Жаңалықтар

«Өмір бойына соттау керек». Депутат отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңды күшейтуді ұсынды

«Өмір бойына соттау керек». Депутат отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңды күшейтуді ұсынды
Фото: t.me/mazhilis_kz 15.11.2023 13:41 1620

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әйелі мен баласына қорлық көрсеткендерді қатаң жазалайтын заңды тез арада қабылдау керегін ұсынды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутат өз сөзінде экс шенеунік Қуандық Бишімбаевтың қылмысын мысалға келтірді.

Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс шенеунік өз әйелін өлтірді деген күдікпен жантүршігерлік ашық ақпараттардан қоғам дүрбелеңге түсті. Отбасылық зорлық-зомбылық, қатігездікке шыдамаған әйелдердің жан дауысын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек, сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл мызғымас қағида» деп үнемі заңның үстемдігіне, тәртіпке басымдық береді. Заңға бағыну және тәртіпті орнату бұл президент айқындаған құқықтық, қауіпсіз, әділетті қоғам құрудың жалғыз жолы. Заңдылық пен тәртіптік қағидатты орнату әрине, балаларға қарсы қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестен бастау алады», - деді мәжілісмен

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, елімізде 2020 жылдан бері бұл салада жүйелі шаралар қабылданып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда хаттама жасау үшін қазір куәгерлердің айғақтарына бейне бақылауға сүйене отырып, зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша жәбірленушінің арызынсыз іс қозғау қарастырылған.

Мемлекет басшысы «отбасын ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын» деген болатын. Аманат партиясы фракциясы қыркүйекте осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заң жобасын шұғыл түрде әзірледі. Заң тұжырымдамасында түзетулер зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тану, педофильдерге өмір бойына бас бостандығына айыру жазасын кесу. Жалпы жаза мен жауапкершілікті күшейту тетіктерін қарастырады. Өкініштісі сол түсініксіз себептермен заң әлі мәжіліске енген жоқ», - деді Сүлейменова.

Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеулеріне сүйенсек, 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың тек 40 пайызы сотқа дейін жеткен. Ал олардың 39 пайызы 2 сағаттан 3 тәулікке дейінгі әкімшілік жазамен құтылып кеткен.

Депутат осы мәселеге байланысты бірқатар ұсыныс айтты.

Әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмауы үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық қылмыс деп танылуы керек. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап, өлтіруге хақы жоқ. Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз. Заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алатын, қатаң шаралар қабылдайтын, жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті. Үкіметтің әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, сонымен қатар ажырасқан әйелдерге алиментті уақытылы төлеуге бағытталған нақты механизмдерді айқындайтын мемлекеттік саясатты бекітуді сұраймыз, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға