Жаңалықтар

Қонақтарды қарсы алу

Деректерге қарағанда келер қонақтарды қозыкөш жерден арнайы сайланған жігіттер «дүниенің төрт тарабына», яғни төртке бөлініп қарсы алған.
27.08.2014 09:20 11207

Қонақтарды қарсы алу 

Деректерге қарағанда келер қонақтарды қозыкөш жерден арнайы сайланған жігіттер «дүниенің төрт тарабына», яғни төртке бөлініп қарсы алған. Қонақтардың ас беретін ауылға беттегенін арнайы жігіттер алдын ала атпен шауып келіп ас беру жосынын басқарушыға хабарлап отырған. Қалыптасқан дәстүр бойынша, келген қонақтардың аттарының тізгінін бір-бірлеп алып, атынан қолтығынан демей түсіріп, көрісетін тәртіп болған. Келушілер алдымен қаралы ту тігілген үйге кіріп көңіл айтып, «бата жасарға» әкелген дүние-мүлік, саба-саба қымызын, айдап әкелген малын жерошақтың маңында арнайы тігілген үйлердің жанында тұрған адамдарға табыстайды. Қарсы алуға тағайындалған жігіттер келушілерді арнайы бөлінген үйлеріне бастап апарып орналастырады.

ас беру, әдетте, жанжалсыз өтпейді. Себебі, біреу мерт болуы мүмкін, жарақаттануы мүмкін, бәйге дауы немесе екі балуан арасында келіспеушіліктер туындап, оларды ажырату қиынға соғып  жатады.  Осындайда ас беруді басқарып, қадағалау үшін аса беделді бір адам тағайындалады. Дау туа қалған жағдайда қадағалаушы араласып, екі жақ жанжалға бармай, келісімге келген.

Өткізілу барысы. Жоғарыда айтылғандай, ас беруді көбінесе мал семірген күз мерзімінде береді. Құрбандық ретінде сойылған қой еті тұтас желініп болған соң ғана тұлданған жылқы сойылады. Жылқыны бауыздар алдында оны жетектеп үйді айналдырып шығады. ас беру ге жиналған халық пен оларға таратылар құрбандық ретінде есепсіз көп мал сойылады. Және әртүрлі ұлттық ойындар, аламан бәйге, жамбы ату, сайыс, ақындар айтысы т.б. өткізіледі. ас беру дәстүрінің жосынының ежелден қалыптасқан өзіндік элементтері мен өткізілу тәртібі және қағидалары (жоқтау, қаралы ту тігу, сеп жию, тұл ат) бар. Яғни бұлар (ақсақалдар кеңесі, сауын айту, ошақ қазу, мал сояр күн, асты басқару, қонақ күтер күн, табақ тарту, асқа салтанатпен келу, аза салу, ұлттық ойындар және т.б.) ежелден қалыптасқан жөн-жосық бойынша атқарылады. ас берудің аяқталуға жақындағандығын тұл атты сою, сеп бұзу, қаралы туды жығу сияқты ғұрыптық шаралар көрсетеді. ас беру салтанаты бәйгемен ашылып, бәйгемен жабылады. Яғни ас берудің алғашқы күні ошақ майлар бәйгесі басталса, ас берудің соңғы күні аламан бәйгенің өткізілуі ас берудің сән-салтанатты бөлігінің аяқталғандығын білдіреді. Аламан бәйге орындарының саны мен жеңімпаздарына берілетін жүлделердің көлемі де өте қомақты болып келеді. Бәйгенің жүлдесі жеңімпаздың шыққан ортасы – тұтас бір рудың ортақ игілігі саналады. Сондықтан, бәйгеден аты озып келген адамның құр қол қайтуы жиі кездесетін жайт болды. ас берудің ресми жабылуы жарияланып, келген қонақтар тарай бастайды, ал сеп бұзу, қаралы туды сындыру, тұл атты сою ғұрыптарын орындау тек марқұмның туған-туыс, руластарының ғана құзырындағы іс болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, үлкен ас беру, әдетте, үш күннен кем болмаған, тіпті, төрт-бес күнге жалғасты. Ертерек- те одан да ұзақ болғанға ұқсайды. ас берудің өткізілетін уақыты жайында И.В. Аничков: «әдетте ас 4 күнге созылып: сәрсенбі «ошаққазар күн», бейсенбі «мал соятын күн», жұма «табақ тартар күн», ал сенбі, жексенбідегі түрлі ойын жарыстар кезінде киіз үйлер жығыла бастап, жексенбіде тарқап, көшіп кетеді» – деген дерек келтіреді. М.Шорманов: «Бірінші күні ошақ қазып, үйлер тігіледі, екінші күні мал сойылып, ет асылса, үшінші күні табақ тартылып, ел арасындағы дау-жанжалдар қаралады, төртінші күні ойын-сауық өткізіліп, ат шабады, асқа алыстан келгендердің көпшілігі осы күні тарай бастайды», – деп жазады.

Бес күнге созылған ас беру төмендегідей тәртіппен өткен: бірінші күні – астың сәтті өткізілуі үшін ошақ қазылып жатқан кезде бір-екі мал сойылып, еті осы ошақтарға асылады, оны «құдайы» деп атайды. Екінші күн – жер ошақты қазар күн және осыған байланысты «ошақ майлар» ат жарысы өткізіледі. Үшінші күн – балуан белдесулері өткізіледі. Төртінші күн – жамбы ату. Бесінші күн – ат шабар күн. ас беру дің жеті күнге созылатыны туралы да мәліметтер бар: 1-күн – асқа келген қонақтарды қарсы алу, үйді-үйге орналастыру. 2-күні садақпен жамбы ату (күміс және алтын ақша) сайысы өткізіледі. 3-күні 20-30 шақырым қашықтыққа құнан жарысы өткізіледі. Оған 9 түрлі бәйге тігіледі. Бірінші бәйгеге – түйе, соңғы бәйгеге – тайтұяқ беріледі. Осы күні қыз қуу ойыны да ұйымдастырылады. 4-күні сайыс ойыны өткізіледі. Сонымен қатар, осы күні балуандар күресі де өткізіледі. 5-күні 50 шақырымға дейінгі қашықтыққа дөнен жарысы өткізіледі. 6-күні ертеңгі болатын аламан бәйге барысы анықталады. 7-күні – астың ең маңызды күні аламан бәйге өткізіледі. Бірақ, асты өткізуде аталған шаралардың уақыттық өткізілуінің реттік жүйесі әркез сақтала бермеген. Мысалы, М.Шорманов асының алты күнге созылу себебі ас беруге Павлодар мен Ақмола уездері арасындағы жер дауын шешу үшін арнайы шақырылған төтенше съездің қоса ұйымдастырылуына байланысты болды. Сыпатай батырдың асы сегіз күнге, Ақжолтай Ағыбай батырдың асы тоғыз күнге созылған. Бір жағынан, билер кеңесі ас берудің өн бойында толастамай жүріп, онда жесір дауы жер дауы шешіліп жатса, екінші жағынан, астың сән-салтанатты ойындарымен бірге ақындар айтысы да өткізілген.

Ас беруде өткізілетін ойындардың барлығы көңіл көтеруге арналмаған. Олардың көңіл көтеру үшін емес, ғұрыптық (ритуалдық) функциясы да айырықша болды (қ. Айтыс; Аударыспақ; Балуан күресі; Бәйге; Жамбы ату; Көкпар тарту; Қыз қуу; Сайыс; Теңге алу; Түйе тарту; Шимай шешу және т.б.).

Балуан күресі – күреспен айналысатын қара күш иелерінің ас-тойларда күрестен сайысқа түсуі, күш сынасуы. Күрес ас беруде міндетті түрде өткізілді. Қазақ «балуан (палуан)» деп табиғатынан зор күшi бар, сол күшінің арқасында ұлттық күреспен айналысқан адамды атайды. Балуандықпен айналысатын адам ұлттық күрестің айла-тәсілдерін жетік меңгеріп, күшін жетілдіру үшін ауыр салмақтарды көтеріп жаттыққан. Балуандар күрес сайыстарына өз руларының атынан шығып, руының намысы үшін күресті. Жеңістерге жетіп, елінің атын шығарған балуандардың есімі бүкіл халыққа танымал болып, ел құрметіне бөленді. «Күш – елдікі, олжасы – көптікі» дегендей балуан жүлдесі де руластарына үлестірілген (қ. Балуан). Түйетарту – ас беруде орындалған ертеден орныққан ғұрыптық мәні бар жосынның бірі. Бұл жосын – «тайлақ тарту», «жез бұйдалы інгеннің биі», «түйе шешу» деген сияқты атаулармен де белгілі (толығырақ қ. Түйе тарту).

Әскери-қолданбалы ойындар сияқты А.б. салтанатының бағдарламасына міндетті түрде енгізілетін ойынның бірі – теңге алу (күміс алу). Бұл ойын өте көне әскери-жаугершілік заманынан бастау алады. Асқа келген әр топта «теңге алуға» қатысатын, арнайы дайындалған жас жігіттер болған. Ойынға тек қана көбінесе үйленбеген, он сегіз, жиырманың үстіндегі ерге тақымы берік, ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттер қатысқан. Ойын ережесі бойынша, белгіленген арақашықтықта үш-төрт жерде шүберекке түйіліп, күміс немесе теңге тасталынады. Шабандоздар кезек алып тізбекке тұрады. Олар келген кезектерімен осы қашықтықта екпіндеп шауып келе жатып, шапқан атты тоқтатпай жолындағы түйілген шүберекті ат үстінен еңкейе отырып алуы керек. Шауып келе жатқан ат басын іркіп қалған жағдайда ойын ережесі бұзылған болып саналады және алынған шүберек есептелінбейді. Жердегі шүберекті алған шабандоз оның ішіндегісін өзіне қалдырады. Ойын осылайша жалғаса береді. «Теңге алу» ойынының дайындығының өз ерекшеліктері бар. Ойынға мінілетін атқа, әдетте, бәйге аттарындай биік, жұлқынып тұратын сәйгүліктер емес, жауырыны аласа, тапалтақ жуас аттар іріктеліп алынған. Кейде кейбір ат құлағында ойнаған шабандоз жігіттер осы ойын үстінде ат үстінде түрегеп шабу, шауып келе жатқан ат үстінен секіріп түсіп қайта міну, ат бауырында ойнау секілді шабандоздық өнердің неше түрін көрсетіп, ел ризашылығына бөленетін.

