коллаж El.kz

Он күн ішінде студенттен ұстазға айналып шыға келдім – жас мұғалім

05.10.2025 09:30

Ұстаз болу – қоғам алдындағы ең үлкен жауапкершіліктің бірі. Мұғалім – тек білім беруші емес, ол – шәкіртінің бойына тәрбие сіңіріп, бағыт-бағдар көрсететін тұлға. Әсіресе жаңа буын ұстаздардың көзқарасы мен өмірлік тәжірибесі жастарға айрықша ықпал етеді. Бүгінгі әңгімеміз жас та болса, шетелде білім алып, бүгінде елге оралып, ұстаздық жолды таңдаған Сандуғаш Айтбаева жайында болмақ. Ол өзінің алған білімі, шетелдік тәжірибесі және студенттерге деген сүйіспеншілігі жайлы айтып берді.

Төрт университетте білім алған

Сандуғаш Айтбаева – Шымкент қаласының тумасы. Қазір небәрі 25 жаста болса да, білім мен тәжірибе тұрғысынан мол дайындықтан өткен жас маман. Ол ең алдымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавриатты тәмамдаған. Одан кейін білімін Түркиядағы Ақтеңіз университетінде магистратурада жалғастырып, бар-жоғы екі ай бұрын дипломын алып, елге оралған.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жас маман тек бір ғана елмен шектелмей, әртүрлі халықаралық бағдарламаларға қатысып, өз білімін шыңдады. Атап айтқанда, ауысым бағдарламасымен Niğde Ömer Halisdemir университетінде оқып, Erasmus+ бағдарламасы аясында Польша астанасы Варшавада да білім алған. Осындай кең ауқымды тәжірибесі оның кәсіби қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Мен үшін білім алу – тек жеке даму емес, қоғамға пайда әкелудің жолы. Өзім білгенімді өзгелермен бөліскенді ұнатамын, – дейді Сандуғаш.

Қазақстан мен шетелдегі білім беру жүйесінің айырмашылығы

Әңгіме барысында жас ұстаз Қазақстан мен шетелдегі білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, ең басты айырмашылық – студент пен оқытушы арасындағы қарым-қатынаста. Шетелде студенттің дербестігі мен сыни ойлау қабілетіне көбірек көңіл бөлінеді. Ал Қазақстанда әлі де болса дәстүрлі тапсырмаларға, яғни СӨЖ бен рефератқа сүйену басым.

Сонымен қатар, біздің елдегі студенттер көбіне алғашқы табылған дерекпен шектеліп қалады. Шетелде, керісінше, студенттер том-том кітаптарды оқып, ғылыми мақалаларды талдап, ақпаратты тереңірек іздеуге дағдыланады. Бұл олардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа идеяларды қалыптастыруына мүмкіндік береді.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Дегенмен, Қазақстандағы жүйенің артықшылықтары да жоқ емес.

Студенттердің шағын топтарға бөлініп оқуы, семинар сабақтарының болуы – білім сапасын арттыратын факторлар. Ал шетелде кейде студент саны тым көп болып, тек лекция форматында ғана сабақ өтеді. Бұл жағдайда ізденімпаз жастар үшін мүмкіндіктер мол болғанымен, ынтасы төмен студенттер үшін кедергіге айналуы ықтимал, – дейді жас ұстаз.

Сондай-ақ Сандуғаш Қазақстандағы үш тілде білім алу жүйесін ерекше атап өтті.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қатар оқыту – біздің елдің басты артықшылықтарының бірі. Ал шетелде көбіне тек сол елдің мемлекеттік тілі мен ағылшын тілінде білім беріледі, – дейді ол.

Жас ұстаздың сөзінше, жалпы алғанда, Түркиядағы жүйе ғылыми кадрларды терең теориялық тұрғыдан даярлауға бағытталған, ал Қазақстандағы жүйе академиялық-практикалық дайындықты көбірек қамтиды. Екі елдің де білім беру жүйесінде өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бірақ заманауи талап тұрғысынан алғанда, теория мен тәжірибені тең ұштастыру қажет.

Шетелдегі білімнің үлгі боларлық тұстары

Жас ұстаздың пікірінше, шетелдік білім беру жүйесінен Қазақстанға үлгі боларлық тұстар көп. Соның бірі – студенттің бастамасын қолдау мен пікірін ашық айтуға мүмкіндік беру мәдениеті.

Бізде әлі де студент пен ұстаз арасында көзге көрінбейтін қабырға бар. Ал шетелде студент еркін ойлап, пікірін ашық жеткізе алады, – дейді Сандуғаш.

Бакалавр деңгейінде диплом жұмысының орнына жобаларды қорғау тәжірибесі де жас маманға ұнаған. Ал магистратура диссертациялары ашық сайттарға жарияланып, кез келген адамның оқып, тәжірибе алуына мүмкіндік беріледі. Қазақстанда, өкінішке қарай, дипломдық жұмыстар қорғалған соң архивке кетіп, көпшілікке қолжетімсіз күйде қалады. Ол бұл тәжірибенің бізде де енгізілгенін қалайтынын айтты.

Оқуын аяқтай сала, университеттен ұстаз болуға шақырту алған

Магистратураны аяқтап елге оралған соң, небәрі он күн ішінде Сандуғашқа университетте жұмыс істеуге ұсыныс түседі.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Басында «мен студенттерге не бере аламын?» деген ой мазалады. Бірақ осы күнге дейін төрт университеттің тәжірибесін көргендіктен және Түркиядағы магистратурам барынша ғылымға негізделгендіктен, алған білімім мен тәжірибемді жастарға жеткізу-ең дұрыс шешім деп санадым. Сөйтіп, «студент болу» мен «мұғалім атану» арасы бар болғаны он-ақ күн болды, – дейді ол.

Қазір Сандуғаш Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Заң факультетінде еңбек етеді. Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық кафедрасында «Көпжақты дипломатия», «Халықаралық қатынастардағы кәсіби лексика», «Дипломатическая и консулская служба», «EU and Central Asia Cooperation», «Diplomatic Documentation» секілді пәндерді 2-4 курс студенттеріне үш тілде жүргізіп жүр.

кейіпкердің жеке мұрағатынан
кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жұмысқа алғаш кіріскен күні-ақ ол бірден 4-курс студенттерінің сабағына кірген.

Алғашында қатты толқыдым. Бірақ студенттердің құрметі мен қолдауын сезінгеннен кейін арамыздағы жас айырмашылығы білінбей кетті, – дейді Сандуғаш.

Әріптестері де жас маманды жылы қабылдап, тәжірибесімен бөлісіп, оның жаңа ортаға тез бейімделуіне сеп болған. Осылайша, Сандуғаш қысқа уақыт ішінде студенттермен тез тіл табысып, қазір өз жұмысын шын жүрекпен, үлкен сүйіспеншілікпен атқарып жүр.

Шетелдік тәжірибені студенттерімен бөліседі

Сабақ барысында жас ұстаз студенттерді тек интернеттен ақпарат алуға емес, академиялық мақалаларды оқуға, деректерді талдауға дағдыландырады.

Студенттерді ең алдымен өздері үшін оқуға бағыттаймын. Білім тек баға үшін емес, болашақ үшін қажет. Алған білімді тәжірибеде қолдануға баулу – менің басты мақсатым, – дейді ол.

Сабақтарды ойындар арқылы қызықты етіп өткізу де Сандуғаштың тәжірибесінде кең қолданылады. Ол студенттерге халықаралық мәселелерді шешуде өз пікірін ашық айтып, еркін ой қорытуға мүмкіндік береді.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сондай-ақ ұстаз студенттермен тек ресми қарым-қатынаспен шектелмейді. Ол олармен достық атмосфера құруға тырысады.

Студент болу мен ұстаз болу арасындағы айырмашылығым – бар болғаны бір ай. Сондықтан студенттердің жанын көбірек түсінемін. Ашық пікір алмасу мен достық қарым-қатынас – басты әдісім. Сыйластық бар жерде ғана білім бар. Сол үшін студенттер білімді қорыққанынан емес, арадағы сыйластықты сақтай отырып, өздерінің болашағы үшін меңгерсе деген ниетім бар, – дейді ол.

Сандуғаш үшін ұстаз болу үлкен жауапкершілік артады. Ол студенттеріне тек дәріс оқып қана қоймай, бағыт-бағдар беруді де парыз санайды.

Студенттерді өзін дамытуға жетелейтін түрлі шетелдік тәжірибелермен, стипендиялық мүмкіндіктермен бөлісемін. Мәселен, шетелде тегін оқу гранттары туралы айтып, оған қалай дайындалу керектігін үйретемін. Тіпті GPA көрсеткішінің маңызын қазірден түсіндіріп, олардың шетелде білімін жалғастыруға деген мотивациясын оятуға тырысамын, – дейді жас ұстаз.

Жас маман алдағы бір жылды ұстаздық жолда өзін сынап көруге арнамақ. Егер осы уақыт ішінде өз орнын тапқанын сезінсе, ғылыми ізденістерін жалғастырып, PhD диссертациясын қорғауды жоспарлап отыр.

Еліміздің білім беру жүйесінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Сондай-ақ студенттерге әлемдік тәжірибені жеткізу – басты мақсаттарымның бірі, – дейді Сандуғаш.