Жаңалықтар

Өнегелі Әлжан ана

Алып анадан туады
Өнегелі Әлжан ана
28.02.2017 09:43 12228

«Алып анадан туады» деген ескіден қалған сөз бар. Баласын «атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп тәрбиелеген аналар есімі ғасырлар бойы тарихта қалғанына куәміз.

Абайды өмірге әкелген Ұлжан, Шоқанды тәрбиелеген Айғанымдай аналардың жалғасы –Әлжан ана дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Заманымыздың алып перзенттерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғаны өмірге әкелген Әлжан ана текті жердің қызы. Жасынан адалдықтың ақ уызын еміп өскен Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді. Өнерімен көзге түскен ол ел арасында «әнші Әлжан» деген құрметке ие болады. Мінезі жайсаң, көпшіл жан кімді болсын жатырқамайтын, қабағы ашық, жайдары ерке қыз болып бой жетті.

1930 жылдарғы жаппай қудалау кезінде атасына «молда» деп айып тағылған соң, Әлжанның сүттей ұйыған отбасы әп-сәтте қиыншылыққа тап болады. Осы уақытта Әлжан Қордай жерінен Шамалғанға келіп қоныстанып, Тамара деген егде әйелге көмекші болып, жұмыс істей бастайды. Уақыт өте келе өзінің әріптесі, жол салушылардың бригадирі Әбіш Назарбайұлымен танысады. Көңілдері жарасым тапқан қос жұп, ақыры отбасын құруға шешім қабылдайды. Дегенмен, тағдырдың тосын сынағы ешқашан біткен емес. Жас келіншек Әлжан тұрмысқа шыққаннан соң, отағасы екеуі бірнеше жыл бала сүйе алмай жүреді. Ақыры енесі Мырзабаланың ұйғаруымен Райымбек  бабаның басына барып түнеп, құрбандық шалады. Аллаға жалбарынып, перзент сұрайды. Алла тілектерін қабыл етіп, Әлжан көп кешікпей құрсақ көтереді.

Әлжан тұңғышына жүкті ке­зін­де түс көреді. Түсінде түбі тұнық, терең теңізге шо­мылып жүр екен. Түбі көрініп жатқан айдынның түбінде жатқан аппақ мылтықты көреді. Су түбіне сүңгіп барып, қаруды жағаға алып шығады... Бұл аяннның тегін түс емес екенін аңдаған Әлжан, құрсағындағы сәбидің ұл екенін біліп, жақсы ырымға балайды.

Айы-күні жетіп, толғағы басталған Әлжан аудан орталығындағы ауруханаға ат арбамен әрең дегенде жетеді. Қатарынан жеті күн толғатқан ана өмірге сәбиін әкеледі, алайда қасындағы әйел баланы ауыстырып алмақ болып, тағы бір әуреге салады.

«Қолыма ұстатып кеткен сап-сары нәрестеге жүрегім тартпады. Керісінше, қасымдағы көрші қазақ әйелдің балпанақтай ұлына қарап, емірене бердім. Ақыры, қолымдағы сәбидің орауын жазып кеп жібергенде, баланың қыз екенін көріп, жүрегім тоқтап қала жаздады. Жатқан орнымнан атып тұрып, жүгіріп дәрігерге бардым. Қателік кеткенін түсіндіріп, дереу медбикелерді шақырттық. Сөйтсек, қасымда жатқан әйел бұған дейін сегіз қыз туған екен. Діңкесі құрыған әйел бір медбикемен астыртын келісім жасасып, баланы ауыстырып алған екен. Арда туған Нұрсұлтанымнан осылайша айырылып қала жаздаған жайым бар» деп сөз арасында әңгімелеп беріпті…

Шатқалы Үшқоңырдың ұяға жан,
Біреуге қымбат дүние біреуге арзан.
Сұрасаң аты-жөнім, мен айтайын:
Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан, – деп өзін таныстырудан жасқанбайтын Әлжан ана келін болып түскен соң да, ауыл арасындағы айтыстардан қалмай, өнерін өрістетіп жүрді. Біртуар Әлжан ананың көзін көргендер «адам баласына дауыс көтеріп сөйлемейтін жан еді, бірақ айтқанын орындатпай қоймайтын, сөзі өтімді кісі болатын» деп еске алады.

Ата-анасы туралы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әкем етік тігіп, жер өңдейтін, сонымен қатар, ол орыс, қазақ әндерін құйқылжыта салатын. Әйелі Әлжан да өзіне бап қосылған, шынтуайында, ауылда ән салып, өлең шығарудан оған ешкім тең келмейтін. Маған да солардан жұққан болар, домбыраның құлағында ойнауға бармын» – дейді, «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында.

Бес саусағынан өнер тамған Әлжан ананың іс тігуде қолданған машинасы, ұршығы, өзге де мүкәммал заттары бүгінгі күні Астана қаласындағы ҚР­­ Тұң­ғыш­ Пре­зи­ден­ті­нің­ мұ­ра­жайын­да тұр. Тарихқа куә болғысы келетін жандар үшін өткен дәуірдің елесіндей болған жәдігерлер кімді болмасын толғандырмай қоймайтыны анық.

Анасы туралы естелігінде елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­ былай баяндайды: «Кез-келген адам анасына деген құрметін тілмен айтып, жеткізе алмайды. «Меккеге үш рет арқалап апарып келгенде де, ананың парызын өтеу мүмкін емес» дейді ғой. Мен де сол барлық қазақтың балалары секілді әкенің қаталдығынан қаймығып, анасының тәрбиесімен өскен баламын. Әкем кешке дейін жұмыста, мен тек анамның жанында болдым. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Егер анасы баласын шын сүйіп, шын жақсы көріп өсірсе, ол баланың бақытты болатынына сенемін….».

Егемен Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты дүниеге әкелген Әлжан ана – ұлт ұйытқысы бола білді. Олай дейтін себебіміз бүгінде алтын құрсақты анадан туған перзент қазақ үшін жанын аямай, тер төгіп, еңбек етіп келеді. Қазағы үшін кемел саясат ұстанып, елі үшін аянбай қызмет етіп жүрген біртуар азаматты тәрбиелеген – Әлжан ана өнегесі ұрпаққа үлгі.

Фото: akorda.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға