Өмір сүруге ең қолайлы қалалар тізімі жарияланды
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Әлемнің қай қаласы өмір сүруге ең қолайлы? Бұл сұраққа жыл сайын Time Out басылымы жауап іздейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Арнайы сауалнамаға қатысқан 18 мыңнан астам тұрғын өз қалалары туралы ойымен бөлісіп, оның артықшылықтары мен әлсіз тұстарын атап өтеді. Бағалау өлшемдері сан қырлы: түнгі өмір мен гастрономиядан бастап, мәдениет, бақыт деңгейі, жасыл аймақтардың қолжетімділігі және жаяу жүруге ыңғайлылық секілді факторлар қамтылады.
Бұл деректерге қоса, Time Out сарапшыларының таңдауы ескеріліп, заманауи әрі жан-жақты рейтинг түзіледі. Соның нәтижесінде өмір сүруге де, саяхаттауға да қолайлы қалалардың нақты әрі сенімді тізімі жасалады. Бұл рейтингтің атықшылығы — ол құрғақ статистика ғана емес, адамдардың күнделікті тәжірибесіне сүйеніп, әлем қалаларының шынайы бейнесін көрсетеді.
Қаланың тартымдылығын анықтайтын факторлар әр дәуірде әртүрлі бағаланған. Бір кезеңде өнер мен сәулет басты орынға шықса, бүгінгі жастар үшін басымдық мүлде басқа қырлардан көрінуі мүмкін. Осыған байланысты биыл Z ұрпағының, яғни жиырмадан асқан жас буынның қалаларға деген көзқарасына ерекше назар аударылды.
Best Cities сауалнамасының нәтижелерін негізге алып, тек 30 жасқа дейінгі қатысушылардың жауаптарын сүзгіден өткізе отырып, әлемдегі жастарға ең қолайлы қалалардың арнайы рейтингі жасалды. Бұл тізім зумерлер еркін өмір сүріп, өзін толық таныта алатын, заманауи мәдениет пен өмір салты үйлескен қалаларды айқындайды.
Осылайша сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жастар үшін басты құндылықтар — қолжетімділік, серпінді түнгі өмір және жаңа адамдармен оңай танысу мүмкіндігі. Сонымен қатар, рейтингке енген көптеген қалалар әртүрлілік пен инклюзивтілікті қолдағаны үшін, өнер саласының дамығаны, жасыл аймақтардың молдығы және қоғамдық көліктің тиімділігі арқасында ерекшеленді.
Z ұрпағы үшін өмір сүруге ең қолайлы әлем қалаларының ресми тізімі.
Ең үздік қала — Бангкок (Таиланд)
Тай астанасы рейтингте көш бастады. Себебі Бангкок бақыт деңгейі бойынша да, қолжетімділік тұрғысынан да жоғары баға алды. Сауалнамаға қатысқан зумерлердің 84 пайызы бұл қалада өзін бақытты сезінетінін айтса, 71 пайызы Бангкокты өмір сүруге қолжетімді, қалтаға ыңғайлы қала деп бағалаған.
Сонымен қатар, Бангкок — жаңа таныстар табуға ең қолайлы орталардың бірі. Жергілікті Z ұрпағы өкілдері үшін достасу, жаңа ортаға бейімделу әлдеқайда жеңіл екені анықталды.

2. Мельбурн, Аустралия
Аустралияның мәдени астанасы рейтингте екінші орынға тұрақтады. Мұнда Z ұрпағының 77 пайызы қаланы әртүрлілікті және инклюзивтілікті қолдайтын орта деп бағалаған. Ал өнер мен мәдениет саласына келгенде, жастардың 96 пайызы Мельбурнды жоғары бағалап отыр.
Сонымен қатар, қала өмір сапасы бойынша да үздіктер қатарында. Сауалнамаға қатысқан жиырмадағы зумерлердің 91 пайызы Мельбурндегі өмірді «жақсы» немесе тіпті «керемет» деп сипаттаған.

3. Кейптаун, Оңтүстік Африка
Үшінші орынды жағалауда орналасқан Кейптаун иеленді. Мұнда Z ұрпағының 82 пайызы өздерін бақытты сезінетінін айтқан.
Қала ең алдымен табиғи сұлулығымен ерекшеленеді: сауалнамаға қатысқан жастардың 71 пайызы Кейптаунды «әсем қала» деп сипаттаған. Сондай-ақ, зумерлердің 76 пайызы үшін түнгі өмір — қалтаға қолжетімді, яғни барға барып, көңіл көтеру арзан. Ал 62 пайызы Кейптаунды өмір сүруге нағыз қызық пен серпінге толы қала деп бағалаған.

4. Нью-Йорк, АҚШ
Z ұрпағы үшін Нью-Йорк — нағыз «қызу тіршіліктің қаласы». Рейтингте ол ең «қызықты» қала ретінде ерекшеленді. Жастардың 82 пайызы Нью-Йоркті жаяу аралауға ыңғайлы деп санаса, 84 пайызы түнгі өмірін жоғары бағалаған.
«Ұйықтамайтын қала» атанған Нью-Йорк зумерлер үшін серпінді өмір салтымен, қадам басқан сайын жаңа мүмкіндіктер ұсынатын көшелерімен және күндіз-түні тоқтамайтын мәдени ағысымен тартымды.

5. Копенгаген, Дания
Копенгаген жақында «әлемдегі ең қолайлы қала» атағына ие болды, ал сауалнама нәтижелері бұл бағаның орынды екенін көрсетіп отыр. Дания астанасында Z ұрпағының 64 пайызы өздерін бақытты сезінетінін айтқан.
Қала сондай-ақ романтика жағынан да оң бағаланған: зумерлердің 54 пайызы мұнда махаббат табу жеңіл екенін атап өткен.
Экологияға бейімделген өмір салты, велосипед жолдарының дамуы және адамдарға ыңғайлы урбанистік орта Копенгагенді жастар үшін жайлы әрі тартымды қалаға айналдырады.

6. Барселона, Испания
Барселонада жиырмадағы жастардың 71 пайызы өздерін бақытты сезінетінін айтқан. Сонымен қатар, қала әртүрлілік пен инклюзивтілік бойынша да жоғары баға алды. Мұнда тұратын Z ұрпағының 77 пайызы Барселонаны ашық әрі инклюзивті қала деп сипаттайды.
Жерорта теңізінің жағасында орналасқан Барселона мәдениеті, архитектурасы және серпінді өмір салтымен зумерлер үшін тартымды орталыққа айналып отыр.

7. Эдинбург, Ұлыбритания
Эдинбург Z ұрпағына арналған сауалнамада бірнеше көрсеткіш бойынша көш бастады. Қала әсіресе жасыл аймақтар мен табиғатқа қолжетімділік тұрғысынан ең жоғары бағаға ие болды: мұнда тұратын жиырмадағы жастардың 95 пайызы Эдинбургті табиғатпен етене жақын қала деп сипаттаған.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге қолайлылық бойынша да үздіктер қатарында – зумерлердің 89 пайызы Эдинбургті жаяу аралауға ыңғайлы қала деп санайды.
Табиғатпен үйлескен тыныш өмір мен адамға ыңғайлы орта Эдинбургті жастар үшін ерекше тартымды етіп отыр.

8. Мехико, Мексика
Z ұрпағы үшін Мехико — ең көңілді қалалардың бірі. Сауалнамаға қатысқан жастардың 83 пайызы өздерін бұл қалада бақытты сезінетінін айтқан.
Сонымен қатар, Мехико қолжетімділік бойынша да жоғары бағаға ие болды. Бангкоктан кейінгі екінші орынға шыққан қалада жиырмадағы зумерлердің 69 пайызы өмір сүруді қалтаға тиімді деп бағалаған.
Мәдениеті бай, қымбат емес әрі серпінді Мехико жас буынға қолайлы мүмкіндіктер мен ерекше атмосфера ұсынып отыр.

9. Лондон, Ұлыбритания
Лондон өнер мен мәдениетке еркін қолжетімділігімен аты шыққан қала. Мұнда тұратын Z ұрпағының 96 пайызы мәдени ортаны жоғары бағалаған. Жастар үшін мұражайлар, галереялар мен түрлі мәдени шаралардың қолжетімділігі — қаланың басты артықшылығының бірі.
Сонымен қатар, Лондонның асханасы да ерекше бағаланды: сауалнамаға қатысқан зумерлердің 95 пайызы қаладағы тағам мәдениетін жоғары деңгейде деп сипаттаған.
Алайда, өмір сүру құны жағынан Лондон қолайлы қала санатына кірмейді. Жастардың небәрі 45 пайызы ғана оны қалтаға тиімді орын деп бағалаған.

10. Шанхай, Қытай
Жарқыраған шамдарымен танымал Шанхай заманауи мегаполис ретінде жоғары баға алды. Қалада қоғамдық көлік ерекше дамыған: сауалнамаға қатысқан Z ұрпағының 96 пайызы оны жоғары бағалаған. Сондай-ақ, жастардың 84 пайызы Шанхайда өзін бақытты сезінетінін айтқан.
Зумерлер үшін Шанхай ең алдымен заманауи қала ретінде сипатталған. Бұл да оның әлемдік рейтингтегі орнын айқындап тұр.

Рейтингтегі келесі қалалар
- Сидней, Аустралия
- Бейжің, Қытай
- Париж, Франция
- Токио, Жапония
- Берлин, Германия
- Севилья, Испания
- Чикаго, АҚШ
- Чиангмай, Таиланд
- Прага, Чехия
- Лиссабон, Португалия
Бұл қалалардың әрқайсысы Gen Z үшін өзіндік артықшылықтарымен ерекшеленеді: бірінде мәдениет пен өнер саласы дамыған, бірінде жасыл аймақтар мол, енді бірінде технологиялық инфрақұрылым мен қолжетімділік басты орынға шығады.

