El.kz Артем ЧУРСИНОВ

«Өмір – қазына»: қазақ әйелінің тағдыры би тілінде баяндалды

Елордада қазақ мәдениетінің түп тамырын би, музыка және дәстүр арқылы тоғыстырған «Birlik» ансамблінің «Өмір – қазына» атты хореографиялық спектакль-концерті көрерменге әйел жанының туған сәтінен мәңгілікке дейінгі рухани сапарын көркем өрнекпен ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қойылым көрерменді қазақтың салт-дәстүрі мен дүниетанымын терең көрсететін көркем сахналық жоба.

«Өмір – қазына» – қазақ мәдениетіндегі әйел бейнесін философиялық тұрғыда ашатын сахналық туынды. Қойылымда басты кейіпкердің өмір жолы би мен музыка арқылы бейнеленіп, оның туған сәтінен бастап өмірдің әр кезеңінен өтіп, мәңгілікке жалғасатын рухани сапары көрсетілді.

Сахнада көрермен қазақ дәстүріндегі маңызды кезеңдердің көркем бейнесін тамашалай алды. Атап айтқанда, дүниеге келу, ана батасы мен Ұмай ананың қорғауы, жаңа өмірдің басталуын білдіретін шілдехана, бойжеткеннің жаңа өмірге қадам басуы, сондай-ақ адам өмірінің соңғы кезеңін бейнелейтін жоқтау рәсімі арқылы ұрпақ сабақтастығы мен мәңгілік идеясы көркем жеткізілді.

Концерттік бағдарламада «Жарысқазан», «Дүниеге келу», «Шілдехана», «Сәукеле. Қалыңдық. Қыз жасауы», «Қыз ұзату», «Той. Беташар», «Май құю», «Сәлем салу», «Аққу», «Аманат», «Жер-Ана», «Дүниеге келу», «Махаббат сахнасы», «Құда түсу», «Сәукеле. Қалыңдық. Қыз жасауы», «Қоштасу. Аққу», «Мәңгілік», «Жас дәурен. Түлкі мен бүркіттің аң аулауы», «Алтыбақан, народные гуляния» сияқты тағы басқа хореографиялық композициялар ұсынылды.

Қойылым барысында сахнада Astana Sazy қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі жанды музыкалық сүйемелдеу жасайды. Сонымен қатар этно-фольклорлық Жошы ансамблі мен Аstana musical мемлекеттік театрының әртістері де өнер көрсетті.

Қойылым бірнеше өнер иесінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде сахналанған. Жобаның идеясы мен сценарийі «Қазына» салт-дәстүрлер жинағының авторы Ақмарал Мағауияқызы тарапынан ұсынылған.

Ақмарал Мағауияқызы бұл жоба өзінің еңбегіндегі идеяларға негізделгенін атап өтті.

Менің кітабымда адамның туғанынан бастап өмірінің соңғы сәтіне дейінгі қазақтың салт-дәстүрлері жазылған. Сол идея негізінде Әнел Марабаевамен бірге кітаптағы дәстүрлерді би, ән, ұлттық аспаптар және сахналық көріністер арқылы көрерменге жеткізуді мақсат еттік. Ансамбльдің басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, жастарға оның мәнін түсіндіру, – дейді автор.

Қойылым продюсері Гауһар Ықылас бұл спектакльдің негізгі идеясы – ұрпаққа дәстүрдің мәнін жеткізу екенін айтады.

Бұл спектакль әйел жанының рухани саяхаты туралы. Онда кейіпкердің туған сәтінен бастап мәңгілікке дейінгі жолы көрсетіледі. Қойылым арқылы біз дәстүр мен мәдениетті ұрпаққа жеткізу – мәңгілік өмірдің жалғасы екенін көрсеткіміз келді. Сондықтан спектакльдің мәдени және рухани құндылығы ерекше, – дейді ол.

Айта кетейік, «BIRLIK» ансамблі екі жыл бұрын құрылған. Ұжым әлем халықтарының билерін кәсіби деңгейде орындап қана қоймай, қазақ мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауды мақсат етеді.

Бүгінде ансамбль халықаралық мәдени шараларға қатысып, елімізге келген шетелдік делегациялар мен мемлекет басшыларын қарсы алу рәсімдерінде де өнер көрсетіп жүр.