Оқу-ағарту министрлігі

«Оқу бағдарламалары жаңарады». Жұлдыз Сүлейменова жаңа мәлімдеме жасады

18.03.2026 11:10

Қазақстанда білім беру саласы жаңа кезеңге қадам баспақшы. Мемлекет қабылдаған жаңа Конституция білім мазмұнын жүйелі түрде жаңартуға кең мүмкіндік беріп отыр. 

Бұл өзгерістер тек жекелеген деңгейлерді ғана емес, мектепке дейінгі тәрбиеден бастап орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру, қосымша білім беру мен тәрбие жүйесін толық қамтиды. Осы маңызды бағыттар жөнінде Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Жаңа реформалардың өзегі – білім беру мазмұнын сапалық тұрғыдан күшейту. Министрлік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын қайта қарап, оларды заман талабына сәйкестендіруді көздеп отыр. Сонымен қатар экологиялық білім беру стандарттарын әзірлеу де күн тәртібінде тұр.

Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтіп, білім сапасына көңіл бөлетін болады. Бұл бағыт оқушылардың тек теориялық білімін ғана емес, практикалық дағдыларын да дамытуға мүмкіндік береді, - дейді министр.

Қазіргі заман – технология дәуірі. Осыған байланысты білім беру жүйесінде ақпараттық технологияларға айрықша назар аударылады. Оқушылардың цифрлық құзіреттерін дамыту – басты міндеттердің бірі.

Ақпараттық технологиялар саласын және цифрлық құзіреттерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бастама жас ұрпақтың заман талабына сай білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Білім беру жүйесіндегі негізгі басымдық бастауыш сыныптарға беріледі. Себебі дәл осы кезеңде баланың болашақтағы оқу бағытын айқындайтын негізгі білім, дағды және құндылықтар қалыптасады.

Негізгі басымдық бастауыш деңгейін нығайтуға арналады. Себебі дәл осы кезеңде баланың алдағы білім беру жолын айқындайтын базалық білім қалыптасады. Сонымен қатар жыл сайын 1-сынып оқушыларына негізгі пәндердің жұмыс дәптерлері беріледі, - дейді ол.

Ал 5-9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға ерекше мән беріледі. Бұл оқушылардың ғылыми ойлауын дамытып, білімді терең меңгеруіне ықпал етеді.

Оқу бағдарламалары іргелі білімді кезең-кезеңімен нығайтуға арналады. Сондай-ақ 8-9 сыныптарда Қазақстан географиясы пәнін аптасына екі сағат көлемінде қайта енгізу қарастырылып жатыр.Ал жоғары сыныптарда барлық негізгі пәнді міндетті түрде оқыту заңнамалық тұрғыда бекітіледі, - дейді министр.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де маңызды өзгерістер жүзеге асады. Бұл бағытта білім беру мен өндіріс арасындағы байланыс күшейтіледі.

Металлургия, құрылыс және ІТ салаларындағы кәсіпорындармен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесі күшейтіледі. Бұл тәсіл студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Білім сапасы ең алдымен мұғалімге байланысты. Сондықтан педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың құзіретін дамыту және мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Мұндай тәсіл – сапаға бағытталған заманауи әрі тұрақты білім беру жүйесін қалыптастыру үшін зор мүмкіндік, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.