Аста белгілі жүйе бойынша өтетін ойын түрлерінен басқа таза көңіл  көтеруге  арналған  көңілді  ойындар да өткізіліп тұрған. Солардың бірі – тілмен теңге алу. Абайдың атасы Өскенбайдың асында ұйыған қатық толы тайқазанға алтын теңге тасталып, тістеп алып шығу бәсекесі өткізілген. Сондай-ақ, қымыз толы шара ішінен теңге алу ойыны да ұйымдастырылды. Қыз қуу ойыны астағы ойын-сауық тізімдерінің ішінде көп кездесе бермейді (толығырақ қ. Қыз қуу). Астарда даңққа бөленген балуан, сайыскер, мерген, шабандоз адамдар есімі ел аузында аңыз болып, күллі елге тараса, қыз қууға  қатысушылар  туралы  мәліметтер  жоқтың  қасы.

Бәлкім, бұл жайтты қыз қуу ойынының функционалдық-семантикалық мәнінің ас берудің ғұрыптық кеңістігінің семантикасына сәйкессіздігімен түсіндіруге де болатын шығар <...>. Бұл ойынның көбінесе неке және басқа да отбасылық немесе рулық мерекелерде өткізілетіндігі сондықтан болса керек.

Тұл атты сою. Тұлданған атты сояр алдында ақтық байланған жүген салып, ер-тұрманымен, әсем жабуымен сәндеп, сырмақ үстіне әкеліп ұстап тұрады. Осы кезде жесір қалған әйел аттың мойнынан құшақтап тұрып, тұл атпен көрісіп, жоқтау айтады (қыздары да қосылады). Басу айтып ажыратса да, қимастықпен аттың жалынан айырылмай күңірене жырлайды. Кейде ұзақ жоқтау айтып жылаған әйелдерді күшпен ажыратқанда, ат жалының қылдарын жұлып кеткендері де болған екен. Аталмыш ғұрып марқұммен тұл ат арқылы жесірдің соңғы қоштасу сәтін бейнелейді. Марқұмның атын тұлдау және оны жылдығында сою сияқты ғұрыптар әлі күнге дейін сақталып отыр.

Қаралы туды сындыру қаралы күн осымен аяқталды деген ұғымды білдіреді. Көне заман адамдарының қабірлерінен сындырылған бұйымдардың шығуын ғалымдар байырғы адамдардың анимизмдік түсінігімен, заттардың «жаны» болады деген сенімімен байланыстырады. Яғни ертеде меншікті заттарын әдейі сындырғанда, «өлгенадамның«жанымен» біргеөліктер еліне жететін заттардың «жанын» да азат етуге көмектесеміз» деген сенім болды. Бұл дәстүр тірілер мен өлілердің арасындағы байланыстың түпкілікті аяқталғанын білдіреді. Мүмкіндігінше бұл істі жесірдің әмеңгеріне тапсырған. Бұл салт «бұдан былай жесірге әмеңгері иелік етеді, өлген күйеуінің орнын сол басады» деген ұғымды білдіреді. Демек, қаралы туды кім көрінгенге сындырта бермеген. М.Ж. Көпеев «Абылай аспаған сары бел» деген тұрақты оралымның мағынасын сол кезеңдегі бір оқиғамен байланыстырады. Бұдан біз өзіміз талдап отырған аста қаралы туды сындырудың бір сипатын байқаймыз. Қазыбек бидің еліне, Шаншар еліндегі ас беруге келген Абылай ханның басындағы бөрігін Қаз дауысты Қазыбектің Мөртаңдайлы Балапан деген баласы хан аңдаусыз отырғанда арт жағынан келіп, шыбықпен қағып түсіріпті. Хан ештеңе демейді, тіпті жерге түскен бөркін басына қайта алып та кимейді. Осыдан кейін дау туып, Төртуылдан Бақаш дегенді, Қаракесектен Жанай дегенді байлап алып қалғаны ба- яндалады. Үлкен дау кезінде Жәңке батырдың баласы Жанақ Абылайды өлімнен құтқарып қалғаны сөз болады. Жанаққа риза болған Абылай: «Жәңке батырдың босағасына түйе бастатқан тоғыз байлансын және қаралы үйге шаншылған найзаны Жанақ сындырсын, бір ат-шапан Жанақтың өз жолы болсын», – деп сөзге келмей жарасып, бітімге барып, бітімді билерге кестірген екен. «Абылай аспас Сары бел» деген сөз де осыдан қалған деседі (толығырақ қ. Абылай аспас сары бел; Қаралы ту).

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға