Өмірге құштар Холид

 Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Бұл – Холид Рустамов, 11 жаста. Оған Spina Bifida диагнозы қойылған. Арбада отырады. Әлеуметтік желі қолданушылары Холидпен жақсы таныс. Себебі өмірге құштар жігіттің талабы таудай. 3 сыныпта оқиды, бес спорт түрімен шұғылданады. Ата-анасының қолдауымен биіктерді бағындырып жүр.

«Ұлымның диагнозын жеңіл қабылдадым»

Холид – Түркістан облысының тумасы, үйдің ортаншысы. Өзінен үлкен ағасы, 8 жастағы қарындасы бар. Әкесі – электр маманы, екі жерде жұмыс істейді. Анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бұрын ресми жұмыс істегенімен, қазір қоғамдық қорда волонтер. Ата-анасы 10 айына дейін баладан ерекшелік байқамаған. Кейін дәрігерлер анығын айтып,  Астанада ем алуы керегін ескертеді. 2019 жылға дейін екі қаланың ортасында жүреді. Сол жылы елордаға қоныс аударады. Содан бері Холид мектеп табалдырығын аттап, түрлі спорт түрімен танысып, елдің ықыласына бөленіп үлгереді. Демалыс жайын құлағы шала қалса, туған жерге тартып кеткісі келетіні тағы бар.  

 Осы жиған деректі толықтыру мақсатында анасы Севара Жамашеваға хабарласып, кездесу күнін белгіледік. Сөйтіп, Холид ем алып жатқан Жансая әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бардық. Біз келгенде ЛФК маманы оны қабылдауға шақырып, жаттығуды бастады. 

Орталық мамандары әр балаға жеке көңіл бөліп, достасуға тырысады

9 рет ота жасалған

Холидтің жаттығуы біткенше, анасын әңгімеге тарттық. Севараның айтуынша, дәрігерлер бала дүниеге келмей тұрып-ақ, диагнозы бар екенін айтқан. Анасы өзін іштей дайындап, жеңіл қабылдауға тырысқан. 

Дәрігерлер әуелде бәрін ескертті. Холид туылғанда басының өлшемі, басқа да жағдайы  жақсы болды. Тек бел омыртқасында 4 см жарықшақ бар. Яғни, жұлын жарығы – Spina Bifida деп аталады. 4 см грыжаның кесірінен жүре алмайды. Белінен төмен әлсіз, бірақ  аяғын сезеді. Дәрігерлердің айтқанын жеңіл қабылдадым. Депрессияға түспедім. 2 жасқа дейін жүріп кетеді деп ойладым. Туылғаннан бері 9 рет ота жасалды. Беліндегі жарықты (грыжаны) жабу үшін екі рет,  жұлын ақауына екі рет ота жасалды. Басына  ота жасап, шунт аппаратын қойды. Бұл аппарат басқа жиналған суды нормада ұстайды. Бірақ 6 жасында аппарат үзіліп кетіп, қайта ота жасалды. Оң жақ жамбас ұршығы шығып кеткені тағы бар. Оған екі рет, қуығына екі-үш рет операция жасады. Жұлынында ақау болған соң,  үлкен-кіші дәретті сезбейді. Қуықта қалған зәрді катетермен шығарады. Егер бұлай істемесе, бүйрекке салмақ түседі. Сол үшін жылына бір рет урология бөлімінде ем қабылдап, тексеріледі, – дейді анасы. 

Суретте: Севара Жамашева
Суретте: анасы мен ұлы

Анасының айтуынша, оңалту орталығында алған емнің нәтижесі бар. ЛФК, нүктелі массаж, ине терапиясын алады. Үйлерінде де түрлі аппарат бар. Қазір Холид ходуноктың көмегімен жүреді. Орталықта та мамандар жиі жүргізуге тырысады. Одан бөлек, Севара осындай диагнозы бар ата-аналарға тегін консультация береді. Оларға жол көрсетіп, баланы дамытуға болатынын түсіндіреді. 

