Он жасар ұл әкесімен бірге төрт айдан бері әуежайда өмір сүріп жатыр
Мали Республикасынан келген ер адам мен оның 10 жасар ұлы Оңтүстік Кореяның Инчхон халықаралық әуежайындағы күту изоляторында төрт айдан бері өмір сүруде. Бұл туралы The Korea Herald басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын Duroo заң ұйымының және Корея босқындар құқығы желісінің мәліметінше, баланың босқын мәртебесін алу туралы өтініші иммиграциялық билік тарапынан қабылданбаған.
Бала мен әкесі маусым айында Малидегі күшейіп келе жатқан саяси қуғын-сүргіннен қашып, Оңтүстік Кореяға келген. Алайда билік олардың өтінішін «қарауға жатпайды» деп шешкен. Бұл термин заң жүзінде өтініштің жеткілікті дәлелдемесі жоқ деп танылған жағдайда, істі толық қарау процесін бастамай-ақ қабылдамай тастауға мүмкіндік береді.
Осы шешімнен кейін әке мен бала отанына оралудан бас тартып, шағым түсірген. Олар сол уақыттан бері әуежайда қалып қойған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл отбасы бірнеше ай бойы күн сәулесін көрмей, медициналық көмектен тыс өмір сүріп келеді. Оларға киім мен гигиеналық заттарды қайырымдылық ұйымдары жеткізіп отыр, ал медициналық көмек тек әуежайдағы шағын емханаға барумен шектеледі.
Қазан айында отбасы өкілдері Оңтүстік Кореяның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясына ресми шағым түсірген. Онда кәмелетке толмаған баланы заңсыз түрде ұзақ уақыт оқшаулап ұстау, білім алу, медициналық қызмет пен қалыпты өмір сүру жағдайынан айыру фактілері көрсетілген.

