ЖИ

OpenAI өзінің әлеуметтік желісін әзірлеуде

16.04.2025 19:00

Жасанды интеллект саласының көшбасшысы OpenAI — енді өз қызмет аясын кеңейтпек. ChatGPT моделін жасап, әлемге ЖИ-мен сөйлесудің жаңа мәдениетін ұсынған бұл компания енді әлеуметтік желі саласына бет бұруда.

Жақында ғана белгілі болғандай, OpenAI өз ішкі платформасында визуалды контент жасау, посттарды редакциялау және жазбаларға ЖИ арқылы стиль мен мән беру функцияларын қамтитын жаңа әлеуметтік желі прототипін әзірлеуде.

Мұндай шешім — компанияның тек технология жасаумен шектелмей, контент өндірісінің экожүйесіне белсенді кірісуге дайын екенін көрсетеді. Бұл платформа OpenAI-дің GPT моделін қолдануға ыңғайлы орта болумен қатар, пайдаланушының ЖИ мүмкіндіктерін барынша терең әрі күнделікті пайдалануына арналған алаң ретінде қызмет атқарады.

Платформа қандай болады?

Жоба әзірге тестілеу сатысында. Алайда инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, ол төмендегідей негізгі мүмкіндіктерді қамтиды:

  • Мәтінді автоматты түрде рефакторлау (жақсарту, стильдеу);
  • Пост тақырыбын GPT көмегімен ұсыну;
  • Визуал дайындау үшін DALL·E секілді генераторды біріктіру;
  • Аудио/видео синтез (келешекте);
  • Пайдаланушының жазу стилін тану және сол стильде жазу ұсыныстары.

Яғни, бұл — контент авторының көмекшісі ғана емес, толыққанды серігі. Ол жазбаға тақырып ұсына алады, сурет салып береді, тіпті пікір білдіру стиліңізді де талдайды.

Meta мен X-пен бәсекеге түсе ме?

OpenAI-дің бұл бастамасы сөзсіз X (бұрынғы Twitter) және Meta сынды платформалармен тікелей бәсекеге алып келеді. Айта кетейік, бұған дейін Илон Маск OpenAI-ге 97,4 миллиард долларға ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұсынысқа OpenAI бас директоры Сэм Альтман:

«Рақмет, бірақ қажеті жоқ. Қаласаңыз — біз Twitter-ді сізден 9,74 миллиард долларға сатып алайық», — деп жауап берген. Бұл реплика интернетте мемге айналды.

Осы контексті ескерсек, OpenAI-дің әлеуметтік желі құруы — Маскке «жауап» болумен қатар, контент пен қоғам арасындағы байланысты ЖИ арқылы қайта ойлап табу әрекеті де болуы мүмкін.

Meta компаниясы да өз жауабын беріп жатыр. Олар LLaMA моделін Facebook, Instagram желілері арқылы үйретіп, деректерді көпшілікке ұсынбай жабық форматта дамытуды көздейді. Ал OpenAI болса, керісінше, пайдаланушы өз контентін ЖИ дамытуға ерікті түрде ұсына алатын ортаны қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Бұл әлеуметтік желінің артықшылығы қандай?

Ең басты айырмашылық — интеллектуалды көмек. Яғни, желінің негізгі «функциясы» – адамның шығармашылық әлеуетін арттыру. Қолданушы жазбасын бастағанда GPT оған стиль, формулировка, идея, метафора, тақырып ұсынып отырады. Бұл — мәтін жазу дағдысы жоқ адамдар үшін де тартымды шешім.

Желінің тағы бір ерекше мүмкіндігі — жасанды интеллектпен бірге "автор болу". Постты GPT-мен бірігіп жазу, оны бірге редакциялау — бұл авторлық процесті толығымен жаңаша деңгейге көтереді.

Ол жеке қосымша бола ма, әлде ChatGPT ішіне біріктіріле ме?

Бұл әлі нақтыланған жоқ. Қазірше тек прототиптің ішкі демо-нұсқасы дайын. Кей сарапшылар бұл жүйе ChatGPT-дің ішкі функциясы ретінде қосылуы мүмкін десе, енді біреулері жеке мобильді қосымша ретінде шығуы ықтимал деп болжайды. Бұл шешім, ең алдымен, қолданушының контентті қалай тұтынатынына байланысты болмақ.

OpenAI-дің әлеуметтік желіге келуі — жай ғана платформа жасап көру емес. Бұл — контент, тіл, визуал және тұлға арасындағы шекараны бұзатын жаңа құрал. Егер жоба сәтті іске асса, біз шығармашылық пен әлеуметтік желілердің жаңа эволюциялық деңгейіне куә боламыз.

Яғни, болашақтағы желілер — тек «кім не жазды» деген емес, «кім қалай ойлады» және «ЖИ қалай көмектесті» дегенге» айналады.

Аршат Ораз