Маман түрлі жаттығу жасатып, аяққа салмақ түсіруді үйретеді
Холид барынша тыңдап, тапсырманы құлшына орындайды
Суретте: Холид жүруге талпынып жүр

«Орталық қызметкерлеріне ризамын»

Орталықта әр үш ай сайын, алты ай сайын ем аламыз. Оңалтуға әкелеміз, Жансая әлеуметтік қызмет көрсету орталығына  6 жасынан барады. Қызметкерлер күліп қарсы алады, әр мерекеде құттықтайды. ЛФК, массаж алады. Психолог пен дефектологтың қабылдауына кіріп, еңбек сабағына қатысады. Одан бөлек, әртүрлі іс-шара ұйымдастырады. Мысалы, аналарға  арнап концерт қояды. Алаңдамай ән тыңдауымыз үшін  әлеуметтік қызметкерлер балаға бас-көз болады. Оған қоса аптасына екі рет үйге келіп, баламен жұмыс істейді, – дейді Севара Жамашева. 

Суретте: Холид пен тренері жаттығу жасап жатыр
Қарапайым жаттығу сияқты көрінгенімен, табандылық керек

«Қашан аяққа тұрамын?»

Анасының айтуынша, Холид – қағілез бала. Адамдармен тез араласып, достасады. Көрген жанның есінде қалатыны анық . Бала өскен сайын жүруге талпынып, қатарына қосылғысы келеді. Бірде анасынан «мен қашан жүремін?» деп сұрайды. Сонда анасы 6 жасқа толғанда жүретінін айтып, жұбатады. Өзі алдына мақсат қойып, қайтсе де ұлын аяққа тұрғызудың амалын қарастырады. Астанаға қоныс аударып, орта табады. Spina Bifida қорының басшысы Арайлым Саматқызымен танысып, сол жерде жұмысқа тұрады. Аралықта Паралимпиада орталығына барып, 4,5 жастағы ұлын бочча секциясына жаздырады. 

Суретте: маман Холидті кезекті жаттығуға дайындап жатыр
Суретте: Холид жаттығудан шаршап, демалуға жайғасты

Дегенмен 6 жасқа келгенде жүрмеді. Өзі де «мама, 6 жасқа толдым ғой, неге жүрмедім?» деп сұрады. Сөйтіп, жағдайды түсіндіре бастадым. Қазір жүре алмайтынын ойлап, өзін шектемейді. «Алланың сынағы ғой» деп отырады. Бірақ сырттан біреу келіп, неге жүрмейтінін сұрап, мазалағанын ұнатпайды, – дейді анасы. 

ЛФК жаттығуы аяқталған соң, психологтың қабылдауына кірді. Бізге биыл Миланда өткен Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовпен кездесуге баратынын, толқып тұрғанын айтты. Сөйтті де, маманның тапсырмасын орындауға кірісті. Сыртынан қарап, бала көңілдің алып-ұшып тұрғанын байқап, сүйсіндік. 

Суретте: Холид досымен бірге шахмат ойнап жатыр

Ұлттық құрамаға ілігуді армандайтын ұл

Негізі, Холидпен кездесу осы жерден аяқталып, сенбі күні «Тарлан» мұзайдынында жолығуға уағдаласқанбыз. Бірақ чемпионмен жүздесер сәтін тамашалап, көңілін көтеруді қаладық. Осылайша, Паралимпиада орталығын бетке алдық. Уақытты құры жоғалтпай, жолай Холидті әңгімеге тарттық. 

Ербол Хамитовқа қоятын сұрағым бар. Сол үшін кездесуді тағатсыздана күтіп отырмын. Өзім 108 келешек мектебінде оқимын. Бұған дейін үш рет мектеп ауыстырдым. Мектеп жайлы, баспалдақ жоқ. Жеке тюторым бар. Ол кісі жұмысқа келмей қалса, не қолы тимесе, досым Әлен көмектеседі. Ылғи жанынан тастамай, ертіп жүреді. Асханаға да бірге барамыз. Дене шынықтыру мен қаржы сауаты пәнін сүйіп оқимын. Иә, ақша жинап жүрмін. Ойын компьютерін сатып алғым келеді. Маған пара хоккей мен бокс үйірмесі ұнайды. Қорғаушы позициясында ойнаймын. Жалпы, командалық спорт түрін ұнатамын. Матч кезіндегі аддреналин, бірлесіп жеткен жеңістің жөні бөлек. Осы кезге дейін есімде қалғаны – «Қайрат» клубының басшысы Қайрат Советайұлының берген сыйлығы. Бірде хоккей матчында кездескенімде менен «Овечкин ұнай ма?» деп сұрады. Қалай ұнамасын, кумирімнің атын естігенде қуанып кеттім. Сөйтіп, көп өтпей Қайрат аға Овечкиннің джерсиін сыйлады. Спорттағы кумирім – Мұхаммед Әли мен Овечкин. Ал ел ішінде Абат Айымбетов, Дастан Сәтпаев, Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырза ұнайды. Барлық спорттан хабарым бар. Өскенде пара хоккейден ұлттық құрамаға қабылдансам деймін, – дейді Холид Рустамов.   

Суретте: Холид кездесуге кешігіп келе жатқанына ренжіп отыр 

Жігерлі жігіт пен чемпионның жүздесуі

Орталық қызметкерлері қарсы алып, кездесу өтіп жатқан жерді көрсетті. Қызығы сол, жиналғандардың көпшілігі Холидті таниды екен. Алға шығарып, чемпионмен таныстырды. Ербол Хамитов та жас спортшыны қолдап, алтын медалін мойнына тақты. Сонда жұрттың қол соғып, қуанғанын көрсеңіз. Чемпионға сұрақ қоямын деп асығып келген оны спортшылар алақанына салды. Ербол Холидтің арқасынан қағып жатқанда, бір кісінің дауысы естілді. 

Суретте: Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовпен кездесу
Талайды тамсандырған сәт

Сен медаль алғанда осы бала әлеуметтік желідегі пікір қалдырып, саған рақметін айтқан. Біз сияқты ерекше балаларға үміт сыйлап жатқаныңа рақмет айтқанында толқып кеттім. Холид, сен де осы биікті бағындырасың, біз саған сенеміз, – деді. 

Көрермендердің арасында отырған анасы көзіне жас алып, сүйсіне қарады. Ыстық лебіздің артынша Мәжіліс Депутаты Қазыбек Иса орынан тұрып, «Хамитовтың салған жолын Холид жалғасын» дегенінде жиналғандар жаппай қол соқты. Осылайша, ерекше  кездесудің куәсі болдық. 

Суретте: Холид Рустамов Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовпен бірге
Холид ағасының айтқанын ұйып тыңдады

Кездесу аяқталған соң, Холидтің жанына барып, неге тосылып қалғанын сұрадық. 

Ербол ағадан қайтсем чемпион болатынымды сұрағым келді. Бірақ ол әр сөзінде төзім, психология, тынымсыз дайындық жеңістің кепілі екенін айтты. Осыдан-ақ өзіме керегін алдым. Енді осы жолда талмай еңбек етемін. Жақында мектепте мангала ойынын ойнауды үйретті.Тез қағып алдым. Күзде жарысқа қатысамын. Өткен жылы пара хоккейден Сочиде өткен фестивальге қатыстым. Биыл тағы барамын. Одан бұрын жазғы демалыста Түркістанға барып, лагерьде демалсам деймін. Өткен жылы үстел теннисін үйреніп қайтқанмын. Бос уақытымда достарыммен фишка ойнап, далаға шыққанды ұнатамын, – дейді ол. 

«Холидтің болашағынан үміт көп» 

11 жастағы баланың ересектерше әңгіме өрбіткеніне таңданып, үйге қайттық. Ертесі белгіленген уақытта «Тарлан» мұзайдынына келдік. Келсек, Севара ұлын жаттығуға дайындап жатыпты. 

Суретте: анасы ұлын жаттығуға дайындап жатыр

Сол аралықта пара хоккей федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабировпен сөйлестік. Балаларға арналған пара хоккей секциясы 2024 жылы желтоқсанда ашылады. Үйірмеге 10 бала қабылданады. Себебі Ресейдегі хоккей федерациясы 10 шана сыйлыққа береді. Сөйтіп, Холид та балалармен бірге жаттығуға кіріседі. 

Холид спорт философиясын бойына сіңіріп өскен бала. Үнемі алға ұмтылады. Үйренуге бейім. Қысқа мерзімде пара хоккейді үйреніп алды. Діттеген мақсатына жетпей қоймайды. Жеңіс үшін барын салады. Командада беделі бар. Тіпті, ұлттық құрама мүшелерімен амандасып, араласып жүреді. Болашақта Қазақстан чемпионы болатынына сенемін. Балалар хоккейіне жауапты маман Динара Бекжанова да Холидті мақтап отырады, – дейді ол. 

Суретте: бапкер Нұрлан Кенжин балалармен

«Хоккейге бейімі бар»

Пара хоккейден балалар жаттықтырушысы Дмитрий Бондаренко Ресейдегі оқуына бола екі апта демалыс алған екен. Осы аралықта балаларды хоккейден ұлттық құраманың екінші бапкері Нұрлан Кенжин жаттықтырып жүр. Бапкер де Холидтің таланты барын, болашағынан үміт күтетінін айтты. 

Холидтің пара хоккейге келгеніне бір жылдам астам уақыт болды. Бойында хоккейдің дағдысы бары бірден байқалады. Өседі, ет алады, сөйтіп бірнеше жылдың ішінде мықты ойыншыға айналады. Ұлттық құрамаға осындай талантты жігіттер керек. Сәрсенбі, сенбі,жексенбі күні ғана дайындыққа келеді. Біз аптасына бес рет дайындаламыз. Үш рет физикалық жаттығу жасасақ, екі рет мұзайдынында жаттығамыз. Бапкерлері Дмитрий Бондаренко өзі де пара спортшы болған соң, шанамен қалай сырғанап, қалай шайбаны тосып алу керегін жақсы т.үсіндіреді. Жігіттердің болашағына сенемін, – дейді бапкер Нұрлан Кенжин

Суретте: Холид бапкерімен бірге
Суретте: пара хоккейшілер ойынды бастады

«Демеуші таппай жүрміз»

 Пара хоккей федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабировтың айтуынша, биыл балалардан 36 өтінім түскен. Бірақ бәрін бірдей қабылдай алмайды. Өйткені қажетті құрал-жабдық тапшы. Демеуші іздеп көргенімен, әзірге ешкім көмектесуге келіспеген. Канададан алдыратын сапалы шананың бағасы  шамамен 250-300 мың теңге тұрады. 

Құрал-жабдықты бір түгендеп алсақ, 2-3 жылға жетеді. Мысалы, алда Холидтер басқа жас категориясына өтеді. Олардан қалған киімді кішкентайлар киеді. Сондықтан бір рет алынған инвентарь 5-6 жылға дейін қызмет етеді. Бір баланы маусымға дайындау үшін 600-700 мың теңге ақша керек. Оған форма, шана, клюшкасын сатып аламыз. Әзірге өтінім берген балаларды қабылдай алмаймыз. Демеуші іздеп жатырмыз. Бірталайына айттым, бірақ көмектесетін ешкім жоқ, – дейді ол. 

Суретте: Холид хоккей ойнап жүр

Бір байқағанымыз, Холидтің бос уақыты жоқ. Анасымен бірге түрлі үйірмеге қатысады, іс-шарадан қалмайды. Әлеуметке жақсы бейімделген. Қазір онлайн ағылшын тілі курсына қатысатыны тағы бар. Күн жылынса жүзуді қайта қолға алмақ. Пара каратэні де тастағысы жоқ. «Жас жауынгер» орталығына да барады. Анасының айтуынша, 7:30-да мектепке кеткеннен, кешкі 20:30-да үйді тауып келеді. Сағат 22:00-ге дейін үй тапсырмасын орындап, төсекке құлайды. Досы көп. Бәрімен бірдей тіл табысады. Бізбен де емен-жарқын араласып, демалыс күні болса да тағы бір орталықтағы жаттығуға кетті. Өмірге құштар ұлдың арманы орындалуын тілеп, қол бұлғап қала бердік. 

Оқи отырыңыз