Жаңалықтар

Он жылда алғаш рет азық-түлік тауарлары бағасының өсуі баяулады

Он жылда алғаш рет азық-түлік тауарлары бағасының өсуі баяулады
Фото: ҚР СИМ 30.12.2024 19:40 633

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі 1,3%-ды құрап, соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеттіғ деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СИМ мәліметінше, мұндай мәліметтер 29 желтоқсан күні әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Орташа баға индексі төмендеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде қарақұмық жармасы (-35,0%), сәбіз (-9,2%), күріш (-8,2%), ұн (-6,6%), қант (-3,3%), қырыққабат (-0,8%) және күнбағыс майы (-0,4%) бар. Биылғы жылы нәтижелі жұмыс атқарып, баға индексі 4 өңірде төмендеді. Олар - Түркістан облысы (-2,8%), Ұлытау облысы (-2,8%), Астана қаласы (-1,5%) және Қызылорда облысы (-0,6%). Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, бағаға мемлекеттік бақылау жүргізу құзыреті министрлікке берілгеннен бері әкімшілік шаралардың қолданылуы былтырғы жылмен салыстырғанда 5 есеге артқан. Мемлекеттік бақылау күшейтіліп, өңірлік комиссиялардың жұмысы электронды шот-фактураларды талдау арқылы жақсартылды.

Өңірлік комиссиялардың 1,4 мыңнан астам отырысы өтіп, 1 441 заңбұзушылық анықталды. 9,2 мың тауар жеткізу тізбегі талданып, 3,7 мыңнан астам заң бұзу тәуекелі анықталды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауда үстемесін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту жұмыстары жоспарлануда. Бұл қатаңдатуда  ескерту орнына  сауда субъектісінің категориясына байланысты 5-тен 150 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл салу қарастырылған, - деп атап өтті бірінші вице-министр.

Сонымен қатар өңірлерде тұрақтандыру қорларындағы көкөністерді сату жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың мәліметінше, көлемі 159,6 мың тонна көлемде қалыптасқан  тұрақтандыру қорындағы 19,5 мың тонна көкөніс сатылған, қорда 140 мың тоннаны көкөніс бар. Оның ішінде 10,8 мың тонна картоп, 2,9 мың тонна сәбіз, 3,2 мың тонна пияз және 2,5 мың тонна қырыққабат сатылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға