Жаңалықтар

Өңірлік әуежайларды қолдау үшін субсидиялау тетігі қарастырылады

Бұл туралы ИИДМ мәлім етті
Өңірлік әуежайларды қолдау үшін субсидиялау тетігі қарастырылады
Фото: atameken.kz 10.01.2023 11:42 1100

Ұшу қауіпсіздігін арттыру және жерді пайдалануды шектеу үшін, сондай-ақ әуежай маңындағы аумақта объектілер салу үшін Жер кодексіне жер учаскелерін беруді реттейтін норма енгізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

2022 жылдың 29 желтоқсанында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. Соған сәйкес азаматтық авиацияға қатысты «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға, Жер кодексіне, Еңбек кодексіне және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Аталған заң азаматтық авиация қызметін реттеу тетігін одан әрі жетілдіруді, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті арттыруды, сондай-ақ әуе көлігі қызметтерін пайдаланатын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды түзетулерді қамтиды.

Мәселен, ұшу қауіпсіздігін арттыру және жерді пайдалануды шектеу үшін, сондай-ақ әуежай маңындағы аумақта объектілер салу үшін Жер кодексіне әуеайлақ маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алуды талап ететін әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнаманың ережелерін ескере отырып, әуеайлақ маңындағы аумақта жер учаскелерін беруді реттейтін норма енгізіледі.

Бұдан басқа осы заңда халықаралық әуежайлар үшін әуежай инфрақұрылымын дамытудың нақты кезеңдерін және басым міндеттер тізбесін қамтитын бас жоспарды бекіту жөніндегі ереже белгіленеді. Бұл тасымалдау көлемінің болжамды өсуін ескеруге, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жер учаскелерін қамтамасыз етуге, халықаралық стандарттардың, оның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің де сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Қаржылық қиындықтарға тап болған және өзінің операциялық шығындарын қамтамасыз ете алмайтын өңірлік әуежайларды мемлекеттік қолдау мақсатында субсидиялау тетігі қарастырылады.

Сондай-ақ авиакомпаниялардың мобильді нөмір мен электронды пошта арқылы жолаушыларды рейс мәртебесінің өзгеруі туралы, оның өзгеру себептері және рейстің өзгерген уақыты туралы немесе жаңа маршрут туралы, сондай-ақ рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты авиакомпаниялар ұсынатын қызметтер тізбесі туралы уақтылы хабардар етуді міндеттейтін нормалар көзделіп отыр. Жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жолаушыны межелі пунктке уақтылы жеткізбегені үшін жіберілген әр сағат үшін тариф (мерзімі өткен ұшу учаскесінің тарифі) құнының 3% мөлшерінде тасымалдаушы компанияларға айыппұл салу қарастырылған.

Сонымен қатар заңда әуе тасымалдаушылардың да мүддесі ескерілген. Айталық, компанияларға «жолаушылардың қара тізімін» жасауға рұқсат етіледі. Яғни, әуе көлігі арқылы жүруге шектеу қойылған адамдардың тізімі жасалмақ. Демек осы тізімге енгізілген жолаушы рейске жіберілмейді. Бұған қоса жолаушы әуе кемесінің бортында құқық бұзушылық жасаған жағдайда тиісті заңға сәйкес әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген кезде немесе осы бұзушылығы үшін айыптау үкімі негізінде бір жыл мерзімге дейін аталған тізімге енгізілуі мүмкін.

Бұдан бөлек осы реформа ұлттық заңнаманы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен шетелдің озық тәжірибесімен одан әрі үйлестіруге бағытталған.

Атап айтқанда, азаматтық авиация қызметіне әуедегі оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну жүйесі арқылы авиациялық персоналдың еңбек құқықтарын қорғау тетігін көздейтін «әділетті мәдениет» қағидаты енгізіледі. Сондай-ақ азаматтық авиация ұйымының бірінші басшысының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі, сол секілді белгілі бір санаттағы әуеайлақтарды сертификаттау үшін жауапкершілігі қарастырылады. Бұған дейін бұл талап әуеайлақтардың барлық санатына қолданылып келді.

Осы ретте ашық теңіздің аймағындағы немесе дербестігі белгісіз әуе кеңістігінде де әуе қозғалысының қызметін реттеу мәселелері шешілетінін айта кетейік. Бұдан басқа авиациялық инспекторлар өз қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамаса, жауапқа тарту мәселелері қарастырылып, ұшқышсыз басқарылатын әуе жүйелеріне байланысты сертификаттау тәртібі енгізіледі. Мысалы, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеп, оларды пайдалануға арналған аймақтарды айқындауға ықпал етеді. Сондай-ақ «ұшқышсыз авиациялық жүйе» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіледі.

Тұтастай алғанда, енгізілетін өзгерістер авиация қызметінде мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттырып, азаматтық авиация субъектілері үшін кейбір аспектілерді нақтылап, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жол ашады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға