©El.kz

Өмір сүру ұзақтығының деңгейі баяулаған – ғалымдар

Макс Планк демографиялық зерттеулер институтының ғалымдары анықтағандай, 1939 жылдан кейін туған ұрпақтар арасында өмір сүру ұзақтығының өсу қарқыны едәуір төмендеген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

PNAS басылымының дерегінше, зерттеушілер 23 дамыған елдің деректерін талдап, алты түрлі болжамдық әдісті қолданған. Нәтиже барлығында бірдей болды: өмір сүру ұзақтығының өсу қарқыны 37-52%-ға төмендеген.

XX ғасырдың алғашқы жартысында әрбір жаңа туған сәбидің өмір жасы орта есеппен жарты жылға ұзаратын болса, 1939-2000 жылдары дүниеге келгендер арасында бұл көрсеткіш небәрі 2,5-3,5 айға жеткен.

Мамандар мұның себебін былай деп түсіндіреді: өткен ғасырдың басында медицина балалар өлімін күрт азайтып, орташа өмір жасын айтарлықтай арттырды. Мәселен, 1900 жылы туғандар шамамен 62 жыл өмір сүрсе, 1938 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 жылға жетті. Ал бүгінде нәресте өлімі іс жүзінде жойылғанымен, қартайған шақтағы өлім-жітімді төмендету баяу жүріп жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай мемлекеттік зейнетақы жүйелерін және денсаулық сақтау стратегияларын қайта қарауды талап етеді.