Жаңалықтар

Өнер-білімге құштар – Жұмағалиевтер әулеті

Өнер-білімге құштар – Жұмағалиевтер әулеті
12.07.2019 12:41 6322

Жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған жанұялардың бірі – Жұмағалиевтер.  1981 жылдан бері Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Ақжайық аулында тұратын шаңырақ бүгінде тек ауыл-аймаққа ғана емес, өңірге де танымал өнерлі әрі өнегелі отбасылардың бірі. Отағасы Сәбит Жұмағалиев пен отанасы Ғазиза Рахметова бар саналы ғұмырын педагогикаға арнап, білім беру саласының қазанында қайнап, мыңдаған шәкірттерді оқытып, тәрбиелеген ардагер ұстаздар. Бүгінде төрт балаларынан тараған 14 немере-жиен мәуелі бәйтеректей әулеттің жапырағын жайқалтып, тамырын тереңге жаюда.

 

Әулеттің отағасы Сәбит Әділұлы Жұмағалиев 1953 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қаратөбе совхозы Қуағаш елдімекенінде дүниеге келген. Сәбит Әділұлының арғы атасы Әлжан Қосмағанбетұлы  ел арасында беделді ауылнай болған кісі. Ал нағашы атасы Тасқали Қайралапұлы батыс өңіріне танымал зергер әрі атақты ұста. Бүгінде оның қолынан шыққан дүниелер облыстық өлкетану музейінде тұр. Оның анасы Ләтипа Тасқалиқызы небәрі 16 жасында тылдағы ауыр еңбекке араласқан. Майдан даласына астық жөнелту үшін өгіз арбамен жалғыз өзі бидай тасыған. Үйдің тұңғыш баласы Сәбит Жұмағалиевтің әкесі Әділ Жұмағалиұлы да еңбекке ерте араласқан жан.

– Әкем ауылда әуелі тракторшы, кейіннен шопан болған. Қарапайым еңбек адамы болғанымен, жастайынан өнер-білімге құштар болған. Қазақ ауыз әдебиетінен жыр-дастандарды, арғы-бергі тарихты жатқа біліп, ауылдастары арасында «шежіреші қарт» атанған. Оған қоса жаз сайын көптеген шөптер мен олардың тамырларын жинап, кептіріп, түрлі дәрі-дәрмектер жасаған. Әкемнің «Құмырсқаның илеуі  аяқ ауруына ем», «Сарымияның  тұнбасы асқазанды емдейді» деп көрсетіп кеткен емдік нұсқаулықтарын ұрпағы дертіне шипа ретінде қолданып келеді, - дейді Сәбит Жұмағалиев.

Осындай шаңырақта туып-өскен Сәбит Әділұлы 1961 жылы Алакөл бастауыш мектебін, 1965 жылы Қаратөбе совхозының Мұхит атындағы орта мектебін бітірген соң, 1972 жылы Алматы кинотехникумына оқуға түседі. Бірақ тура бір жылдан кейін әскер қатарына шақырылып, оқуын ары қарай тек 1976 жылы жалғастырады. Содан  1978 жылы оқуды аяқтаған соң, тура он жыл Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақжайық аудандық кәсіподақтық киножелісінің төрағасы қызметін атқарған. Өйткені 1988 жылы Сәбит Жұмағалиев А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының Қазақ тілі мен әдебиет факультетіне оқуға түсіп, оны 1994 жылы аяқтайды. Содан бері Сәбит Әділұлы  Теректі ауданындағы Ақжайық орта мектебінде 30 жылдай  мұғалімдік қызметті атқарған. Бірінші санатты ұлағатты ұстаз мыңдаған балаға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, халық әдебиетін үйреткен. Өмірін ұстаздыққа арнаған Сәбит Әділұлы жемісті еңбегінің арқасында шәкірттерінің үлгі тұтар ұстазы бола білді.

Сәбит Жұмағалиевтің шәкірттері пәндік олимпиадалардан үнемі жүлделі орындарға ие болды. Солардың бірі  «Білім беру саласының үздігі»  әрі жас педагог Дәурен Сағынғалиев сынды республикаға танымал оқушысының есімін бүгінде ұстаз мақтанышпен айтады.

Қазіргі таңда құрметті еңбек демалысындағы зейнеткер 40 жылдай бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан жары Ғазиза Рахметқызымен таныстықтарының ерекше тарихы бар. Ғазиза әжей кезінде мектепті бітірген соң, сол кездегі Пушкин атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсуге Орал қаласына ұшаққа отырады. Мұнда айналасынан орыстарды көрген мектепті жаңа бітірген бойжеткен жүрегі дүрсілдей соғып, бойын үрей билей бастапты.

–  Бір мезетте ұшақтың алдыңғы жағында отырған екі қазақ ағайды туысымдай көріп, өзімше жұбаныш қыламын. Екі сағаттай ұшып, Оралға қонған соң, әлгі қос ағайды соңынан қуып жетіп, «Оралға бірінші келуім еді, пединституттың жатақханасына жеткізіп салмайсыздар ма?» дедім аянышты үнмен.  Содан олар өздерінің де мұнда алғаш келуін айтып, әрі қарай жүре берді. Алайда мен олардың арттарынан ілесіп, солар мінген автобусқа мен де мініп кеттім, - деп еске алады Ғазиза Рахметқызы.

Жолаушыға лық толы автобустың іші  көбінесе  көкшіл көз орыс ағайындарына толып тұр. Бөтен қалада тұла бойын қорқыныш сезімі бойласа да, әлгі екі ағасын іздеп тұрған сәтте бір орыс келіншегі қолына бес тиындықтарды бере салып, «передайте» депті. Келіншектің не меңзегенін түсінбеген Ғазиза Рахметова сәл уақыттан кейін орыс жігітінің жанындағы келіншекке де тиын ұстатқанын көріп, содан ол да жалма-жан алдында тұрған адамға тиынды ұстатып, бір үлкен пәледен құтылғандай рахаттанып тұрғанда, әлгі келіншек тағы да былай депті:

– Әлгі келіншек тағы «передайте» деп лента қағаз беріп тұр. «Құдай-ау, бұны тағы не істеу керек?» деп тұрғанда қасымдағы  келіншекке де сондай қағаз келді. Әлгі келіншек біреуін өзіне жыртып, ары қарай беріп жіберді. Мен де жалма-жан біреуін өзім жыртып алып, ары жалғадым. Сол кезде біреу бірдеңе десе боздап қоя бергелі тұрған менің жағдайым қиын еді. Сөйтіп тұрғанда есіктен бір қазақ жігіті кіріп келді. Жақынымды көргендей бойымды қуаныш кернеп, көзімнің жасы ағытылып қоя берді. Оған да әлі қос ағайға айтқанымды қатты сөйлесе, жылап қоярдай дауыспен дір-дір етіп айттым, - дейді отанасы.  

Бойжеткеннің мүсәпір халіне жаны ашып кетті ме, бірден келісіп, біраз жүрген соң, «Түсеміз, қарындас» деп қолындағы чемоданын көтерісіп, пединституттың жатақханасына алып келді. Содан өмірде бір көрген адамына осынша жақсылық жасаған бөтен жігітке Ғазиза  апай алғысын жаудырып, жатақханасына кіріп кетті. Ал оны осында әкелген жігіт те өз жолымен кеткен.  Содан Пушкин атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға  түскен соң, бірнеше жылдан кейін группаластарымен Жайық жағажайына суға түсуге барғанда, күтпеген жерден кезінде өзің пединститут жатақханасына жеткізіп тастаған жігітті  жолықтырады. Осылайша тағдыр оларды қайта табыстырып, жүректері лүпілдеген қос ғашық  1979 жылдың 20 тамызында отау құрған.  

Әулеттің отанасы Ғазиза Рахметқызы Рахметова 1955 жылы 16 мамырда Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Жекенді ауылында дүниеге келген. 1977 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының Қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдаған. 1982 жылдан бастап 2013 жылға дейін  Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық орта мектебінде табан аудармастан ұстаздық қызметті атқарған. Ғазиза Рахметқызының педагогикалық еңбек жолында «Әдебиеттің бетін ашу», «Оқушыларды шығарма жазуға баулу», «Әдебиет сабағындағы тіл дамыту» әдістері бойынша өткізген сабақтары облыс мектептеріне іс-тәжірибе ретінде енгізіліп, кеңінен тараған. Оған қоса Ғазиза Рахметованың шәкірттері де бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп жатыр.

– Шәкірттерім әр жылдары облыстық, республикалық пән олимпиадаларында, Абай, Мұқағали оқуларында топ жарып, биік белестерді бағындырды. Бүгінгі таңда олар аудандық, облыстық, республикалық БАҚ-та абыройлы қызмет атқарып жүр, - дейді ұстаз.

Ұстаздық жұмысын атқара жүріп, жастайынан бойына дарыған жазу өнерін тастаған жоқ. Оның қаламынан туған публицистикалық прозалық туындылар аудандық, облыстық, республикалық басылымдар беттерінде үзбей жарық көріп келді. Әр жылдары аудандық «Ақжайық», «Теректі жаңалығы», облыстық  «Орал өңірі» газеттерінің штаттан тыс тілшісі атанып, түрлі тақырыпта қызықты материалдар жазып тұрды.

Сондай-ақ, 20-дан астам ғылыми-тәжірибелік мақалалары «Қазақ тілі мен әдебиеті»,  «Тәрбие құралы», «Ауыл мектебі», «Жайық ұстазы», «Қазақстан мұғалімі» газет-журналдарында басылды.

– 2015 жылы алпысқа толғанымда балаларым осыған дейін жарық көрген барлық шығармаларымды жинақтап, кітап қылып басуды ұсынды. Қарап отырсам, ұстаздық жолым бір төбе де, ал шығармашылығым өз алдына бөлек арна екен. Содан маған расымен де неге өзіме есеп бермеске деген ой келді? – дейді отанасы Ғ.Рахметқызы.

Нәтижесінде әр жылдары жарық көрген ең тұшымды дүниелерді жиып-теріп, «Жүректерге жол іздеймін» атты жинақты баспаға дайындап берген. Кітаптың құрылымын алты бөлімге топтастырыпты. «Өмірім – ұстаздығым» тарауында ұстаздық өмірінің белестері туралы сыр шертілсе, «Ақиқат та алдаспан» бөлімінде қисықты түзеуге, қыңырды жөнге салуға бағытталған сын мақалалар беріліпті. Ал «Өмір өрнектерінде» прозалық шығармалар жинақталса, «Тілім үшін күресіп келемін» тарауында ана тіліне қатысты мақалалар кірістірілген. Ал «Ию-қию тіршілік» өзі аты айтып тұрғандай өмірдің әр белесінде көңілге түйген, сабақ алған, ой қорытқан эссе, толғаныс, новеллалар жарық көрсе, «Ұстаз ұлағатында» шәкірттері мен әріптестері және ауылдастарының Ғазиза Рахметова туралы жылы пікірлері топтастырылған.

Сонымен қатар,  нәзік жүректі ұлағатты ұстаз «Талаптың мініп тұлпарын», «Оқушыларды шығарма жазуға баулу» ғылыми-әдістемелік еңбектерінің авторы  екенін айта кетейік.

Өмір бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, ұстаздық қызмет атқарған  Ғазиза Рахметқызы 2013 жылдан бастап зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық жұмыстармен үзбей айналысып келеді. Ауыл, аудан сахналарында қойылған «Бөлтірік бөрік астында», «Махамбет», «Айман-Шолпан», «Құдағи келіпті», «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сынды көптеген қойылымдар мен поэзия кештерінің режиссері әрі «Ақ қауырсын» жас ақындар мен тілшілер үйірмесінің жетекшісі болып қыруар еңбек тыңдыруда. Оған қоса әр жылдары сайлауалды үгіт-насихат кампанияларының белді қатысушысы да болған.

Бүкіл ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Ғазиза Рахметқызы қызметтегі ерең еңбегі үшін 2006 жылы «Батыс Қазақстан облысының үздік мұғалімі» атанды.  Тура екі жылдан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің, 2010 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрілігі мен Тіл комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

40 жылдан астам бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Жұмағалиевтер әулетінің отағасы Сәбит Әділұлы мен отанасы Ғазиза Рахметқызынан дүниеге келген төрт перзент бүгінде өмірден өз жолдарын тауып, әр салада жемісті қызмет етіп жүр.

Отбасының тұңғышы Гүлбақыт Сәбитқызы 1980 жылы 2 тамызда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп саз мектебінің «Домбыра» үйірмесінде оқып, аудандық оркестр құрамында домбырашы болып өнер көрсетті әрі «Әнші балапан» балалар байқауының лауреаты. Үйдің үлкені 1992-1997 жылдары Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп-лицейінде оқыған. Мектеп қабырғасынан түрлі қоғамдық іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі қатысушысы бола жүріп, көшбасшылық дара қасиетімен көзге түсті. «Қыз сыны» байқауында  I орынды иеленсе, химия пәні бойынша облыстық пән олимпиадасынан екі жыл қатарынан жүлделі бірінші орынды еншілеген. Мектепті қызыл аттестатпен тәмамдап, 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің мұнай-газ факультетіне «Инженер-технолог» мамандығына оқу түскен. Ал 2003-2005 жылдары осы жоғары оқу ордасының өзі бітірген «Мұнай-газ» кафедрасында оқытушылық қызметті абыроймен атқарған. Қазіргі таңда құрылыс материалдарын сатумен айналысып, заман талабына сай жеке кәсіпкер ретінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бүгінде жұбайы Марат Досжанов екеуі Шымкент шаһарында бес бала тәрбиелеп отыр. Үйдің үлкен перзенті 18 жастағы Әйгерім  қазір Шымкент саз колледжінің ән салу бөлімінің 4-курсына өтті. Өнер жолын қуған тұңғыш қызы әлем сахналарын бағындырып жүр. Еліміздің танымал жұлдыздары Нұржамал Үсенбаева, Димаш Құдайбергенов секілді әншілермен Франция елінің астанасы Париж қаласында өнер көрсеткен.

– Әйгерімнен кейінгі 16 жастағы немереміз Мұхаммедәли Индустриалды техникалық колледждің «Автоэлектрик» мамандығының 2-курс студенті. Одан кейінгі 13 жастағы Қайсар №47 мектеп-гимназиясының 8-сыныбына, 10 жастағы Мейіржан 5-сыныпқа көшті. Олардың кенжесі 7 жастағы Бекарыс №9 мектеп-лицейдің 2-сыныбына ауысты, - дейді зейнеткер-ұстаз Сәбит Әділұлы.

Гүлбақыт Жұмағалиеваның сіңлісі Ақторғын Сәбитқызы 1982 жылы бұрынғы Ақжайық ауданында (қазіргі Еңбек ауылында) дүниеге келген. Бала кезінен ән-биге ерекше бейімділігі байқалған балғын өнерпаздың сахнаға «сапары» алғаш рет бес жасында «Өзбек» биімен басталыпты. 1-5 сынып аралығында саз мектебінде баян аспабын меңгеріп, музыкалық білім алған жеткіншек ел аузында аудандағы алғашқы «баяншы қыз» атанған. Музыканы жанындай сүйетін Ақторғын Сәбитқызына домбыра, гитара аспаптарын еркін меңгеріп алу да еш қиындық туғызбаған.

– Сіңлім сүйікті өнері саналатын би әлемінде түрлі сайыстарға қатысып, облыс көлемінде өткен «Балауса», «Айгөлек» фестивалдерінде ұлттық биді соло орындау бойынша бас жүлдені иеленсе, «Әнші балапан» байқауында домбыра, баянмен ән шырқап, үнемі жеңіс тұғырынан көрініп жүрді, - дейді әпкесі Гүлбақыт Жұмағалиева.

Ақторғын Сәбитқызы 1999 жылы мектепті үздік тәмамдап, еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығына оқуға түседі. Университет қабырғасында да өзін белсенді студент ретінде көрсетіп, көңілді тапқырлар клубына, көркемсөз оқу кештеріне тұрақты қатысып жүреді. Оқудан тыс қоғамдық  жұмыс ретінде студенттік декан қызметін атқарады. «Қазақстан әйелдері» республикалық журналы жариялаған «Қазақ арулары» байқауының 3-орын иегері атанған.

Оқу орнын аяқтаған соң жас маман ретінде Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінде оқытушы болып қызметке тұрады. Ал 2005-2007 жылдары Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Құқықтану» мамандығын тәмамдайды.

Сонымен қоса, қосымша тігінші-дизайнерлікті меңгеріп, қолөнер саласында түрлі бұйымдар, киімдер тігеді. «Childrens club» балаларды дамыту орталығында қолөнер үйірмесінен және сән мектебінде қыздарға «сән», «стилистика», «фотопозирование» пәндерінен дәріс береді. Қазіргі кезде сүйген жары Жомарт Ерназаровпен Орал қаласында төрт баланы өсіріп отыр. Балаларының үлкені 11 жастағы Ибраһим №44 мектеп-гимназиясының 6-сыныбына, 10 жастағы Айша 5-сыныбына көшті. Ал Мұстафа мен Фатима есімді қос егіз перзенттері балабақшаға барады.

– Ақторғыннан кейінгі баламыз әрі үйдің үлкен ұлы Рауан 1985 жылы 8 тамызда Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Ақжайық ауылында дүниеге келген. 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетін тәмамдады, - дейді отағасы Сәбит Жұмағалиев.

Әулеттің үлкен ұлы 2009 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы ELS халықаралық лингивистикалық мектебінде оқыса, 2011 жылы Словакияның Братислава қаласындағы Пан Еуропалық университетінде Масс-медианың жаңа технологияларын меңгеру бойынша оқу-әдістемелік іс-тәжірибеден өткен. Ал 2012 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен Журналистика магистрі біліктілігі мен академиялық дәрежесін иеленсе, 2018 жылы осы жоғары оқу ордасының PhD доктарантурасын бітірді.

Оған қоса, Рауан Сәбитұлы 2005-2007 жылдары республикалық «Ана тілі» газетінде тілші, 2007-2009 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасында редактор, 2010-2011 жылдары «Сақшы» газетінде бас редактор, 2012-2013 жылдары «Халық сөзі» газетінің бас редакторының орынбасары және 2013-2015 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ» Атырау облыстық филиалында директордың орынбасары және 2017-2018 жылдары «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары  қызметтерін абыроймен атқарған. Бүгінде «Жайық Пресс» медиасеріктестігінің бас редакторы Рауан Сәбитовтың еңбегі жоғары бағаланып, үздік патриоттық шығармалары үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, ҚР Ішкі істер органдарының оң имиджін нығайтуға қосқан үлесі үшін Ішкі істер министрлігінің грамотасы және еліміздің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бүгінде Журналистер Одағының мүшесі, әлеуметтанушы әрі журналист Рауан Сәбитов келіншегі Гүлсезім Рахымберді екеуі қос қыз сүйіп отыр. Олардың үлкен қызы үш жасар Айнамкөз балабақшаға барса, кішісі Айбибі жеті айға толған. Ал анасы қазіргі таңда бала күтімімен декреттік демалыста екен.

– Отбасымыздың кенжесі Бекзат 1989 жылы 18 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында дүниеге келген. Бала кезінен шынығып өскен шымыр бауырымыз спорт пен өнерді жанына серік етті. Ал техникаға құмарлығы, көлік жөндеуге, ағаш жонып, темір түюге ептілігі әкемізден дарыған қасиеттер. Оған қоса мектеп жанындағы «Жас өркен» жас тілшілер клубына жетекшілік етіп, өзінің шығармашылықтан да алыс емес екенін байқатты, - дейді ағасы Рауан Сәбитов.

Үйдің кіші баласы 2006 жылы Ақжайық орта мектебін бітірген соң Шымкент қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «Заңтану» мамандығы бойынша оқуға түседі. Содан оқуды ойдағыдай тәмамдаған жас маман дипломмен туған ауылға қайта оралады. Заңның оқуын жақсы білгенімен, алайда жанына жақын мәдениет саласын таңдайды. Бүгінде Теректі мәдени демалыс үйіне қарасты Ақжайық мәдениет үйінде «Киномеханик» және «Мәдени ұйымдастырушы» қызметін атқарумен қоса аудан, облыс сахналарында домбырамен, гитарамен ән шырқап, рухани кештердің көрігін де қатар қыздырып жүр.

– Ұлымыз 2015 жылы аудандық «Жігіттер сұлтаны» байқауының бас жүлдегері, 2016 жылы ауданаралық «Ауған әндері» байқауының I орын иегері атанды. Ал 2017 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жігіттер сұлтаны» байқауының II орын жеңімпазы болды. Оған қоса 2018 жылы аудандық дәстүрлі ән, терме, күй өнері бойынша өткен «Мен қазақпын» байқауынан II орын, ал 2019 жылы «Денсаулық алаңы» атты спорттық шарада қол күресінен III орынды олжалады, - дейді әкесі Сәбит Жұмағалиев.

Қазіргі кезде мәдениет саласында қызмет ететін Бекзат Сәбитұлы жұбайы Асылзат Сәбитовамен үш баланы бағып-қағып отыр. Тұңғыштары бес жастағы Ақберен мен үш жасар Ақкербез қыздары бала-бақшаға барса, кіші ұлы Ақтөре бес айдан асқан.

Бірлігі жарасқан шаңырақтың басында тұрған Сәбит ата мен Ғазиза әжей өздері мұғалім болғандықтан перзенттерінің бойына жас күнінен өнер-білім дарытуға көп көңіл бөлді. Олар отбасылық ансамбль құрып, ауыл, қала сахнасында талай өнерлерін паш етіп, жұртшылықтың жылы ілтипатына бөленген.

Қарапайымдылық пен қайырымдылық Жұмағалиевтер жанұясының әр мүшесі үшін бөлінбес егіз ұғым болып есептеледі. Бүгінде олардың бастамасымен Теректі ауданында тұңғыш рет ашылған «Қамқорлық» әлеуметтік-қайырымдылық дүкені соның айқын айғағы бола алады. 

– Өзіміз педагог болған соң ба, әлде ұяда көрген тәрбиеміз сондай болды ма, жолдасым екеуіміздің де қайырымдылыққа бүйрегіміз бұрып тұрады. Бұл қасиет зейнет жасына шыққан соң имандылыққа бет бұрып, маңдайымызды күніне бес рет сәждеге тигізе бастаған соң күшейе түспесе, кеміген жоқ. Ауылымыздағы қара шай мен қара нанды талғажау етіп отырған мұқтаж жандарға қалай қол ұшын созсақ екен деген сауал үнемі бір жақ бүйірімізде жүретін. Әрине, әуелгі Қамқоршы бір Алла ғой, біз де қолымыздан келгенше қамқорлық танытсақ дейтінбіз. Басында үйде киілмей қалған немесе тарылып қалған артық мүкаммалды өзіміз танитын жоқ-жітіктерге таратып жүрдік. Кейін біздің осы ісімізді естіген қаладағы балаларымыздан, туыс-туғаннан киім-кешек, әр түрлі тұрмыстық заттар көптеп келе бастады. Содан  2017 жылы бізге  осындай дүкен ашу туралы ой келді, - дейді отанасы Ғ.Рахметқызы.

Сол ойды жүзеге асыру үшін Жұмағалиевтер әулеті жоспарын ауыл әкіміне айтып, жеке ғимарат сұрапты. Ауыл басшысы олардың ойын құптап, бос тұрған кеңсені жөндетіп, әлеуметтік дүкеннің игілігіне табыстаған. Дүкен ашылғаннан бері әлеуметтік желі арқылы естіген талай қайырымды жандар үн қосып, үсті-үстіне заттар әкеліп жатады. Тіпті кейде киілмеген су жаңа киім-кешектер, қол сөмкелері, түрлі әшекей-бұйымдар да алып келеді екен. Және азық-түлік әкеп тастайтын кездер де болады. Жалпы бүгінде ауылдың тұрғындарымен қоса, әлеуметтік дүкеннің ашылғанын естіген көрші ауылдардан да келушілер саны артқан. Бүгінге дейін «Қамқорлықтан» барлығы 400-ге жуық жан көмек әрі қолдау көріпті.

Жұмағалиевтер отбасында қазақтың негізгі салт-дәстүрлері сақталған. Тіпті бүгінгі күнге дейін отбасылық мерекелерге ұлттық реңк беруге ерекше мән береді. Келіндері күнде таңертең иіліп сәлем салса, ұлдары қонақ келсе, қолына құман ала жүгіреді. Ал Наурыз мейрамында жасы үлкен кісілерге амандық сұрап, көрісе баруды әдетке айналдырған. Оған қоса, аулада көшет отырғызып, ағаштардың түптерін әктейді. Азан шақырып ат қою, шілдехана, тұсаукесер, тілашар секілді кез келген салт-дәстүр өзінің мерекелік сән-салтанатымен өтіп тұрады. Әулет мүшелерінің пікірінше, бұлар кейінгі ұрпақтарына көрсеткен үлкен үлгі-өнегесі  деп біледі.

Қазіргі кезде көптеген ұлттық құндылықтардың көмескі тартып, ұмытыла бастағаны көңілге кірбің ұялатады дейді отанасы. Сондықтан өз білгендерін шама-шарқынша жас ұрпақ жадында есте қалу үшін бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Оған сол мақсатта ауылда құрылған «Қамажай» салт-дәстүр мектебі дәлел бола алады. Осылайша бар білгендерімен өзгелермен бөлісіп, әрі той-томалақтарда салт-дәстүрімізді барынша насихаттауға көбірек мән беріп жүр. Бұл отбасы мұндай жиындарда шілдехана, тұсаукесер сынды ата салтымызды жұртқа тәптіштеп түсіндіруден жалыққан емес.

– Біздіңше мерейлі отбасы болудың белгілі бір формуласы мен ережесі жоқ. Отбасының ошағын жылытып, рызығын арттыратын негізгі ұстаным – адал еңбек, ар-ұяттан аттамауға, адалдықтан айнымауға негіз болатын темірқазығы – имандылық болса, кез-келген отбасының мерейі үстем болатыны анық. Бізде де дәл солай. Ең бастысы, үлкенге үнемі құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруді тасқа қашалған қағидадай берік ұстанамыз. Әркез ата салтымызды көзіміздің қарашығындай сақтауға тырысамыз. Әлбетте, педагогтар әулеті болған соң білім мен өнерге ерекше құштармыз. Бар «құпиямыз» осы ғана, - дейді Ғазиза Рахметқызы.

Ал алыс-жақындағы балалары жинала қалса, табиғат аясына шығып, көңілді әрі әсерлі демалыс ұйымдастырып, мүмкіндігінше әулет беріктігін, отбасы жарастығын әрі бауырмалдық қатынасты бекемдей түсуге әулет мүшелері  күш салады.

Енді бұл отбасы жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының елордада өтетін ақтық турында Батыс Қазақстан облысының намысын қорғамақ.

(Суреттер  Жұмағалиевтер отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға