OpenAI ChatGPT-ге ата-аналық бақылау жүйесін енгізді
OpenAI компаниясы жасөспірімнің ата-анасы берген сот шағымынан кейін ChatGPT-тің десктоп және мобильді нұсқаларына ата-аналық бақылау жүйесін қосатынын хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Калифорниялық отбасы баласының жасанды интеллектпен сөйлескеннен кейін өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеген еді.
Reuters дерегінше, жаңа жүйе кәмелетке толмаған қолданушыларға арналған қауіпсіздік пен құпиялылық деңгейін икемді түрде баптауға мүмкіндік береді.
OpenAI-дің ресми мәлімдемесінде ата-аналарға мынадай мүмкіндіктер берілетіні айтылған:
- жасөспірімдердің сезімтал контентке қол жеткізуін шектеу;
- чат тарихын сақтау функциясын басқару;
- диалогтардың компания моделін қосымша оқыту үшін қолданылуына рұқсат беру немесе тыйым салу.
Сонымен қатар «үнсіздік режимін» қосу мүмкіндігі пайда болады. Бұл режимде сервистің жұмысы уақытша бұғатталады. Бұған қоса дауыстық режимді, сурет генерациясы мен редакциялау функцияларын өшіруге болады.
Алайда ата-аналар жасөспірімнің хат алмасуына тікелей қол жеткізе алмайды. Тек ерекше жағдайларда – автоматты жүйелер немесе модераторлар қолданушыға қауіп төніп тұрғанын анықтағанда – ата-аналарға қажетті минималды ақпарат қана беріледі.
Бұл қадам АҚШ-тағы реттеуші органдардың жасанды интеллект саласындағы компанияларға бақылауды күшейтуімен тұспа-тұс келіп отыр. Себебі чат-боттардың теріс әсері жөнінде алаңдаушылық артып барады.

