Жаңалықтар

Өмірімнің жартысын жер астында өткіздім, енді қалғанын үстінде өткізсем деймін - ардагер шахтер

Өмірімнің жартысын жер астында өткіздім, енді қалғанын үстінде өткізсем деймін - ардагер шахтер
Фото: жеке мұрағаттан 25.08.2024 10:13 2430

Аманғали Жармағанбетов - 33 жыл өмірін шахтаға арнаған кенші. Бүгінде ол - ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасының бригадир-ұңғылаушысы. Кеншілер күні қарсаңында El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ардагер шахтермен тілдескен болатын.

Саналы ғұмырын кен өндірісі саласына арнаған Аманғали Жармағанбетов Хромтауға 1991 жылы 10 қазанда отбасымен көшіп келіп, шахтаға кенші болып жұмысқа орналасады. Бір жыл бойы тау-кенші ретінде қызмет етіп, одан кейін кейін жер астында бетон ататын торкретші болады.

Кеңес дәуірі аяқталған соң, қиын кезеңдер басталды. Жұмыстар жабылды. Сол кезде «Центральный» шахта тоқтатылып, 1994 жылдың желтоқсанында «Молодежная» шахтасына ауыстырылды. Оған дейін ұңғылаушылыққа оқып алған едім. Сол жаққа ауысып, шамамен 1-2 жыл ұңғылаушы болып жұмыс істедім. 1997 жылы тіреуші қызметіне кеттім. 1999 жылы Виктор Тиль шахта басшылығына тағайындалып, мені Марат Исмағұлов  деген кісінің бригадасына жіберді. Уақыт өте бригада екіге бөлініп, 1999 жылы мені төрт адаммен бірге «Центральный» шахтаға қайтадан ауыстырды,-деді ардагер кенші.

1999 жылы Аманғали Өтегенұлын төрт адаммен қосып, бригадир ретінде «Центральный» шахтаға жібереді. Сөйтіп, шахтердің алдында «Минус 160-горизонтты» дұрыстау міндеті тұрды. Ондағы мақсат - шахтаны қайта ашып, жұмысты жандандыру. Горизонтта теміржол нашар болып, басты міндет теміржол торабын қалпына келтіру болды. Шахта ішіндегі теміржол 5 шақырымды құрады. Кейіпкерімізге «Минус 160-горизонттағы» 50-орт деген көлденең жерасты тау өндірісінде жеткізгіш алатын блогты дайындау міндеті жүктелді.

Өмірімнің жартысын жер астында өткіздім, енді қалғанын үстінде өткізсем деймін - ардагер шахтер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Теміржолды салып, 50-орттың жеткізушісіне жұмысты бастап бердік. Құрылыс басталған кезде бригада жинап алған едім. Десе де, теміржол құрылысына бір бригаданың күші жетпейтінін тез түсіндім. Осылайша, бір адамды бригадир қылып, екінші бригада құрдым. Кейіннен үшінші бригада жасақтап, адамдарды бөліп отырдым. Сөйтіп, бірнеше бригада жинап, біраз жұмыс тындырдық. 50-ортты жеткізушіге дайындап берген соң, ұңғылаушылар келе бастады. 2000 жылдары «Центральный» шахта Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасы болып атауын ауыстырды. 

Аманғали Жармағанбетовтың айтуынша, шахтаға училищиден практиканттар көп келеді. Кеншілер жастарға мамандықтың қыр-сырын үйретіп, тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Мамандықты меңгерсе де,  бірден сала маманы болып шығуы екіталай. Әуел баста алты ай көлемінде оқушы ретінде жүріп, білімін ұштайды.

Оқу бітіріп келген жас мамандар оқушы болып жүріп, кейіннен өз алдарына шығып кетеді. Өз басым 1999 жылы шахтаға бригадир болып орналасып, осы күнге дейін қызметте болдым. 30 жыл өмірімді осы салаға арнап, зейнетке 19 тамызда шықтым,-деді ол.

Ардагер кенші салаға қалай келгені жайлы баяндай отырып, 1979 жылы Хромтауға келіп, Ауыл шаруашылығы училищесіне оқуға түскенін еске алды. 3 жылдан соң өндірістік тәжірибеден өтіп, дипломын алып, Отан алдындағы борышын өтеуге кетеді. 1985 жылы әскерден соң, шахтаға кіруге ниет танытады. Жан-жағынан сұрастырып, шахта жұмысы туралы ақпарат жинайды. Шахтаға жұмысқа орналасу оңай еместігін түсінген ол, Ақтөбеге жұмыс іздеп кетеді. 1991 жылы Хромтауға қайта келіп, шахтаға жұмысқа орналасады. «Жұмыс қарқынына ілесіп, 33 жылдың қалай өткенін байқамай қалдым»,-дейді өзі.

Зейнеткер кенші жұмысының қиындығын жасырмайды. Жер асты болған соң, сулы жерлер болады. Шаң-тозаң, түрлі қауіп-қатерлер қатар жүретінін алға тартады.

Шахта - жеңіл жұмыс емес. Шыдамдылық, төзімділікті талап етеді. Сақтық танытып, қауіпсіздік техникасын ұстанған жөн. Онсыз жұмыс жүрмейді. Өз-өзіңе, жаныңдағы адамдарға қамқорлық танытқан дұрыс. Білгеніңді үйретіп, тәжірибе алмасу қажет. Жарақат алып қалу ықтималдылығы да бар. Сол себепті осы жағдайларды қаперде сақтау керек, - дейді кенші.

Қиыншылыққа төтеп бере білмесең, шахтада жұмыс істеу қиын. Көбісі шыдас бермей, бұл істі жарты жолдан тастап жатады. Бойларын қорқыныш билеп, бас тартатын жағдайлар болады. Шахтердың айтуынша, мамандықты таңдап алған соң, оны ерекше сүйген абзал. «Жұмыс істеу керек, үйрену керек, төзу керек. Өзім де осы принциптерді ұстанамын»,-дейді ол.

Өмірімнің жартысын жер астында өткіздім, енді қалғанын үстінде өткізсем деймін - ардагер шахтер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Аманғали Жармағанбетовтың айтуынша, жұмыстың қиын тұстарымен қатар плюстары да жетерлік. Берілген жоспарды уақытылы, сапалы орындаған жағдайда «жемісі» көп күттірмейді.

Бұрын шахтаға жүк тиегіштер түспейтін еді. Қазір жағдай басқаша. Тиегіштер де, техника да жер астына түсіріліп жатыр. Орттар ашылып, түрлі техникалар қолданылуда. Басты өзгерістер-осы. Ал басқа өзгерістер - болашақ еншісінде. Бұл - кейіпкеріміздің ойы.

Ол салаға келуге ниетті жас мамандарды бастысы денсаулықты күтуге шақырды. Жұмысқа ұқыптылықпен қарап, ережелерді бұзбай, сақ болып жүруді ескертті. Кәсіпті бағаламаса, жұмыс дұрыс жүрмейтініне сендірді. Сондай-ақ, өз-өзіне және жасаған жұмысыңа сенімді болу маңыздылығын айтып өтті.

Жұмысқа босқа барып қайтпай, тапсырмаларды, жоспарды орындап, жан-жақты болуға ұмтылу қажет. Әріптестеріңмен тез тіл табысып, бастықтармен жақсы қарым-қатынаста болуды құптаймын. Сәтті жұмыс кепілі – осы, - деді ол.

Аманғали Жармағанбетов - екі қыз, бір ұлдың әкесі. Тұла бойы тұңғышы тұрмыста. Екінші қызы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының зертханасында контроллер болып жұмыс істейді. Ұлы – студент.  «Әке жолын қууға ниет танытса, қарсылығым жоқ» деп отыр өзі.

Өмірімнің жартысын жер астында өткіздім, енді қалғанын үстінде өткізсем деймін - ардагер шахтер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ардагер шахтер демалыс күндерінде спорт кешеніне барып, бассейнге шомылатынын айтты. Мереке күндері футбол, воллейбол спорт түрлерінен бөлім болып таласқа түскен жастарға қолдау көрсетіп отыратынын да мәлімдеді.  

Демалыста балық аулауды ұнатамын. Арасында отбасыммен бірге таза ауамен тыныстап, табиғат аясына шығып тұратынымыз бар. Мен үшін керемет демалыс - осындай , -деді кенші.

Жұмыста жыл сайын шипажайға, арнайы лагерьге жолдама беріліп отырады екен.

2004 және 2011 жылдары Аманғали Жармағанбетов ерен еңбегі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» белгілерімен марапатталды. Сонымен қатар, «Аңызға айналған бригадир» атты атағы да бар.

Зейнетке шығамын дегенде бригадирлер, мамандар мен бастықтар бірігіп, арнайы киіз үй тігіп, той жасады. Әртүрлі ойындар өткізіп, үлкен сый-құрметпен шығарып салды,-деп ағынан жарылды шахтер.

Өмірімнің жартысын жер астында өткіздім, енді қалғанын үстінде өткізсем деймін - ардагер шахтер

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шахтерлер күніне орай үздік бригадир деген атаққа ие болған кенші зейнетке шыққанда балаларының қасында болатынын айтты. 

Өмірімнің жартысы жердің астында өтті. Ендігі қалғанын жердің бетінде, балаларымның қасында, немерелерімнің жанында өткізсем деймін. Кенже ұлымды үйлендіріп, немере сүю - арман-мақсатым,- деп қорытындылады ардагер шахтер.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға