«Өнерді тастап, маған тұрмысқа шық...» Салтанат бейнесіндегі Жанна туралы тосын деректер
1975 жылы 10-сыныпта оқитын Жанна Қуанышеваның жұлдызы бір күнде жанады. Өйткені ол «Гауһартас» фильмінде Салтанат рөлін сомдап, қазақ киносына мәңгілік бейне қалдырды. Мектеп емтиханы мен түсірілім арасында қатар жүріп, жас актриса нағыз қазақ келінінің нәзіктігі мен ішкі сұлулығын экранға әсем жеткізді. Уақыт көшіне ілескен талай туынды ұмыт қалса да, бұл картина көрермен жадында жаңғырып тұр. Салтанат бейнесі көрерменнің жүрегінде қалай есте қалды? Түсірілім кезіндегі айтылмаған құпиялар мен Жанна Қуанышеваға қатысты тосын деректерді ұсынамыз.
Кино әлеміндегі жарқын жолы
Жанна Қуанышева 1975 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясының фильміне түсе бастады. Сол жылы экранға шыққан «Махаббат туралы аңыз» фильмінде екі ғашықтың асқақ сезімін баяндайтын туындыда Алма рөлін сомдады.
1975 жылы режиссер Шәріп Бейсембаевтің «Гауһартас» көркем фильмі (Храни свою звезду) көрерменге жол тартты. Бұл картинада актриса Салтанат рөлін орындады. Кейіпкері – қарт шопанның отбасына келін болып түскен мейірімді, нәзік жанды әйел. Салтанат сол шаңыраққа махаббат пен жылылық, ән мен шаттық алып келеді.
1976 жылы Фрунзеде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде осы фильмдегі рөлі үшін «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне ие болды.
1982 жылы режиссер Виктор Пусурманов түсірген, Ғабит Мүсіреповтің аттас әңгімесі желісімен түсірілген «Қауын» лирикалық кинокомедиясында Зайра бейнесін сомдады. Фильмнің басты кейіпкері өзінің адалдығы мен кең пейілі арқылы айналасындағылардың ықыласына бөленеді.
Кейін актриса «Өгей әке» (Әлия), «Жау, қорық тоғызыншы ұлдан» (Күнкей), «Ұш, тырна» (Әсел) фильмдерінде есте қаларлық бейнелер жасады.
2000 жылдардан бастап қазақ фильмі мен телехикаяларына жиі түсіп, шығармашылығын одан әрі дамытады. 2001 жылы «Алтын Адам» ұлттық фестиваль-байқауында «Жыл актрисасы» атанды. Сондай-ақ 2001 жылы «Құрмет» және 2008 «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Осылайша, Жанна Қуанышева халық жадында «Гауһартастағы» Салтанат, «Тоғызыншы ұлдан сақтандағы» Күнікей, «Перекрестоктағы» Жанна Сабирова рөлдері арқылы көрерменнің көкейінде мәңгіге қалған актриса. Аталған фильмдерден басқа 40-қа таяу кино туындыда ойнады.
Өміріндегі ең ұлы махаббат
Жанна Қуанышеваның өміріндегі ең үлкен махаббат – актер Жамбыл Құдайбергенов болды. 1975 жылы танымал актер Жамбыл Құдайбергеновке тұрмысқа шығады. Сол жылы Ержан есімді ұлы дүниеге келеді. Олар «Махаббат туралы аңыз» фильмінің түсірілім алаңында танысып, өмірінің соңына дейін бірге болды.
Бұл актерлік ортадағы ең жұлдызды жас отбасы болатын, оларды Ромео мен Джульетта деп атаған. Бүгінде ұлы Ержан Құдайбергенов – танымал қазақстандық суретші, дизайнер.
Жамбыл Құдайбергенов – Мәскеудегі ВГИК-ті бітірген, 40-қа жуық фильмге түскен, 1990 жылы Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі атағын алған өнер иесі. Күйеуі Жамбыл небәрі 41 жасында 1990 жылы қайталанған екінші инсульттен кейін дүниеден озады.
Тірегі өмірден өткесін көп жылдық қайғыдан кейін актриса қайта тұрмыс құрады. Екінші күйеуі – Мәскеудегі танымал оператордың бірі.
«Гауһартас» фильміне – 51 жыл
Биыл қазақ киносының жауһарына айналған «Гауһартас» көркем фильміне – 51 жыл. Жарты ғасырдан асса да, көрермен жадынан өшпеген, санасына мәңгілік жатталып қалған туындылардың бірі. Фильмнің өміршеңдігінің сыры – актерлік құрамның қуатында, режиссерлік шешімнің шеберлігінде және ең бастысы, Салтанат бейнесін сомдаған актрисаның табиғи болмысында жатыр.
«Қазақтың келіні қандай?» деген сұрақ қойылса, көптің ойына бірден Салтанат оралады. Оның ұяң да биязы жүзі, ішкі сабыры мен әйелге тән нәзіктігі ұлттық келіннің жиынтық бейнесіндей әсер қалдырады.
Арада 51 жыл өтсе де, фильмде көтерілген мәселелер – отбасы жауапкершілігі, әйелдің орны, адамгершілік пен сабыр – әлі де өзекті. «Гауһартас» уақыт сынынан сүрінбей өткен туынды ретінде құнын жойған жоқ.
Салтанат рөлін сомдаған Жанна Қуанышева фильмге түскен кезде небәрі 10-сыныптың оқушысы еді. Соған қарамастан, жас келіннің образын сәтті алып шығады.
«Жас келіннің рөлін сомдау қиынға соқпады ма?» деп сұрайтындарға актриса:
Түсірілім кезінде аса қиналған жоқпын. Себебі менімен бірге Әмина Өмірзақова, Қаукен Кенжетаев, Әнуар Боранбаев, Досхан Жолжақсынов сынды кәсіби шебер актерлар ойнады. Әмина апайдың қолынан ұстап, ізінен қалмай, жұмысын бақылап жүрдім. Ол кісі маған көп нәрсе үйретті, – деп еске алады актриса.
Басты кейіпкер Салтанат бейнесін сомдаған Жанна Қуанышева нағыз қазақ келінінің бейнесін көрсетіп, көрерменнің көңілінен шықты. Ал оның күйеуі Тастан рөлін сомдаған Әнуар Боранбаев салқын мінезді, ішкі тартысы мол ер-азаматтың бейнесін шынайы жеткізді.
Осылайша, Салтанат пен Тастан тағдыры қазақ киносының алтын қорына енген мәңгілік образдарға айналды.
Түсірілімдегі құпиялар
Салтанат рөліне үміткерлер көп болған. Бірақ режиссер таңдауы жас Жаннаға түскен. Ол мектеп бітіру емтихандарын тапсырып жүріп, киностудия мен емтихан арасын қатар алып жүрген.
«Бұл 1975 жылдар еді. Мен 10-сыныпты тәмамдап жатқан едім. Жаздың кезі болатын. 10-сыныпты бітіру үшін қорытынды емтихан тапсырып жүрмін. Емтихан мен киностудияның арасында жүгірдім де жүрдім. Бибігүл Төлегенова айтқан «Гауһартас» әнін тез-тез орындап беремін де, қайтадан емтихан тапсыруға кетемін. Бір апта өткен соң маған хабарласып, басты рөлге бекітілгенімді айтты», – деді Жанна.
Фильмде бір қызық дерек бар: Салтанаттың бұрымы мен сырғасы «Қыз Жібек» фильмі үшін Мәскеудегі «Мосфильмде» арнайы жасалған екен. Бұрын Меруерт Өтекешова пайдаланған жасанды бұрым кейін Жаннаға тағылған.
Естеріңізде болса, фильмде күйеуінің таяғынан кейін қатты сырқаттанған Салтанатты енесі айығады деген ниетпен таңғы шықпен жүргізетін сәті бар.
Мені жетектеп Әмина апам жанымда келе жатқан эпизодтағы аяқ менікі емес. Бұл – мейірбике рөлін сомдаған актриса Гүлзия Белбаеваның аяғы. Сол күні түсірілім көп болып, қатты шаршағаным есімде. Ал таңғы шықты бесте түсіретін болдық, ол үшін үште тұру қажет. Режиссер Шәріп аға мені оятуға қимай, Гүлзия Белбаеваға қолқа салыпты. Гүлзияның жүріп келе жатқанын алды да, кейін өзімді белден жоғары түсірді, – деп еске алады Жанна.
Ал фильмдегі Салтанаттың дауысын дубляж жасаған – Кеңес Одағының халық әртісі Фарида Шәріпова. «Гауһартас» әнін орындаған – ҚазССР халық әртісі Сәжида Ахметова.
Бұл образдың сәтті шығуы – тек менің еңбегім емес. Бір кейіпкер үшін қаншама адамның маңдай тері төгілді, – дейді актриса.
Нағыз ауылдың қызы деп ойлаған ғой...
Жазушы Қайсар Әлімнің естелігінен:
«Гауһартасқа» басты рөлге актриса іздеу онша қиындық түсірмеді. Кинобайқау тұсында 10-сыныптың оқушысы Жанна Қуанышева рөлге бірден бекітілді. Бұған дейін ол Болат Мансұровтың «Махаббат туралы өсиет» деп аталатын фильміне түсіп жүрген. Оның қабілетін байқап қалған «Гауһартастың» ассистенті жаңа картинаның кинобайқауына бастапқы қызметінен қол үзбей жүріп қатысуды өтініпті. Бірақ Жаннаның өзі рөлді ойнағысы да келмепті. Оның да себебі бар. Мектеп бітіру емтиханы мен алда күтіп тұрған жоғары оқу орнына түсу сынақтары оны бас бұрғызбайтындай халге салған еді.
Фильмдегі кейіпкер – Салтанат Қазақстанды былай қойып, тіпті одақ бойынша еркек көрерменнің аузының суын құртты десек, артық болмас еді. Салтанатты киноэкраннан көріп, оған ессіз ғашық болған ставропольдік комбайншы хат арқылы жүрек сөзін айтыпты: «Актрисалықты тастап, менің зайыбым болсаң қайтеді? Баспанам бар, сиырым бар, айтқаныңа көнетін шешем бар, сөзіме келіссеңші. Мұндағы өмірің Тастан кейіпкермен бірге өткізген өміріңнен әлдеқайда қызықты, бақытты болатыныңа уәде етемін», – деп жалыныпты.
Ставропольдік комбайншы жігіт Салтанаттың қалада өсіп, бой жеткенін қайдан білсін. Картинаға қарап нағыз ауылдық қыз деп сеніп қалған ғой. Әйтпесе, спортпен айналысқан, шалбар киген, басына орамал іліп көрмеген қала қызы тіпті де ойларына келмеген. Жанна Қуанышева фильмге түсу кезінде ғана тұңғыш рет басына орамал тартқанын қайдан білсін. Оның шашы қысқа болған. Соған тілерсегін соғатын ұзын шашты бекітіп алған екен. Соның бәрін көрермен қайдан сезсін.
Осы картинадан соң Салтанат жалпақ елге кеңінен танымал болды. Жаңа туған нәрестелерге Салтанат есімі зор сүйіспеншілікпен қойылып жатты…
Гауһартас әнінің шығу тарихы
«Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай», – деп басталатын әйгілі «Гауһартас» әнін көпшілік жақсы біледі. Беріге дейін бұл ән халық әні деп саналып келді. Бұл туынды – жазушы Дулат Исабековке шабыт беріп, көркем шығарма жазуға сеп болып, қанаттандырған ерекше ән.
Бүгінде әннің тарихына қатысты біраз дау бар көрінеді. «Гауһартас» және «Салтанаттың әні» шығармалары 1975 жылы түсірілген «Гауһартас» фильмінде әнші Сәжида Ахметова орындаған. Режиссердің бұл таңдауы қарапайым, табиғи үнді қалағанымен түсіндіріледі. Себебі, Бибігүл Төлегенова сияқты сұлу әрі кәсіби әнші болғанымен, ауылда өсіп, қарапайым өмір сүрген Салтанат бейнесін дәл сол үнмен беру мүмкін емес еді.
Ән тарихын зерттеген мамандар «Гауһартас» туындысын Сегіз сері Баһрамұлының шығармасы екенін айтады. Аңызға сүйенсек, Сегіз сері Сыр бойында өмір сүрген Бақтияр есімді кісінің Мақпал атты сұлу қызына ғашық болған.
Оның бұл сұлуға арнап шығарған бірнеше әні де бар. «Гауһартас» – соның бірі. Бұл әннің тарихын зерттегендер шын ғашықтықтан туған, құлай сүйген адамның жүрегінен шыққан туынды екенін алға тартады.
«Гауһартас» повесінің дүниеге келуі
Жазушы Дулат Исабеков «Гауһартас» әнін радиодан тыңдағанда, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова орындауындағы нақышына тәнті болады. Сол сәттен бастап, жазушының шығармашылық шабыт көзі оянады.
Шынайы әсерге бөленген жазушы әннің негізінде «Гауһартас» повесін небәрі екі айда жазып шыққан. Өз естелігінде ол былай дейді:
Сол кезде ойыма сап ете қалды: «Сұлулық жайында бірнәрсе жазу керек, мына ән тұрғанда оның әсерімен қалайша бірдеңе жазбауға болады?» Сол кезде бұл әнді тыңдамасам, бәлкім «Гауһартас» туындысы дүниеге келмеуі де мүмкін еді. Салтанат деп атын бірден қойдым. Төрт айдың ішінде жазып бітірдім, – делінген.
Повестің басты тақырыбы – келін мен ата-ене, жас жұбайлар, табиғат пен адам арасындағы нәзік байланыс.
Әр кейіпкердің мінезі мен сезімі нәзік өрнекпен беріледі, ал табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік – шығарманың шырайын ашады.
«Гауһартас» – махаббат пен ұлттық құндылықтарды көркем өрнекпен жеткізген, оқырман жүрегіне жылулық сыйлайтын туынды және көркем фильм.

