OpenAI GPT-5.2 моделін таныстырды
OpenAI компаниясы жаңа жасанды интеллект моделі – GPT-5.2-ні ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әзірлеушілердің айтуынша, бұл модель кейбір тапсырмаларда саланың ең үздік сарапшыларымен бір деңгейде жұмыс істей алады, тіпті кей жағдайда олардан да асып түседі. OpenAI GPT-5.2-ні күнделікті кәсіби қолдануға арналған ең үздік тілдік модель деп атап отыр.
GPT-5.2 алдыңғы нұсқалар сияқты Instant, Thinking және Pro форматтарында қолжетімді. Әр нұсқа тапсырманың күрделілігіне қарай пайдалануға бейімделген.
GPT-5.2 моделінің ерекшеліктері
Жаңа модель презентациялар мен электронды кестелер жасауда, бағдарламалық код жазуда, суреттерді талдауда, мәтін контекстін түсінуде және күрделі жобаларды басқаруда бұрынғы нұсқалардан әлдеқайда тиімді жұмыс істейді.
GPT-5.2 Thinking нұсқасы OpenAI-дің сарапшы деңгейінде немесе одан да жоғары жұмыс істей алатын алғашқыЖ-моделі ретінде сипатталады. Ол зияткерлік еңбекке қатысты GDPval тапсырмаларының 70,9%-ында үздік мамандардан жоғары нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар тапсырмаларды орындау жылдамдығы 11 еседен астам артқан және дәлдігі де едәуір жақсарған.
GPT-5.1-мен салыстырғанда, GPT-5.2 зерттеу жүргізу, мәтін жазу, деректерді талдау және шешім қабылдауға қолдау көрсету барысында қателік санын 30%-ға азайтқан. Дегенмен мамандар ЖИ берген жауаптарды міндетті түрде қайта тексеру қажет екенін ескертеді.
Логикалық ойлау және визуалды талдау
Модельдің логикалық ойлау қабілеті де айтарлықтай жетілдірілген. GPT-5.2 жүздеген мың сөзден тұратын көлемді құжаттарды терең талдай алады. Сонымен қатар диаграммалар, скриншоттар мен басқа да визуалды материалдарды бұрынғыдан әлдеқайда дәл түсінеді. Графиктер құру мен бағдарламалық интерфейстерді танудағы қателіктер саны екі есеге қысқарған.
Қолжетімді нұсқалар
Instant – қарапайым әрі жылдам тапсырмаларға арналған
Thinking – терең талдау мен контексті жақсы түсіну үшін
Pro – ең күрделі міндеттерге арналған, дәлдігі жоғары, бірақ баяулау жұмыс істейді
Қашан және кімдерге қолжетімді
GPT-5.2 қазірдің өзінде Plus, Pro, Go, Business, Enterprise жазылым иелеріне, сондай-ақ әзірлеушілер үшін API арқылы қолжетімді.

