Жаңалықтар

Өмір құны - донор

Өмір құны - донор
Фото: © Freepik.com 10.10.2024 18:30 87

«Мен – донормын.

Шипа болар қаным бар.

Қабылдаңдар, алыңдар.

Менің жылы қанымның

Қасиетін таныңдар.

Жоқ!

Ақшаға сатпаймын!

Аурулар алдында,

Борышымды ақтаймын.

Өмір беріп өзгеге,

Өмірімді сақтаймын!»        

Ақиық ақын Мұқағали осылай жырлапты. Иә, бүгінде ақын айтпақшы донор болуға қазақстандықтар бейіл емес. Ал елімізде 4 мыңнан астам науқас ағза ауыстыруға мұқтаж дейді статистика. Күні кеше 9 қазан – Дүниежүзілік донор күні аталып өтілді. Бұл күн әлемнің түкпір-түкпіріндегі қан донорларына құрмет көрсетуді, сондай-ақ, қоғамның қан тапсырудың маңыздылығын түсінуіне ықпал етуді мақсат етеді. Осы ретте ЕЛ.кз елдегі донорлық пен транспланттау жайлы сараптап көрдік.

Донор тарихы

Донор латын тілінен алғанда (donare латынша - сыйлау) «сыйлаушы» деген мағынаны білдіреді.Донордың тарихы біз ойлағаннан да әріде жатыр. Ол дәріптеу шыңына дейін көтеріліп, оны пайдалануға мемлекеттік тұрғыдан тыйым салғанға дейінгі бірталай кезеңнен өткен. Ежелгі заманда науқастарды емдеу үшін жануарлар қанын пайдаланған. Гомер бірнеше ғасыр бұрын құрбандыққа шалынған жануарлардың қанын пайдалануды сипаттаған. Көптеген жүз жылдықтар бойы қан – өмір жасын бірнеше жылға ұзартатын, ішілген қан жараланған кезде жоғалған қанның орнын толтыра алтын ғажайып сұйықтық деп түсінілді. Ал Гиппократ психикалық бұзылыстар бар науқастарға дені сау адамдардың қанын ішуді ұсынды.  Орта ғасырлар мен қайта жаңғыру дәуірінде қанды адам тамырына құюды пайдаланбаған. Адам ағзасындағы қан жылжуы туралы қалыптасқан түсініктің негізінде қанды құюға дұрыс теориялық негіздеме берілмей, оны практикалық тұрғыдан дұрыс пайдалану болмаған.

1616 жылы Уильям Гарвейдің қан айналымы заңың ашу – сұйықтықты тамыр ішіне, оның ішінде қанды құюдың алғы шарты болды. Гарвей қан айналым жүйесіне деген өз қөзқарасын алғаш рет 1616 жылы Лондонда оқыған дәріс үстінде мазмұндады. 1628 жылы ол «Жануарларда жүрек пен қанның жылжуы туралы анатомиялық зерттеу» деген жұмысын жариялады, мұнда ол 1500 жыл бойы болған Гален ілімін жоққа шығарып, қан айналым жүйсіне жаңа анықтама берді. Алайда, Гаврей ілімінде бір осал жер болды – ол қан артериядан көктамырға қалай баратынын көрсете алмады. 1665 жылы жануарлар қанын сәтті құюдың алғашқы тәжірибесін лондон анатомы Ричард Лоуэр жасады. Ол қанды итке құйды: мойын тамырынан қанды шығарып иттің жағдайын құрысуға дейін жеткізді, содан кейін оған басқа иттің қанын құйды. Бірнеше сағаттан кейін ит аяғына тұрып, қалыпты өмірін жалғстырды. Гемотрансфузия ілімі жанауарлардан алынған қанды құюдан басталды. Қан донорлары ретінде негізінен иттер мен қойлар пайдаланылды. Дені сау және науқас адамдарға құйылған жануарлар қаны көптеген, оның ішінде өліммен аяқталған асқынуларға ұшықтырды.

Қанды жануардан адамға алғаш құюды математика, философия және Сорбонна медицинасының профессоры және француз ғалымы Жан Батист Дени жасады. Ричард Лоуэрдің материалдарымен танысып, ол 1665 жылы иттермен жасалған тәжірибені қайталап, 1667 жылғы 15 маусымда безгек ауруымен шалдыққан науқасқа ұйқы күре тамырдан тікелей қол көктамырына 250 милилитр қозы қанын құйды. Алайда, кезекті науқасқа жасалған төртінші трансфузия 2 айдан кейін өліммен аяқталды, бұл өз кезегінде белгілі тарихи салдарға әкелді – 1668 жылы Франция депутаттарының палатасы қанды жануарлардан адамға құюға заң түрінде тыйым салады. Ұқсас тыйымды Британиялық парламент та салды. 1818 жылы белгілі британиялық дәрігер және физиолог Джеймс Бланделл лондондық медициналық-хирургиялық қауымдастықтың отырысында қанды адамнан адамға құю туралы баяндама жасаған кезде гемотрансфузияларға деген сенімділік өз орнына келді. 1818 жылдар шамасында ол иттермен эксперементтер сериясын жүргізді, ал одан кейін акушериялық қан кетуде 4 сәтті гемотрансфузия жасады. Бірақ бұл сәттілік 50% да 50% – гемотрансфузияға қарамастан, соның да салдарынан болуы мүмкін басқа 4 әйел осы шарадан кейін көз жұмды.

Бланделл өз зерттеулерін жалғастырды, осы әдістің артықшылықтары мен кемшіліктерін белгіледі және гемотрансфузия технологиясын жасады. Оның алғашқы гемотрансфузиялары венесекция арқылы шприцпен жасалынған. Одан соң ол қанды қысым астында құюға арналған екі аппарат жасады. Бақылаудың 4 түрін: науқастың жалпы жай-күйін, алынған қанның көлемі, құюдың үздіксіздігі және жүрек жұмысының жағдайын қамтитын трансфузия техникасын бақылау дәрігердің басты міндеті болып табылады – деп Бланделл жазған.

Ресейде босандыру кезінде болатын жаппай қан кетудегі алғашқы сәтті қан құюды 1832 жылғы 20 сәуірде Санкт-Петербург қаласының Обухово ауруханасында акушер Андрей Вольф жүргізді. Алайда, ХХ ғасырдың басына дейін донорларды эмпирикалық іріктеу қан құюды өте қауіпті шара етті. Қанды құюмен бірге түрлі сұйықтықтарды венашілік құю бойынша зерттеулер де жүргізілді. Осылайша, 19 ғасырдың 30-шы жылдарының басында ағылшын дәрігері Томас Лэтта “Lancet” журналында тырысқақты сода ерітіндісін вена ішіне құю арқылы емдеу туралы өз жұмысын жариялады. 1873 – 1881 жылдар аралығында американдық дәрігерлер американдық дәрігерлер науқастарға сүт те құйған, бірақ мұндайда жанама реакциялар өте жиі орын алған.

1901 жылы Вена қаласының Патологиялық анатомия университетінің қызметкері К.Ландштейнер 22 адамның эритроциттері мен сарысуының өзара іс-қимылына зерттеу нәтижелерін жария етіп, қанның үш тобы О, А және В бар екенін ашты (1930 жылы Нобель сыйлығын алды). Бұдан кейін, 1902 жылы К.Ландштейнердің университеттегі әріптестері Альфред Декастелло және Адриано Стурли қанның АВ төртінші тобын сипаттады. Қан топтарын есепке ала отырып, әлемдегі ең алғаш трансфузияны 1907 жылы американдық хирург Джордж Крайль (үйлесімді қанның 61 құюын жасады) жүргізді. Сол жылы Гектоэн қан үйлеспеуінің алдын алу үшін донор және реципиент қанының арасындағы алғаш айқас реакцияны жасады. Ресейде қан тобын ескере отырып, алғаш қан құюды 1919 жылғы 23 маусымда Әскери-медициналық академиясының хирургия факультетінің клиникасында (Санкт-Петербург қаласы) Владимир Шамов жүргізді. Донор ағзасынан алғаннан кейін қан ұюын болдырмау – шешуді талап еткен қан құюдың келесі проблемасы болды.

Оның шет жағын 1821 жылы француз химиктері Жан-Луи Прево және Жан-Батист Дюма шешкен. Олар фибринді алғаннан кейін қан сұйық түрінде қала беретінін анықтады. Осылайша бірнеше тарихи кезеңдерді бастан өткерген донор ғылымы ақырында 1999 жылы Еуропада және Америкада донор қанындағы ЖИТС және С гепатитінің генетикалық вирус материалын (NAT) тікелей анықтау технологиялары енгізілді. 2001 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шаралар валидациясын қосқанда плазмадағы патогендерді инактивациялау ережелерін мақұлдады, ал 2003 жылдан бастап патогендерді инактивациялау шарасын Еуропа Кеңесі «Қан компоненттерін дайындау, пайдалану және сапасына кепілдік беру жөніндегі нұсқаулықта» ұсынды. 2007 жылы Канадада патогендерді инактивациялау бойынша Жаһандық консенсус-конференция өтті, мұнда қан қызметіне қайтадан пайда болатын гемотрансмиссиялық инфекциялардан қорғаныс ретінде қан компоненттеріндегі патогендер редукциясы технологияларын енгізуді ұсынылды. Қазіргі таңда қан қызметі трансфузиялық көмектің сапасын, қауіпсіздігін және қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық сақтаудың динамикалық түрде дамып келе жатқан секторы болып табылады.

Қазақстандағы жағдай  

Донор тапшылығы – әлемдегі өзекті мәселенің бірі. Жыл са¬йын кезегін күтіп, донор жетіс¬пеушілігінен қайтыс болатын нау¬қастардың да қатары артпаса, кеміген емес. Әлем бойынша орган донорлығы мен трансплантация жөнінен көш бастап тұрған Испания мен Хорватия елдерінде трансплантацияның шамамен 85 пайызы қайтыс болған донордан жасалады. Ал АҚШ, Еуропа елдерінде мәйіттік донордан ағза алмастыру отасы 50 жылдан астам уақыттан бері жасалып жатыр. АҚШ-та жастар 16 жаста жүргізу куәлігін алғаннан кейін донорлық туралы сұраққа жауап береді, өздігінен шешім қабылдайды. Халықтың  95 пайыз мәйіттік донор болуға келісім береді. Ал Қазақстандағы көрсеткішке келсек, 93 пайыз трансплантация тірі донордан, қалған 7 пайызы ғана мәйіттік донордан жасалады екен. Мамандардың айтуынша, біздегі көрсеткіштің төмен болуына себеп болып отырған негізгі фактор – қоғамдық сана. Сондықтан халыққа дұрыс ақпарат беріп, насихаттау маңызды. Қазақстанда транплантация жасалып жатқанына 10 жылдай болды. Ал бізде мәйіттік донор, яғни өлімнен кейін донор болу көрсеткіші өте төмен. Өйткені халық бұған әлі дайын емес. Транплантация – қоғамның көзқарасына тәуелді болып отырған медицинаның жалғыз саласы.

Жалпы, Қазақстанда бақилық болған адамның ағзаларын трансплантациялау әдісі 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Былтыр елімізде тірі адамдардан ағза алуға қатысты 215 ота, марқұм болғандардан 15 ота жасалды. Өкінішке қарай, елімізде донор болғысы келетін адамдар аз. Тіпті жоқтың қасы деп айтуға болады. Жылына шамамен 100-ге жуық ғана операция жасалады. Ал қалған науқастар кезек күтуге мәжбүр. Ал кезектің қашан келері белгісіз. Ресми статистика бойынша жыл сайын донорға мұқтаж адамдардың 10 пайызы көз жұмады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, науқастардың басым бөлігі бүйрекке зәру. Оның ішінде 3 мың 661-і ересек адам, 85-і бала. Бауырға 180 ересек пен 10 бала мұқтаж. 20 ересек қазақстандық өкпесін ауыстыру бойынша, ал жүрек бойынша 136 ересек пен 5 бала күту парағында тұр.

Сондай-ақ жүрек-өкпе кешеніне 4 ересек пен 2 бала мұқтаж. Кейінгі кезде мәйіттік донор бойынша нәтижелер жақсарып келеді. Соның ішінде қайтыс болған бес адамның ағзасы 19 адамның өмірін сақтап қалды.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, еліміздің әр азаматы қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала келісім беріп немесе бас тарта алады. Ол үшін eGov.kz порталында «транспланттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығын тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызмет енгізілген. Әр азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп таңдау жасай алады. Өкініштісі сол, тұрғындар бұл мәселеде де белсенді емес. Бүгінде базаға өте аз адам тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен елімізде 40 донорлық аурухана жұмыс істейді.

Елімізде бір мәйіттік донордан бес ағзаға трансплантация жасалынады: екі бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және көздің мөлдір қабаты. Ота тегін жасалып, қажетті дәрі-дәрмек беріледі.

Мәйіт донорлығы мардымсыз күйде

Елде туыстық трансплантация дамығанымен, оның да өзіндік күрделі тұстары бар. Яғни, тірі адамның мүшесін өзгеге салу процесі қиындық тудырады. Ал шет елдерде бауыр мен бүйректі мұқтаж жандарға мәйіттен алады. Мұндай мәйіттік донор 5 адамның өмірін сақтайды. Иә, елімізде 16 стационар мәйіттік донорлықпен айналысады. Өкінішке қарай, реципиенттердің дені бүйрек жетіспеушілігіне ұшыраған. Оның 90%-іне тірі туысының ағзасы салынады. Ал өзге елдерде, керісінше, мұқтаж жандардың ғұмырын мәйіттік донор құтқарады. Заң да осыны талап етеді. Бір адам 5-8 науқасқа ғұмыр сыйлай алады екен.

Биылғы жыл басынан бері Қазақстанда 5 адам қайтыс болғаннан кейін донор болып, 19 адамның өмірін сақтап қалды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 6 782 қазақстандық қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Әр түрлі аймақтарда 5 адам донор болған.

ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық 2024 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 4103 науқас ағзаға мұқтаж екенін хабарлады. Оның ішінде бүйрекке 3661 ересек, 85 бала, бауырға – 180 ересек, 10 бала, өкпеге – 20 ересек, жүрекке – 136 ересек, 5 бала және жүрек-өкпе кешеніне 4 ересек пен 2 бала мұқтаж.

Ағзаларды трансплантациялау кез келген адамға, ересек адамға да, балаға да қажет болуы мүмкін. Көптеген аурулар адам ағзасының жұмысын тоқтатуына және оны трансплантациялау қажеттілігіне әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантацияланады.

Бүгінде елімізде 40 ұйым ғана донорларды анықтай алады. Тағы бірнеше зертхананың донор мен ағзаны қабылдаушы адам арасындағы өзара сәйкестікті анықтай алатын құзыреті мен мүмкіндігі бар. Ал отаның өзін тек 8 орталық жасайды. Заңға сәйкес, миының жұмысы тоқтаған, 18 жастан асқан азаматтар ғана донор бола алады. Бірақ ол көзі тірісінің өзінде электронды үкімет порталы арқылы донорлыққа келісім бергенімен, ол о дүниеге аттанған соң туыстары қарсылық білдірсе, донор бола алмайды. Жақын адамдарының пікірі екіге жарылса да ағза алмастыру отасы жасалмайды.

Мамандар халық арасында мәйіт¬тік донорға рұқсат берсе, қайтыс болған¬дардың мүрдесін жаппай сояды екен деген түсінік қалыптасқанына қын¬жылады. Қоғамға түсіндіру жұмысын жүр¬гізу қажеттігі туындап отыр. Мәйіттік донор дегенде негізінен бас ми өлімі тіркелген марқұмның ғана органдары трансплантацияға жарайтынын жалпақ жұрт түсінсе дейді мамандар.

Негізінде Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығында клиника әкімшілігінің сөздері бойынша, әлеуетті донорлармен арнайы этикалық комиссия жұмыс жасайды. Оның құрамына әр түрлі мамандар кіреді, олардың ішінде, донорлардың және пациенттердің жеке мәліметтерін тексеретін заңгерлер. Егер донор пациентпен туысқандығын мәлімдесе, осындай туысқандық дәрежесін анықтап, барлық ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығын айқындайды. Әлеуетті донорлар әр түрлі мамандардан өтеді.

Донор болу үшін негізгі шарттар

Тіріден тіріге немесе өліден тіріге ағзаны ауыстыру үшін мынандай шарттар толық болуы тиіс:

  1. Тірі адамның ағза мүшесін екінші бір тірі адамға ауыстыру шарттары:

1) Аса қажеттілік, зәрулік болса. Яғни, сенімді, әділ медицина мамандарының шешімімен науқас адамды ауруынан айықтырудың жалғыз жолы – трансплантация жасау болған жағдайда. Сондай-ақ, ағзасын беруші балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, ерікті болуы шарт.

2) Ағзаны өзгеге салу отасы сәтті әрі толықтай пайдалы болатынына толықтай көз жетсе. Яғни, бос қинау болмауы керек. Өйткені, кейбір денелер басқа дене мүшелерді қабылдамауы ықтимал.

3) Донардың ағзасын алу отасы оған ешқандай зиян жеткізбейтініне немесе оның ертеңгі өмір тіршілігіне кері әсерін тигізбейтіндігіне медицина мамандарының нақты тұжырымдары болуы тиі. Өйткені, науқастың мүддесі ағзасын беруші адамның мүддесінен жоғары тұрмайды.

4) Бұл амал ешқандай материалдық немесе рухани қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс. Яғни, ағзаны сату, пайда табу мақсатында берілмеуі тиіс. 

5) Ең кемі үш адамнан (медицина маманы) құрылған әділ, сенімді әрі осы ота жасау арқылы пайда табуды көздемейтін коммиссия ота жасалмастан алдын осы емдеу жолының реципиентке (ағза мүшелері ауыстырылып жатқан адамға) нақты пайдасы тиетінін және келешекте донордың (ағзаны берушіге) денсаулығына, өміріне зиян тимейтіні жайлы жазбаша түрде нақты шешім шығарып, оны донор мен науқасқа  беруі шарт.

6) Ауыстырылатын ағза ұрпақ тарату жүйесіне (жыныстық мүшелерге)  байланысты болмауы шарт.

Бүйрек саудасын заңдастыру керек пе?

Өткен жылы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова бүйрек саудасын заңдастыру туралы ұсыныс айтты. Бүгінде кезекте тұрған науқастардың 91 пайызы бүйрек ауыстыруды қажет ететінін тілге тиек еткен ол бүйрек жетіспеушілігін жоюдың төте жолы ағза саудасына заңмен рұқсат беру деді. «Иран мен Пәкістанда бүйректі сату заңды және реттеледі. Онда орташа бағасы – 5-6 мың доллар. Қазақстанда органдарды сату туралы бейресми хабарландыруларды да кездестіруге болады. Неге шетелдің осы саладағы тәжірибесін және біздегі жағдайды шешу мүмкіндігін қарастырмасқа?!», – деді Гүлдара Нұрымова.

Депутаттың сөзінше, қазір қолданыстағы заң донорды таңдауда генетикалық, отбасылық қарым-қатынасқа қарайды. Бірақ көбіне туыстарының ағзасы сәйкес келе бермейді. Саланың дамуын тежеп тұрған – осы. «Бөтен адам беруге дайын, бірақ оған заң рұқсат етпейді. Осыған байланысты материалдық өтемақыға ерікті негізде туыс емес донорлардың және қайтыс болған донорлардың бүйрегін беруге рұқсат ету мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын», – деді депутат.

"Макс пен Кира" заңы

Ұлыбританияда Міндетті ағза донорлығы туралы заң жыл сайын мыңдаған адамды ажалдан арашалап келеді. Құжатқа сәйкес 18 жастан асқан азаматтардың ағзасы тірі кезінде өзі тыйым салмаса, өмірден өткеннен кейін автоматты түрде мұқтаж жандарға беріледі. Кира Болл 9 жасында көлік апатынан қайтыс болды. Ата-анасы қайғы жұтып қиналса да қызының ағзасын бірнеше адамға бөліп беруге келіскен. Кираның ата-анасы: - Кираны жоғалтып алғанымыз өте өкінішті. Оны аман алып қалу мүмкін болмады. Бірақ қызым 4 адамға өмір сыйлады. Егер қызымның таңдау мүмкіндігі болса, ол келісер еді дедік. Өйткені Кира табиғатынан өте мейірімді жан еді. Өмірін сақтап қалғандардың арасында 9 жастағы Макс Джонсон да бар. Вирустық инфекциядан кейін жүрек талмасына душар болған бала донордың арқасында қазір дін-аман. 

Бұл оқиға Міндетті ағза донорлығы туралы заңның қабылдануына түрткі болды. Премьер-министр бастама көтеріп, маңызды құжатқа қол қойылды. Ол «Макс пен Кира» заңы деп атады. Содан бері кенеттен қайтыс болған адамның бүйрегі, жүрегі, өкпе-бауыры туысқандарының рұқсатынсыз мұқтаждарға беріліп жүр. Егер адам тірі кезінде қарсылығын онлайн білдіріп кетпесе, әрине.

Статистикаға сәйкес өткен жылы бұл елде 4 жарым мыңға жуық науқас тірі немесе қайтыс болған донордың ағзасын пайдаланып, аман қалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес пайызға көп. Дейтұрғанымен, трансплантацияны сарыла күтіп жүрген 7 мыңдай адам әлі де бар. Былтыр 400-ден астамының кезегі жетпей қайтыс болыпты.

Түйін: Қазіргі заманда трансплантология ең көп сұранысқа ие жоғары технологиялық медициналық көмектің түрі. Себебі бұл науқастың өмірін сақтап қана қоймай, оның өміріне едәуір өзгеріс әкеледі. Жағдайды қиындатып отырған басты себеп – донорлық органдардың тапшылығы. Ендеше, өз таңдауыңыз арқылы көптеген өмірді құтқаруға болатынын естен шығармағаныңыз жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға