Оңтүстік Кореяда ұшақ апатқа ұшырап, 179 адам қаза тапты
Бүгін таңертең Бангкоктан Оңтүстік Кореяға бағыт алған Jeju Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Муан қаласындағы халықаралық әуежайға қону кезінде болған оқиға салдарынан борттағы 181 адамның 179-ы қайтыс болған. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның өрт сөндіру агенттігі мәлімдеді.
Ұшақ таңғы сағат 9:07-де қонуға әрекет жасаған. Бірақ ұшу-қону жолағынан шығып, әуежайдың қоршауына соғылған. Апат салдарынан ұшақ жарылып, өртеніп кетті. Алғашқы мәліметтер бойынша, 28 адамның қаза болғаны және бірнеше адамның жараланғаны хабарланған еді. Кейінірек апаттан аман қалған екі адам ғана екені белгілі болды.
Әуежай тарапы ұшақ апатқа ұшыраған кезде шассидің дұрыс жұмыс істемегенін мәлімдеді. Пилот апаттық жағдайда қонуға тырысқанымен, бұл әрекет сәтсіз аяқталған. Куәгерлер шассидің дұрыс ашылмағанын және ұшақтың жайсыз ауа райы немесе құстармен соқтығысу себебінен апатқа ұшыраған болуы мүмкін екенін айтып отыр.
Осыдан төрт күн бұрын Ақтау халықаралық әуежайы маңында тағы бір ірі әуе апаты болған еді. Онда Azerbaijan Airlines компаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам өлім құшты. Тағы 28 адам тірі қалды.