Жаңалықтар

Онлайн білім оңай ма?

Қашықтықтан білім алу туралы
04.03.2016 11:02 9758

Ақпараттық заманның ағыны білім берудің жаңа жүйесін алып келді. Ол – қашықтықтан оқыту немесе онлайн білім беру.  Бұл оқушы мен ұстаздың сыныпта емес виртуалды әлемде жолығуы. Жай ғана жолығып қана қоймай, білім беру заңдылықтарын сақтай отырып ақпарат алмасуы.

Қашықтықтан оқыту біз ойлағандай жаңа пайда болған әдіс емес. Оның тарихы сонау он сегізінші ғасырда, поштаның пайда болуымен қатарлас. Студент қажетті кітаптарды пошта арқылы алып, ұстазымен оқу барысында хат алмасып тұрған.  Ал, емтиханды ұстаздың сол қаладағы сенімді адамына немесе ғылыми жұмыс ретінде жазбаша тапсыратын болған.  1990 жылдары «дербес компьютерлер» көпшілікке қол жетімді бола бастады. Бұл онлайн білім берудің дамуына жаңа серпіліс берді. Мысалға, АҚШ-та кашықтықтан білім алушылардың саны күрт артуына байланысты үкімет білім беру мекемелерінде бұл әдістің елу пайыздан аспау керектігі туралы заң қабылдауға мәжбүр болды.

Онлайн білім оңай ма?

Сонымен, онлайн білім берудің қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Бұл әдістің қоғамға тигізер пайдасы қандай? Алдымен пайдалы тұсын саралайық.

Біріншіден: Қашықтықтан оқыту – білім алушының ақшасын үнемдейді. Ол үшін сізге бар болғаны ғаламторға қосылған жеке компьютер керек.  Мысалға: КАЗГЮУ университетінде  (Астана қаласы) қашықтықтан білім алу бағасы жылына 200 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніміз күндізгі оқу формасынан (бакалавр) 280 мың теңгеге арзан. Бұл сомаға Астана қаласының тұрғыны болмасаңыз пәтер ақысын, жол ақысын және күнделікті тамаққа жұмсайтын қаражатты қосыңыз. Ал онлайн білімді шет елдің университеттерінде  алғысы келетіндер мақаламыздың соңында Ұлыбританияның Оксфорд университетінде білім алған Сауданбай Алмас есімді азаматтың сұхбатынан оқи алады.

Онлайн білім берудің екінші артықшылығы: Әлеуметтік тең құқықтылығында. Қазақстанда миллионға жуық адам мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алады.  Жоғарғы білім – олар үшін өз шектеулерінің орынын толтыратын үлкен мүмкіндік десек қателеспейміз. Осыған орай 2011 жылы елімізде «Мүмкіндігі шектеулі жандарды қашықтықтан оқыту орталығы» ашылған болатын. Аталған орталықтың көмегімен Владислав Демьянов есімді азамат алғаш болып  экономика саласында «Туран» университетінде кандидаттық диссертация қорғап шықты.

Үшіншіден: Онлайн білім беру барысында мұғалім студентке қажет барлық кітаптар мен материалдардың электронды нұсқасын береді. Бұл дегеніміз, оқушы пәнді игеру барысында қосымша ақпарат іздеп кітапханалар мен кітап дүкендерін аралап уақыт жоғалтпайды.

Онлайн білім оңай ма?

Дегенмен, онлайн білім осыншалық қолайлы әрі тиімді болса, барлығын қойып неге қашықтықтан білім алуға көшпейміз деген сауал мазалап отырған болар? Ендеше бұл әдістің кері жақтарын біле отырыңыз.  

Психологтардың пікірінше, қашықтықтан білім алушының оқуға деген ынтасы болмаған жағдайда ондай студентке ұстаз көп көмек көрсете алмайды. Ал университет қабырғасында өзінің харизмасымен кез-келген студенттің оқуға деген ынтасын оятып, ғылымға деген құлшынысын арттыратын ұстаздар көптеп кездесетіні белгілі. Онлайн білім берудің тағы бір кемшіл тұсына тәртіп мәселесін жатқызуға болады. Оқушы күнделікті болатын дәрістерді өткізбей тыңдап, берілген тапсырманы уақытылы орындамаса, оқуға төлеген ақша ауаға кетті деген сөз. Статистика бойынша онлайн білім алушы студенттердің қырық пайзы оқуды соңына дейін аяқтамайды. Олардың белсенділігін, тәртібін білім беруші мекеме қадағаламайды. Сондықтан қашықтықтан білім алушы өзін темірдей тәртіпке үйретіп, берілген материалдарды толығымен игеруге тырысуы қажет.

Онлайн білім оңай ма?

Сауданбай Алмас – Ұлыбртанияның Оксфорд университетінде қашықтықтан білімін жалғастырған маман.

El.kz: Алмас, қашықтықтан білім алуға қашан шешім қабылдадың және оған кім түрткі болды?

Сауданбай Алмас: Қателеспесем 2013 жылдың күзі еді. Ол кезде Алматы қаласындағы IT университетінде оқып жүрген болатынмын. Бізге жарты семестрге дәріс беруге Канададан профессор келді. Сол кісінің кеңесіне жүгініп оқуымды тәмамдаған соң Оксфорд университетінде білімімді жоғарылатпаққа шешім қабылдадым. Оқу 10 аптаға созылды.

El.kz: Онлайн білім алушы қандай қиындықтарға жолығуы мүмкін?

Сауданбай Алмас: Бүгінгі таңда онлайн білім ұсынатын оқу орындары өте көп. Әрине, олардың ішінде шын мәнінде оқуға тұрарлық білім беретіндері де, қашықтықтан білім беруді жай ғана ақша табудың көзіне айналдырғандары да бар. Сондықтан, онлайн білім алуды бастамас бұрын, студентке ыңғайлы, білім нарығында өзін дәлелдеген, дұрыс платформа ұсынатын білім ордасын таңдау өте маңызды. Мысалы: COURSERA, EDX, UDACITY секілді оқу платформалары әлемге кеңінен танымал. Олардың тіпті мобилді жүктемелері да бар. 

El.kz: Әлемнің ең белді университеттерінің бірінде білім алу қымбатқа түскен болар?

Сауданбай Алмас:  Шын мәнінде бұл ел арасында кең таралған қате пікір. Мен он апталық оқу курсына алпыс мың теңге ғана жұмсадым. Алған білімім мен сертификатым Қазақстандағы ең ірі компаниялардың біріне жұмысқа тұруыма себепші болды. Сондықтан ешқашан өкінген емеспін.

P.S.

Білім алғысы келетін адамға ешқандай шекара жоқ. Бұл жаңа ғасыр ұраны. Жер шарының басқа бөлігінде өтіп жатқан белгілі профессордың дәрісін үйіңізден шықпай-ақ тыңдау – ғылымдағы үлкен жетістік. Елдің тірегі білікті мамандар болса, шығар биігіміз де, алар асуымыз да білімге келіп тірелмек. Сондықтан, онлайн білімнің оңтайлы тұсын ғылым іздеген әр азамат  біліп жүргені абзал.


Әлпи РҮСТЕМ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға