©El.kz/Артем Чурсинов

Өмір сүру ұзақтығын арттыру: Бектенов нақты шараларды атады

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаты Айнұр Арғынбекованың сауалына берген жауабында Қазақстандағы геронтологиялық қызметтің дамуына қатысты мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Премьер-министрдің айтуынша, қазір елімізде 127 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді: оның 64-і ­– қалаларда, 63-і ауылдық аймақтарда орналасқан. 2024 жылдың алғашқы алты айында бұл орталықтар шамамен 650 мың қызмет көрсетіп, 3 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырған.

Бүгінде стационарлық үлгідегі 45 мемлекеттік мекемеде (қарттар үйлерінде) 3547 зейнеткер тұрып жатыр. Оның 58 пайызы – ер адамдар (2058), ал 42 пайызы – әйелдер (1489). Бұдан бөлек, қарттарға жартылай стациомнар және үйде қызмет көрсету түрлері де бар. Ел бойынша үй жағдайында әлеуметтік көмек көрсететін 134 бөлімше жұмыс істейді, олар 28 мыңнан аса жалғызбасты егде адамға көмек көрсетеді, – делінген Бектеновтің жауабында.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасқа жеткен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда сәл жоғары (75,09 жас).

Қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы – 76,14 жас, ал ауылдық жерлерде – 74,26 жас.

2024 жылы ең жоғары көрсеткіш Алматыда тіркелді – 78,78 жас.