Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге қандай жеңілдіктер бар?
Бурахан Дақановты еліміздегі ішкі көші-қон мәселесінің көшбасшысына айналған азамат десе де болады. Ол елдің болашағына бейжай қарамай, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың жаңа ортада орнығып қалуына бар күш-жігерін жұмсап жүрген жан. Петропавлдағы «Tauekel» көші-қон кеңсесін ашу арқылы ол тек бір мекемені ғана емес, талай тағдырдың жаңа бастауын қалыптастырып жүр. El.kz интернет порталының тілшісі ел тағдырын өзгертер істің алдыңғы шебінде жүрген азаматпен тілдесіп, сұхбат алған еді.
El.kz: Бурахан мырза, сұхбатымыздың басын ел ішіндегі көші-қон мәселесінен бастасақ. Көштің қарқыны баяулады ма, әлде керісінше күшейді ме?
Бурахан Дақанов: Салыстырмалы түрде алғанда, орташа деңгейде деп айтар едім. Бұдан да жақсырақ ұйымдастыруға, көбірек отбасыны тартуға болар еді. Көштің қарқыны кезінде жаңа үйлер көптеп салынып жатқан шақта жоғары болды. Қазір құрылыс тоқтаған соң, белсенділік біршама бәсеңсіді.
Бүгінгі таңда үкімет солтүстікке көшіп келгендерге үйдің жарты құнын төлеп береді. Мысалы, сегіз миллион теңгеге дейінгі баспананың жартысын мемлекет қаржыландырады, қалғанын өзің төлейсің. Бұл да бастапқыда үлкен ынталандыру болды, бірақ қазір аздап саябырсыды.
El.kz: Бастапқыда көшіп келгендер толықтай тұрақтап қалды ма, әлде қайта көшіп кетушілер бар ма?
Бурахан Дақанов: Солтүстік Қазақстан – бір шеңбердің ішіндегі түрме емес, әркім өз еркімен келіп, өз еркімен қайта көшіп кете алады. Әрине, кейде денсаулығына байланысты, климатқа бейімделе алмай немесе басқа жағдайлармен қайта көшетіндер болдаы. Бірақ он адамның алтауы немесе жетеуі тұрақтап қалса, ол – үлкен жетістік. Мысалы, он түп ағаш ексеңіз, соның бесеуі өсіп шықса оны жақсы нәтиже деп санайсыз ғой. Енді Қазақстанның әр азаматы кез келген жерде өмір сүруге хақысы бар. Солтүстік Қазақстанға келеді. Олар қайтып кетсе де, үкімет оның берген ақшаларын түгелімен өндіріп алады.
Үкімет көшіп келген әр азаматқа бір реттік 270 мың теңге көлемінде көмек береді. Бұл – отбасы мүшелерінің санына қарай әрқайсысына есептеледі. Сонымен қатар, үй алса, құнының жартысы мемлекеттен төленеді. Егер келісімшарттағы бес жылдық мерзімді толтырмай көшіп кетсе, мемлекет бұл қаржыны сот арқылы толықтай өндіріп алады.
Негізінен мал шаруашылығымен немесе ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар осында қалып қояды. Өйткені оңтүстікте жер мен жайылым тапшылығы сезіледі, ал солтүстікте табиғи ресурс жеткілікті. Осында келгендер шаруасын кеңейтіп, табысын арттыра алады.
Сондықтан көші-қон толқынын тоқтатуға болмайды. Неғұрлым көп отбасы келсе, соның ішінде қалғысы келетіндері тұрақтап қалады. Бұл – аймақтың дамуы үшін маңызды.
El.kz: Петропавлдың қақ төрінен ашылған «Tauekel» кеңсесі – көпшілік үшін жай ғана мекеме емес, бір жағынан ел тағдырын ойлайтын орын сияқты. Бұл идея қашан және қалай туындады?
Бурахан Дақанов: Бұл кеңсе – қазіргі көші-қон жұмысының ең қажет тетіктерінің бірі деп санаймын. Өйткені бізге Қытайдан, Моңғолиядан, Ресейден, Өзбекстаннан және басқа да елдерден азаматтар жиі хабарласады. Сондай-ақ оңтүстік өңірлерден немесе бұрын көшіп келгендер және алдағы уақытта көшіп келгісі келетіндер де жүгініп жатады. Кеңседе біз оларға тікелей карта көрсетіп, қай өңірде қандай ауылдар барын түсіндіреміз.
Кез келген істің тұрақтап, орнығатын орталығы болуы керек. Сол тұрғыдан алғанда, бұл кеңсенің ашылуы – біз үшін үлкен жетістік. Кеңсенің ашылуына облыс әкімдігі жанындағы жұмыспен қамту бөлімі себепкер болды. Олар көші-қонмен айналысуға мүмкіндік беріп, белгілі бір деңгейде оқудан өткізіп, қолдау көрсетті. Сол көмектің арқасында осы кеңсені іске қостық.
El.kz: Бір сөзбен айтқанда, «Tauekel» нені өзгертпек?
Бурахан Дақанов: Солтүстік Қазақстанға алғаш көшіп келген кезімде байқағаным – мұнда көшіп келушілердің мұңын жоқтайтын, мәселесін көтеретін, оларға тірек болатын бірде-бір ұйым жоқ екен. Сол себепті мен бұл ұйымды «үзеңгілестер» немесе «мақсаттастардың» орталығы деп санаймын. Әр көшіп келген адамның артында сүйенетін бір тірек, бір арқа болуы керек, міне, біз сол арқа болуды көздедік.

жеке мұрағат
«Тәуекел» атауын бекер қойған жоқпын. Өйткені менің ойымша, солтүстікке тек рухты адамдар ғана көшеді. Рухсыз адам тәуекелге бара алмайды. Жылы жақтан, екі мың шақырым жерден суық климатқа, боранды далаға көшу – кез келгеннің қолынан келмейді. Сондықтан бұл – нағыз тәуекелге бел буған жандардың таңдауы.
Ал мақсатымыз – көші-қон саясатын дұрыс бағытта жүргізіп, оның нәтижелілігін арттыруға үлес қосу.
El.kz: Солтүстік өңірлерде жұмыс орындарының жетіспеушілігі әлі де өзекті ме? Көшіп келгендердің кәсіп ашуына немесе жұмысқа орналасуына қандай мүмкіндік бар?
Бурахан Дақанов: Салыстырмалы түрде айтсақ, біздің облыста бар-жоғы 530 мың адам тұрады. Ал Түркістан облысында шамамен 2,5 миллион, оған Шымкентті қоссаңыз – 4 миллионға жуық адам бар. Жер көлемі жағынан аса айырмашылық жоқ, бірақ халық саны бізде сегіз есе аз.
Содан туындайтын басты мәселе – жұмыс күшінің тапшылығы. Біздің облыс негізінен жер мен мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болғандықтан, механизатор, қарапайым малшы, ауыл шаруашылығы жұмысшылары үнемі жетіспейді. Бұл – өте өзекті мәселе. Кейбір ауылдарда тіпті әкім жоқ, мектептерде директорлардың орны бос тұр. Қысқасы, кадр тапшылығы бізде әрқашан болады.
El.kz: Соңғы бір-екі жылда Солтүстікке қанша отбасы көшіп келді?
Бурахан Дақанов: Жыл сайын мемлекеттен көші-қонға бөлінетін субсидия белгілі бір адам санына есептеледі. Мысалы, соңғы жылдары бұл көрсеткіш шамамен 2 400 адамды құрап отыр. Бұл жоспар жыл сайын орындалып келеді.
El.kz: Көші-қон процесінде қандай кедергілер бар?
Бурахан Дақанов: Үкімет бұл бағдарламаны жасағанда былай ойлайды: оңтүстіктен бір адамды әкеліп, оған субсидиясын беріп, жұмысын тауып беріп, баспанасын қамтамасыз етсе, бәрі жақсы болып кетеді деп. Бірақ шын мәнінде, олай емес.
Материалдық жағынан қолдау – бір бөлек, ал рухани және әлеуметтік бейімделу – мүлдем басқа мәселе. Көшіп келген адамның адаптациясы, интеграциясы, социализациясы бағдарламаның ішінде қарастырылмаған. Мысалы, кейбір қоныс аударушылар осы жақта бірнеше жыл тұрып, жергілікті азаматтың үйіне қонаққа барып көрмеген. Бұл – араластыру, таныстыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді.
Адам үш-төрт жыл бойы ешкіммен араласпай, тек мемлекетпен жасаған келісімшарттың талабын орындау үшін ғана өмір сүрсе, әрине, мерзімі біткен соң қайтып кетеді. Сондықтан тек материалдық қолдаумен шектелмей, әлеуметтік және мәдени бейімдеу жұмыстарын да ұйымдастыру қажет.
El.kz: Мемлекеттік бағдарламалар көшіп келушілердің нақты сұранысына толық жауап бере ме? Қай тұста өзгеріс қажет деп ойлайсыз?
Бурахан Дақанов: Меніңше, ең басында Үкімет бұл мәселені еңбек министрлігінің құрамындағы жұмыспен қамту бөліміне тапсырып, қателік жасады. Соның салдарынан солтүстікке көшіп келгендердің көбі – оңтүстікте дипломы бар, бірақ тұрақты жұмысы жоқ, бәсекеге қабілеті төмен азаматтар болды. Өкінішке қарай, олардың кейбірі бұл жақта да орныға алмай жүр.
Шын мәнінде, әр өңірдің өз ұсынатын ресурсы бар. Солтүстік Қазақстан облысы – мал шаруашылығы мен агроөнеркәсіп саласында әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан бізге көшетін негізгі аудитория – ауыл шаруашылығы министрлігінің бағытындағы адамдар болуы керек. Яғни жерді игеріп, оның әлеуетін кәсіпке айналдыра алатын, пайдаға жарата алатын азаматтар келуі тиіс.
Мысалы, өмір бойы мұғалім, дәрігер немесе құқық қорғау органдарында қызмет еткен адамға жер берудің пайдасы шамалы. Өйткені ол жерді өңдеуге тәжірибесі де, техникасы да, оны алуға қаржысы да жоқ. Ал жер, техника, мал шаруашылығы сияқты ресурстарды тиімді пайдалана алатын адамдарды көшірсек, олар бұл өңірде тұрақтап қалу ықтималдығы әлдеқайда жоғары болады деп ойлаймын.
El.kz: Алдағы уақытта «Tauekel» қандай жаңа жобаларды жүзеге асырмақ?
Бурахан Дақанов: Біздің мақсатымыз өте ауқымды. Ең бастысы – көшіп келген азаматтарды осы өңірде орнықтырып, тұрақтап қалуына жағдай жасау, олардың өсіп-өнуіне мүмкіндік беру. Осы жолда бізде көптеген ірі ойлар мен жоспарлар бар.
Дегенмен, біз – үкіметтік емес ұйымбыз. Сол себепті Үкімет тарапынан да, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да тұрақты қаржылай қолдау қажет. Соңғы бір жылдың ішінде талай есікті қағып жүріп Жұмыспен қамту бөлімі аясында бізге он айлық мерзімге 10 миллион теңге бөлінді. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік болды.

