Boeing AH-64A APACHE APACHE  - © by Robert Kysela

Оңтүстік Корея АҚШ тікұшақтарынан бас тартты

Оңтүстік Корея Boeing AH-64E Apache Guardian тікұшақтарының қосымша партиясынан бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы америкалық Defense News басылымы жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Журналистердің мәліметінше, бұл тікұшақтарды сатып алу туралы келісімге 2023 жылдың тамыз айында қол қойылған. Келісім аясында АҚШ Оңтүстік Кореяға 3,5 миллиард доллар көлеміндегі 36 әскери тікұшақты сатуы тиіс болған. Алайда 2025 жылдың шілдесінде Сеул бұл ұсыныстан ресми түрде бас тартты.

Айта кетейік, 2016-2017 жылдары Оңтүстік Корея дәл осы тікұшақтың алғашқы партиясын - 36 бірлікті сатып алған болатын.

Басылым мәліметінше, Apache тікұшақтары бастапқыда Солтүстік Кореяның жылдам жүретін катерлері мен броньді техникасына қарсы қолдану үшін алынбақ болған. Алайда Корея Республикасының Ұлттық жиналысы жанындағы Қорғаныс комитеті Украинадағы соғыс тәжірибесіне сілтеме жасай отырып, әскери стратегияны қайта қарауды ұсынған.

Осыған байланысты Оңтүстік Корея билігі қаржыны заманауи әрі өзекті бағыттарға, атап айтқанда, дрон технологияларын дамытуға бағыттауды жөн деп шешті.