коллаж El.kz

Онлайн кеш сатып алу қажеттілік пе, әлде ысырапшылдық па?

08.07.2025 19:45

Цифрлы дәуір өнер сахнасының пішінін түбегейлі өзгертті. Бұрын тыңдарман концертке бару үшін арнайы залға ағылатын. Қазір сахна – қалтада. Интернет – өнер иелерінің жаңа алаңы. Әсіресе пандемиядан кейін бұл үрдіс кең қанат жайды. Енді сахнаға шығу үшін микрофон мен көрерменнен бұрын интернет байланысы мен контент қажет. Қазақстандық жұлдыздар да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Мысалы, Қайрат Нұртастың 999 теңгелік онлайн концерті мен Нұрлан Қоянбаевтың TikTok-тағы интерактивті шоуы – жаңа сахнаның жарқын мысалдары.

Қайрат Нұртас: 999 теңгеге – миллиондық мүмкіндік

Қазақ эстрадасының белді өкілі Қайрат Нұртас ұзақ жылдар бойы стадиондар мен ірі концерт залдарын тыңдарманға лық толтырып келді. Алайда соңғы жылдары ол да уақыт талабына бейімделіп, шығармашылығын онлайн кеңістікке бағыттай бастады. Күні кеше Астанада өткен жеке концертінде зал көрерменге лық толды. Сонымен қатар, кешке қатыса алмаған тыңдармандар концертті онлайн тамашалау  мүмкіндігіне ие болды. Онлайн билет құны – 999 теңге. Бір қарағанда, бұл символикалық баға секілді көрінуі мүмкін, дегенмен, бұл қадам өнер мен табыстың жаңа формуласын айқындайтын көрсеткішке айналып отыр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Айханым Дуйсенова (@aihanim.duisenova4)

Онлайн концерт форматының артықшылықтары:

  • Қолжетімділік: Елдің түкпір-түкпіріндегі көрермен концертті үйден шықпай-ақ тамашалай алады.
  • Тікелей табыс: 10 мың адам билет алса – 9,9 миллион теңге.

Әрине, мұндай форматта залдағы шынайы эмоция, жанды дауыс пен көрермен мен орындаушы арасындағы байланыс жетіспейді. Бірақ соңғы уақытта тыңдармандар да, өнер адамдары да бұл жаңа тәсілге үйреніп, қабылдай бастаған сияқты.

Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойы-онлайн трансляция трендіне себеп болды

Қоғамда интернет арқылы мәдени шара тарату форматы тек Қайрат Нұртастың концертімен шектелмейді. Бұған дейін «МузАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев ұлының тойын онлайн көрсетіп, желіне шулатқан еді. Осы оқиғадан кейін халық арасында түрлі пікір қалыптасты: бірі мұны заман талабына сай қадам деп бағаласа, енді бірі жеке өмір мен көпшілік назарының ара жігін ажырата білу керек деген ой айтты. Бұл мысал – интернеттегі сахнаның мүмкіндігі мен тәуекелін қатар айқын көрсетіп берген жағдайлардың бірі.

Нұрлан Қоянбаевтың TikTok-шоуы: классикадан цифрлы сахнаға бетбұрыс

Продюсер әрі тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев соңғы уақытта онлайн кеңістіктегі белсенділігін күшейтіп келеді. Ол көпшілікке «Түнгі студия» бағдарламасы арқылы жақсы таныс. Енді сол тәжірибесін TikTok-та жаңа форматта жалғастыруда. Ол өз парақшасында арнайы камера орнатып, студиялық форматта қонақтармен бірге тікелей эфир жүргізе бастады. Бұл – бұрынғы дәстүрлі телевизиядан мүлде өзгеше, тың формат.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от @nurlankoyanbayev_

TikTok-тағы эфирлер өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Ең алдымен, бұл контенттер қысқа әрі ықшам, сонымен қатар жеңіл әрі тартымды. Екіншіден, күнделікті жаңарып отыратын түрлі тақырыптар көрерменнің қызығушылығын үнемі ояу ұстайды. Үшіншіден, Қоянбаев студиясына әртүрлі қонақтар шақырып, олармен ресми емес, еркін сұхбат құрмақ. Ең бастысы – көрерменмен тікелей, ашық байланыс орната алуы.

Осы формат арқылы ол аптасына бес күн эфирге шығып, әртүрлі бағыттағы мазмұнды қамтуға тырыспақ. Бұл – қазіргі интернет қолданушысының талғамына сай, жедел әрі заманауи тәсіл. Қазір TikTok тек би мен әзілдің алаңы емес, сонымен қатар подкасттар, білім беру жобалары және кәсіпкерлікке арналған пайдалы контенттердің орталығына айналып келеді.

Мұндай жобалар, әдетте, жарнама мен демеушілер есебінен қаржыландырылады. Яғни, қызықты әрі пайдалы контент қана емес, табыс көзіне де айналып отыр.

Цифрлы сахнаның болашағы қандай?

Интернет сахнасы – уақыттың талабы. Бүгінде кез келген өнер иесі әлеуметтік желі мен цифрлы платформаларда белсенді болмаса, көрерменінен алыстап қалуы әбден мүмкін. Себебі қазір көрерменнің өзі сахнада емес, смартфонның ар жағында отыр. Сахнасыз сахна – өнер адамдарына жаңа еркіндік береді. Мұнда продюсердің бақылауы да, келісімшарттың шектеуі де жоқ. Өнер иесі өз қалауынша, өз ырғағымен шығармашылықпен айналыса алады.

Бірақ онлайн табыстың да өз ережесі бар. Кім көрерменнің көңілінен шыққысы келсе, үш негізгі нәрсені естен шығармауы керек:

Контент сапасы – көрермен бірінші кезекте не көріп отырғанын бағалайды;

Байланыс – аудиториямен шынайы әрі тұрақты қарым-қатынас орната білу маңызды;

Жаңа форматты игеру – интернет өз тәртібімен өмір сүреді. Сол тәртіпке бейімделе алған адам ғана алға шығады.

Қорытынды

Цифрлы сахна – бүгінгі өнер адамдары үшін жаңа мүмкіндікке айналды. Бұрын тек үлкен концерт залдары мен телеарналарға тәуелді болған өнер иелері енді көрерменімен тікелей байланыс орната алатын кезеңге жетті. Бұл жол пандемия кезінде амалсыз басталғанымен, бүгінде шығармашылықтың бір бағытына айналды.

Қазір табысты болудың бір ғана жолы бар деу қате. Бірақ уақыт ағымына бейімделіп, онлайн кеңістікті өз пайдасына икемдей білгендер ұтылып жатқан жоқ. Керісінше, жаңа аудитория жинап, жаңа деңгейге көтерілуде. Ал бұрынғы форматқа байланып қалғандар — баяғы шаң басқан сахнаның көлеңкесінде қалуы мүмкін. Өнер өзгеріп жатыр. Көрермен де, құрал да басқаша. Бастысы – шынайылық пен тынымсыз ізденіс болса, сахна қай жерде екені маңызды емес.