. Сол арқылы олар жас кезінен еңбек дағдыларын игеріп, тәжірибелі маман ретінде қалыптасады. Бұл тәжірбие бүгінде біздің елде де жанданып келеді. Жалпы, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, студенттердің еңбекке ерте араласуы – жаһандық құбылыс. Әр қоғам оны өз жағдайына бейімдеп, жастарға қолдау көрсетудің түрлі тетіктерін іске асыруда.
Цифрлық мүмкіндіктер
Цифрлық экономика дәуірі студенттерге бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерді ашты деуге болады. Бүгінде көптеген жастар әлеуметтік желі арқылы қандай да бір қызмет көрсетеді немесе шағын онлайн бизнес жүргізеді. Мысалы, фрилансерлік, онлайн сауда, IT-қызметтер сияқты бағыттар студенттер арасында кең тараған. Мемлекет пен жеке экожүйе де бұл үрдіске қолдау көрсетуде. Соңғы жылдары жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдайтын бірқатар жобалар іске қосылды.
Astana Hub – Орталық Азиядағы ірі IT-стартап технопаркі, онда студенттер өз инновациялық жобаларын дамыта алады. 2024 жылы Astana Hub аясында 700-ден астам студенттік жоба тіркелген, олардың қатарында IT, экотуризм, агроинновация және білім беру саласындағы стартаптар бар.
Tech Garden – Алматыдағы технологиялық кластер, жастардың жаңа технологиялық бастамаларына демеу береді.
Zhas Project – жастардың әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларына грант бөлетін бағдарлама.
«Бастау Бизнес» – кәсіп ашқысы келетін жас кәсіпкерлерге білім беріп, жеңілдетілген шартпен қаржы алуға жол ашатын жоба.
Мұндай қолдаулардың нәтижесінде студенттердің кәсіпкерлікке құлшынысы артуда. IT мамандығының 3-курс студенті Асқар Әбдіразақ әуелде табыс табу үшін өз мамандығына қатысы жоқ жұмыстар істегенін, ал қазір бірнеше курстасымен бірлесіп мобильді қосымша әзірлеп жатқанын айтады.
Университеттегі теорияны өмірде қолданып көру – мүлде басқа тәжірибе. Фриланс пен стартап арқылы оқу мен еңбектің айырмашылығы жойылып кетті деуге болады, – дейді ол.
Расында, қазіргі студенттің нағыз кәсіби тәжірибесі аудиторияда емес, өмірдің өзінде қалыптасып жатқаны шындық.
Әдетте Алматы мен Астана жастары үшін оқып жүріп жұмыс істеуге жұмыс істеуге мүмкіндік көп екені айтылады. Дегенмен соңғы жылдары өңірлердегі студенттер де еңбек нарығында өздерін көрсетіп жүр. Мысалы, Шымкент қаласындағы студенттер арасында курьерлік және қызмет көрсету саласында істейтіндер көбейген. Күндіз сабақтан шығып, кешке тамақ жеткізуші, курьер болып жұмыс істейтін жастар үшін бұл үйреншікті жағдай. Қарағанды мен Павлодарда техникалық мамандықта оқитын студенттер өндірістік тәжірибе кезінде нақты кәсіпорындарда еңбектенуде. Сол секілді өзге аймақтағы жастар да өңірдегі мүмкіндікке қарай өз кәсіптерін ашып, табыс табуды әдетке айналдырып жүр.
Аймақтардағы осындай белсенділік өңірлік экономиканың дамуына да оң әсер ете бастады. Жас буын еңбек нарығына ерте араласу арқылы тек өзіне қаржы тауып қана қоймай, жергілікті сұранысқа ие қызметтерді де атқарып жүр.
Алайда, жұмыс пен оқуды қатар алып жүру оңай емес, оның «көлеңкелі» жағы да бар. Жастардың көпшілігі уақыттың жетіспеушілігі мен шаршаудан зардап шегеді. Бір күнде оқу, жұмыс, үй тапсырмаларын орындау және әлеуметтік өмір – мұның бәріне үлгеру шынымен қиын.
Психолог мамандар студенттер арасында «күйіп кету синдромы» (burnout) жиілегенін айтады.
Қазір көп жастар ақша табуға тырысып, шамасын ескермей жатады. Ұйқысыз түндер, эмоционалды шаршау, зейіннің әлсіреуі – бүгінгі буынның басты проблемаларының біріне айналды. Бұл олардың академиялық үлгеріміне де әсер етеді. Қоғамның жылдам өзгеруі, бәсекелестіктің артуы, жеке өмір мен мансапқа деген талаптың көбеюі – бұның бәрі нәзік жас санаға салмақ түсіреді, – дейді психолог Әсел Қуандық.
Оның айтуынша, жастардың басым бөлігі өз сезімдерін жақындарымен ашық бөлісе алмауы мүмкін, нәтижесінде ішкі жан дүниесінде жалғыздық пайда болады. Мәселен, жаһандық зерттеулер Gen Z буынының айтарлықтай бөлігі жиі өзін жалғыз сезінетінін көрсеткен. Бұл көрсеткіш алдыңғы буынмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Цифрлы заманда техникалық тұрғыда бір-бірімен әрдайым байланыста жүрсе де, бүгінгі жастар шын мәнінде өзін бұрынғыдан бетер оқшау сезініп жатыр.
Осы себепті кей университеттерде «психологиялық демалыс аптасы», «менталдық саулық клубтары» сияқты бастамалар пайда бола бастады. Бұл – қоғамның жастар денсаулығына алаңдай бастағанының көрінісі. Шетелдік оқу орындарында да студенттерге психологиялық қолдау көрсетіледі. Мысалы, АҚШ-та жүргізілген зерттеулер бойынша аптасына 20 сағаттан артық жұмыс істейтін студенттің оқу үлгерімі төмендей бастауы заңдылық екені анықталған. Сондай-ақ жұмыс істейтін жастардың жартысынан астамы жұмысы олардың әлеуметтік өміріне кедергі келтіретінін айтқан. Демек, біздің елдегі жастардың да уақыт тапшылығы мен жалғыздық сезімі – әлемдік құбылыспен үндес проблемалар.
Көптеген студенттің жұмыс істеуінің басты себебі материалдық қажеттілік екені сөзсіз. Қазіргі кезде жатақхана не пәтер ақысы, күнделікті тамақ шығыны, жолақы – бұлардың бәрі студенттік стипендия түгілі, кейде ата-анадан алатын қаражаттан да көп болып кетеді. Яғни бір пәтердің ақысына шамамен үш студенттің стипендиясы қажет. Осындай материалдық теңсіздік жастарды негізгі қажеттіліктерін өтеу үшін ерте бастан табыс табуға мәжбүрлейді. Бір жағынан студенттің жұмыс істеуі нарық заңдылғы. Сондықтан да жастар ерте жастан еңбек нарығына араласуға мәжбүр.
Жоғарыда айтқанымыздай, дуальды білім беру жүйесі де жастардың кәсіби дамуына жол ашты. Студент аптаның үш күнінде сабаққа қатысып, екі күнінде өндірісте тәжірибеден өтетін жүйе көптеген жоғары оқу орнында енгізілуде. Мысалы, дуальды жүйе қолданысқа енгізілген 120 университеттің 60%-ында студенттердің 70%-ы оқуды тәмамдамай жатып-ақ тұрақты жұмыс тауып үлгереді екен. Мұндай үрдіс Еуропада бұрыннан бар. Соңғы жылдары біз де соған қарай қадам бастық.
Қазіргі жастардың еңбек мәдениеті бұрынғыдан мүлде бөлек. Олар үшін жұмыс уақыты мен кеңсе ұғымы шектеу емес. Олардың басты қағидалары – еркіндік, креатив және жеке жауапкершілік. Сарапшылар мұны «жаңа еңбек этикасы» деп атайды. Мысалы, бір студент күніне төрт сағат фриланс жобамен айналысып, екі сағат дәріске қатысып, қалған уақытын өзін дамытуға жұмсауы мүмкін. Мұндай өмір ырғағы дәстүрлі 9-18 жұмыс күнінен әлдеқайда икемді. Қазіргі жастар өз еңбегін тек ақша табу көзі емес, өзін-өзі танудың тәсілі ретінде көреді. Олар қабілеттерін нарықта сынап көріп, жаңаша тәжірибе жинаудан қорықпайды. Бұл постиндустриалдық қоғамға тән жаңа сана.
Бүгінгі жастар жұмыс пен өмір арасындағы тепе-теңдікті өздері орнатқысы келеді. Бұл, бір қарағанда, артықшылық болғанымен, екінші жағынан, сынақ та. Әрине, еркіндікпен бірге жауапкершілік жүгі де артады. Жас буын өкілдері клиенттермен өздері келісіп, жұмыс уақытын өздері реттейтін болған соң, табыстары да тек өздеріне тәуелді. Тапсырмаларды уақытылы орындау, қаржы мен уақытты басқару мұның бәрі жұмыс істейтін студенттердің күн сайынғы дағдылары.
Қоғамда бұл құбылысқа түрлі көзқарас бар. Бірі жастардың ерте еңбек етуін өмір мектебі деп бағаласа, енді бірі оның білім сапасына әсері тимей ме деп алаңдайды. Алматы қаласының тұрғыны Әлия Әбілдаева ұлы университетте оқып жүріп жұмыс істей бастағанда қолдамағанын айтады.
Басында бәріміз қарсы болдық. Себебі баламның сабағы төмендеп кетеді ме деп қорықтым. «Жатақханада емес үйде жатасың. Саған қосымша табыстың не керегі бар. Барлығын әпереміз» деген сөздер де айтылды. Бірақ уақыт өте келе оның еңбекке ерте араласуы жауапкершілігін арттырып, өзіне деген сенімін күшейткенін байқадым. Қазір соңғы курста оқып жүр. Сабағы да, табысы да жаман емес, – дейді ол.
Расында да еңбек адамды ширатып, жауапкершілікті арттырады. Сондықтан болашақта университеттер жұмыс істейтін студенттердің сабақ және жұмыс кестесін үйлестіруді ойластырғаны жөн секілді. Сабақ уақытын икемді етіп, онлайн оқыту мүмкіндігін кеңейту керек шығар. Өйткені студенттердің еңбекке ерте араласуы – уақыт талабы. Қазірдің өзінде кейбір оқу орындары студенттерге «жеке оқу траекториясын» жасауға мүмкіндік беріп жатыр. Әр студент өз мүмкіндігі мен уақытына қарай оқу жоспарын реттей алады.
Мемлекет те жастардың бастамашылдығын қолдау шараларын күшейтуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастардың еңбек белсенділігін арттыруға арналған ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Онда студенттік кәсіпкерлікке гранттар беру, жеңілдетілген несие ұсыну, оқу кезінде практикадан өтуге арнайы орындар қарастыру көзделген. 2024 жылы 2000-нан астам жас кәсіпкер 400 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастаған. Бұл гранттарды иеленген жобалардың қатарында медиа стартаптар, экологиялық бастамалар, әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттары бар. Сонымен бірге «Жасыл ел», «Волонтер жылы» сынды бағдарламалар жастардың қоғамға пайдалы еңбекке араласуына жол ашты. Студенттер жаз айларында көгалдандыру, әлеуметтік көмек беру сияқты жұмыстарға қатысып, табыс табумен қатар қоғамға пайдасын тигізуде.
Жаңа буынның формуласы
Жастар – еліміздің стратегиялық капиталы. Олардың бойындағы энергия мен жаңашылдық еңбек нарығын да, қоғамды да өзгертіп жатыр. Бүгінгі буын тәуекелге бара біледі, өз ісіне сенеді. Білім мен еңбекті қатар алып жүру – осы буынның өмір философиясы. Бір күнде екі түрлі өмір сүргендей қарбалас тіршілік арқылы олар өз жолын қалыптастыруда.
Қорытындылай келе, қазіргі студенттер – ертеңгі Қазақстан экономикасының тірегі. Олар оқу мен еңбек арасындағы шекараны өшіріп, жаңа мәдениет қалыптастыруда. Мемлекет жастардың осы бастамаларын әрдайым қолдауы керек. Өйткені еңбек – тәжірибе мектебі, ал білім – болашақтың кепілі. Екеуі тоғысқан жерде жаңа ұлттың іргесі бекиді. Еңбек пен оқуды үйлестіре білген қоғам – өркендеудің алғышарты. Бүгінгі оқу мен жұмысты қатар алып жүрген жастар – жаңа дәуірдің айнасы, жарқын болашақтың бейнесі десек, артық айтқандық емес.

