Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі: Соңғы 5 жылда ұстаздардың айлығы екі есеге артты

Оқу-ағарту министрі: Соңғы 5 жылда ұстаздардың айлығы екі есеге артты
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 05.10.2024 19:00 433

Ұстаздардың кәсіби мерекесінде Астанада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен салтанатты шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мерекелік шарада педагогтерді төл мерекелерімен құттықтаған министр оларға ұстаз мамандығына адалдық танытып, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудегі ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.

Сіздер зор мәртебелі, сонымен қатар халық алдында жауапкершілігі аса жоғары айрықша мамандық иесісіздер! «Ұстаздық –  мамандықтың төресі» дейді дана халқымыз. «Әділетті Қазақстан - Адал азамат - Озық ойлы ұлт»  тұжырымдамасын іске асыру  ұстаздардың  ел болашағы үшін атқарар қызметінің ауқымын кеңейтіп, маңыздылығын арттыра түсті. Себебі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру  ұстаз қызметімен тікелей байланысты. Сондықтан да кәсіби мереке күніне орай осындай аса мәртебелі де жауапты міндетті мойнына алып,  бар ынта-ықыласын, күш-қуатын  жас ұрпақ тәрбиесіне арнап жүрген Сіздердің еңбектеріңізге шексіз ризашылығымды және зор алғысымды білдіремін, - деді Ғани Бейсембаев.

Еліміздің бас ұстазының айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында педагог мамандығының беделін арттыру бойынша орасан зор шаралар жүзеге асырылды. Биыл «Ұстаз мәртебесі» туралы заңның қабылданғанына 5 жыл толады. Осы уақыт аралығында мұғалімдердің айлығы екі есеге көтерілді, олар қағазбастылықтан, артық жүктемеден, өз міндетіне жатпайтын жұмыстан босатылды, жаңа ынталандырулар белгіленіп, мүмкіндіктерге жол ашылды.

Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымының, материалдық-техникалық базасының жоғарғы талаптарға сәйкес жақсаруы мен жабдықталуына бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мемлекет тарапынан білім саласына соңғы жылдарда көрсетілген қамқорлықтың айқын мысалы бола алады.

Ведомство мәліметінше, Ғани Бейсембаев кәсіби жетістіктерге жеткен және оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен педагогтерді «Ы.Алтынсарин», «Құрмет», «Білім саласының үздігі» және басқа да ведомстволық наградалармен марапаттады. Іс-шара соңында қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті.

(Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға