Өмір сүру ұзақтығы бойынша көш басында тұрған қала анықталды
Астанада тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы елдегі ең жоғары көрсеткішке жетті. Ол республикадағы жоспарлы деңгейден 3,5 жылға, ал 2029 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен 2 жылға артық. Бұл туралы Finratings.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Төлеуова мәлімдеді.
Оның айтуынша, елордада бірқатар оң өзгеріс тіркелген. Атап айтқанда, туберкулезден қайтыс болу көрсеткіші 6,5%-ға азайса, инсульттан үй жағдайында көз жұму деңгейі ауруханадан шыққаннан кейінгі алғашқы айда 32%-ға төмендеген.
Сонымен қатар онкологиялық науқастарға көмек көрсету саласында ерте диагностикалау үлесі артып келеді: бүгінде қатерлі ісіктердің 34,6%-ы бастапқы кезеңде анықталады, бұл кезде ем тиімдірек болады.
Жедел жәрдем қызметінің де жұмысы жақсарған: қоңыраулардың 98,1%-ы 40 минут ішінде орындалады.
Медициналық саладағы жетістіктердің бірі – нәресте өлімінің азаюы. Туғаннан кейінгі туа біткен ақаулардан болатын жағдайлар екі есе қысқарып, 14-тен 8 жағдайға дейін азайды.
Бұдан бөлек, биылғы жылы инфекциялық аурулардан қайтыс болу деректері мүлдем тіркелмеген.

