Жаңалықтар

Өмірін өзгелерге көмектесуге арнаған ерікті

Қан доноры Бекназар Казиевпен сұхбат
Өмірін өзгелерге көмектесуге арнаған ерікті
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 07.11.2022 18:40 1850

Қан тапсыр да, өзгенің өмірін құтқар! Статистика бойынша әлемде әрбір үшінші адам өмірінде бір рет болсын қан донорына мұқтаж болады. Әр тұрғын қан тапсыру арқылы сол миллиондаған науқасқа жәрдем бере алады. Бұл адамзатқа жасалатын үлкен көмек әрі сауапты іс!

Қазақстан бойынша жылына 360 мың адам қан тапсырады. Мұны ерлікпен пара-пар деуге болады. Өйткені екінің бірі қан тапсыруға келісе бермейді. Донор ретінде өлім аузында жатқан адамға қанын беретін адамдар арамызда жүр. Соның бірі – 31 жастағы астаналық тұрғын Бекназар Казиев. Оның тұрақты түрде қан тапсырып жүргеніне 6 жыл болды.

Студент кезімде алғаш рет қан тапсырдым

Бекназар Казиев алғаш рет Петропавл қаласына оқуға түскен кезде студент ретінде қан тапсыру орталығына шақырту алады. Сөйтіп, орталыққа қан тапсырып көрмекші болып барған кезде салмағы тым аз болғандықтан, оны дәрігерлер кері қайтарып жібереді.

«2-курста қан орталығына 3 рет барып тапсыра алмадым. Кейіннен денсаулығымды дұрыстап, салмақ қосқаннан кейін тағы орталыққа бардым. Қан тапсырамын ба дегенімде гемоглобинім төмен болып, тағы жолым болмады. Содан бірнеше ай гемоглобинді көтеретін витаминдерді тұтындым. Сосын барып қана алғаш рет қан тапсырдым», – дейді ол.

Осылайша Бекназар қан тапсыру үшін орталыққа 1,5 жыл бойы барып, ақыры дегеніне жетеді. Университетті бітіргеннен кейін әр қалада жұмыс істеді. Барған жерінде жиі қан өткізіп жүреді. Атап айтқанда, Бурабай, Қапшағай, Астана қаласындағы қан орталығының есігін қағады.

Ертең не боларын білмейсің...

Салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың өзгелерге көмек беруге мүмкіндігі көп. Себебі дені сау адам, кез келген сәтте қан тапсыру арқылы қиын жағдайға тап болған жақынына жәрдем бере алады. Бұған Бекназар Казиевтың бір сөзін мысалға келтіруге болады.

«Бір күні қан тапсыру орталығына барған кезде жол апатына ұшыраған досына көмектесу үшін келген 3-4 жігітті көрдім. Олардың досына көмектесе алмайтынын білдім. Содан қол ұшымды беруді шештім.

Сол кезде өзіме бір ойды түйіп алдым. Ешқашан ертең не боларын білмейсің... Сондықтан денсаулығыңды бағалап, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын ұғындым», – деді кейіпкер.

Донордың айтқан сөзінің жаны бар. Өмірде денсаулықтан асқан байлық жоқ. Егерде зиянды әдеттен уақытында арылмаса, кейіннен кеш болуы әбден мүмкін.

Науқастарға көмек көрсеткім келеді

Адам ағзасында шамамен 5 литр қан болады. Донордан небәрі оның 450 миллилитрін алынады. Қанның өзі бірнеше элементтен: плазма, эротроцит, лейкоцит және тромбоцит тұрады. Көбіне қанның қатерлі дертіне ұшыраған науқастар тромбоциттерге зәру болып жатады. Ал оны Бекназар Казиев жиі өткізіп тұрады.

«Қанды жиі тапсырып тұрамын. Сол үшін де сенімді донор болғандықтан, менен тромбоцит пен плазманы да алады. Тіпті кейде қанымды құйған емделушілер жеке нөмірімді алып, әлеуметтік желіде парақшамды белгілеп, алғысын білдіріп жатады. Ондай сәтте өзгелерге көмегім тиіп жатқанына қуанамын!

Қан тапсырып тұрғанның донорлар үшін де пайдасы бар. Бір жағынан, анализ қорытындысы бойынша ағзаңа ненің жетіспейтінін білуге, екінші жағынан, түрлі аурудың алдын алуға болады», – деді ол.

Қан доноры Бекназар адамдарға ерікті ретінде көмек беруін жалғастырғысы келеді. Қазіргі таңда ол сүйек кемігіне донор болу үшін кезекте тұр. Ал соңғы рет қанды 2 апта бұрын ғана тапсырғанын айту керек.

Еріктілер жобасында қызмет етемін

Кейіпкеріміз салауатты өмір салтын ұстанады. Негізгі мамандығы – математика пәнінің мұғалімі. Ұстаз ретінде 3-4 жыл жұмыс істеді. Одан кейін мемлекеттік қызметте, Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінде қызмет етті. Ал 2016 жылы еріктілерге арналған жобаның бағдарламасын құруға атсалысады.

«Қазақстандағы еріктілерді біріктіруге арналған платформасын құрдық. «qazvolunteer.kz» жобасы 9 бағытта жұмыс істейді. Оның ішінде қарттар үйіне, жануарларға тағы басқасына көмек көрсету қаралды», – деді ол.

Бекназар Казиев 2016 жылы «Тәлімгер» жобасына тәлімгер ретінде келіп, бүгінде үйлестірушісі қызметін атқарады. «Тәлімгер» балалар үйіндегі жасөспірімдерді әлеуметтендіруге бағытталған жоба.

«Біз балалар үйіндегі жасөспірімдермен жұмыс жасаймыз. Оларға үлкен өмірге қадам басуына көмектесетін қамқор адамдар қажет», – деді кейіпкер.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға